МӘСКЕУДЕГІ БОКС МЕРЕКЕСІ

Қазақстандық бокс маманы Ресейде өткен «Халықаралық бокс күніне» қатысып қайтты

Бокс – миллиондардың сүйікті спорты. Осынау жекпе-жек түрі бүгінде жүздеп дамыған жеке спорт түрлерінің бастауы десе болғандай. Бокс азаматтың бойында арманды, төзімділік пен ішкі тәртіпті, мақсат пен алға ұмтылысты және патриотизмді тәрбиелейтін спорт. Әлем спортшысы, «Ғасыр боксшысы» Мұхаммед Әли «Әрбір таңды қарсы алу үшін сенде арман болу керек» деген екен. Бойына жоғарыда айтылған бар қасиетті жиған ұлы спортшының арманы да асқақ болды. Ол арманына жетті және миллиондарға үлгі болды.

Бүгінде миллиондардың жүрегін баура­ған бокс әлемдік деңгейде дамуда. Спорт­тың халықаралық күнтізбесінде 22 шілде «Халықаралық бокс күні» болып белгі­ленген. Биыл «Халық­ара­лық бокс күні» Ресей астанасы Мәс­кеуде аталып өтті.

Жалпы, жекпе-жек жұдырықтасу тарихы ерте заманда жатыр. Мәліметтер біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мың­жылдыққа жататын шумер, египет, минай рельефтерінде жатыр. Тіпті, біздің дәуі­рімізге дейінгі екінші мың­жылдыққа тән көнемысырлық тас таңбада (рельеф) жұды­рықтасушы­лармен қатар, көрермендер де бедер­ленген. Жұдырық жекпе-жегі, сондай-ақ Веда, Рамая сияқты көне үндіс жазбаларында кездеседі.

Ал спорттық жекпе-жек түрі болып, бокс біздің дәуірімізге дейінгі 688 жыл­дан, антикалық Олимпиада ойындары кезінен есептеледі.

Бүгінгі бокс болса ХVІІ ғасыр басында Англиядан бастау алып, 1920 жылы Олимпиадалық спорт түрі болып танылды. Әліге дейін бокста француз боксы (Фран­ция), Летхвей, Муай тай (Тайланд) деп бөлінетіндер де бар.

Халықаралық әуесқой бокс ассоциа­циясы (АІВА) күнтізбесіне енген Халық­аралық бокс күні биыл 21-22 шілде күндері Мәскеуде өтті. Бокс мерекесінің бағдар­ламасына бокс шоуы, үлкен концерт, атақты боксшылармен ашық жаттығу, т.б. кірді. Мәскеу халқы мен қонақтары таңер­теңнен кең көлемді мерекені тамашалады.

Салтанатты шара Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Белгісіз сол­дат» монументіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Тағзым етушілер колонна­сының басында бокстан үш Олимпиа­даның (Рим, 1960 ж. – қола, Токио, 1964 ж. – алтын, Мехико, 1968 ж. – алтын) жүлдегері Борис Лагутин, Олимпиада чемпионы (1960 ж.), үш мәрте Еуропа чем­пионы Олег Гри­горьев,  бокс арда­герлері, Ресей бокс феде­рациясының басшылығы, әр мемлекеттен келген құрметті қонақтар болды.

Бокс мерекесінің бірінші күнінің керемет көрінісі Олимпиада чем­пион­дары – Олег Саитов, Алексей Тищенко, Рахим Чахкиев, т.б. жетекшілігімен өткен бұқа­ралық ашық жаттығулар болды. Рингте бокс ардагерлері, аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Николай Валуев, олим­пиада чемпионы Евгений Тищенко, әлемнің бұрынғы абсолюттік чемпионы кіші Рой Джонс, т.б. өнер көрсетіп, шебер­лік сабақтарын өткізді.

Бокс мерекесіне Гиннес рекордтар кітабына кіретіндей халық жиналды, яғни шараны 4273 адам тамашалады.

22 шілде күні Қызыл алаң қонақ­та­рын кереметтей бокс кеші күтіп тұрды. Бокс кешінде бірнеше кездесу өтті.

Күннің басты жекпе-жегі Бүкіл­әлемдік Интернационал бокс ассоциа­циясы (WBO) чемпионы Федор Чудин мен аргентиналық Эзеньел Мадена арасындағы кездесу болды. Чудинов 10 раундта техни­калық нокаутпен жеңіске жетті. Кештің келесі кездесуі WBA Asіa чемпионы және Ресей чемпионы атақтары үшін өтті. Орта салмақта Магомед Мадиев Евгений Терентьевтен басым болды. Жартылай орта салмақта Ислам Едисултанов Вагинан Темразян­ды жеңіп, Ресей чемпионы атанды.

Бокс кешінде «Бокс жұлдызы» сый­лығын тапсыру рәсімі де өтті. Лауреат­тар боп бұрынғы әлем чемпионы Мурат Гассиев, жартылай ауыр салмақ­тағы ІBF чемпионы Артур Бетербиев, WBA тұжы­рымдамасындағы әлем чемпионы Дмитрий Бивал танылды. Мәскеу, «Қызыл алаң­дағы» тамаша бокс мере­кесі эстрада жұл­дыз­дарының концерті және отшашумен аяқталды.

«Халықаралық бокс күні» мере­кесіне Қазақстан өкілі ретінде қатысқан біз өз тарапымыздан тамаша мереке ұйым­­дастырғаны үшін РФ Бокс феде­рациясы басшылығы: Ресей бокс федера­циясы Жоғарғы бақылау кеңесі төрағасы Алексей Рубежныйға, бас хатшы Умар Крейлевке, бас хатшының орынбасары Татьяна Кириенкоға алғыс айтамыз.

 

Қасым МӘУЛЕНОВ,

заң ғылымының докторы, профессор, ғылым саласындағы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақстан бокс федерациясы атқару комитетінің мүшесі. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *