МӘСКЕУ МЕН ПХЕНЬЯН ҚАТЫНАСЫ

халықаралық саясатқа әсер ете ме?

Бүгінгідей күрделілеу геосаясат жағдайында әлем жұртшылығы Ресей мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасына жәйдан-жәй мән беріп отырған жоқ. Екеуінің экономикалық әлеуеттері әлсіздеу болғанымен, әлдекімдердің қорқыныш пен үрейін туғызатындай қуатты ядролық қарулары бар. Сондықтан басқаны айтпағанда, бұлармен алпауыт АҚШ пен едірең Еуропаның өзі санасуға мәжбүр.

Кешегі сәрсенбіде басталған КХДР (Корей Халық Демократиялық Республикасы) Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Ким Чен Ынның Ресей Федерациясына ресми сапарына әлемдік БАҚ өкілдерінің ерекше назар аударып, егжей-тегжейлі тәптіштей жазуы да тектен-тек емес.

 Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

1984 жыл мамыр. КХДР президенті Ким Ир Сеннің КСРО-ға кезекті сапары.

Олардың жазуларынша, Ким Чен Ын бастаған солтүстік кореялық делегация отырған оқ өтпейтін бронепойыз 24 сәуірде Приморье өлкесіндегі шекараны кесіп, жолшыбай Хасан стансасына аялдаған, тоқтаған бойда әсіре сақ күзетшілері қауіпсіздік мақсатында вагонның сырты мен түсер баспалдағын, ұстайтын тұтқа­ларын мұқият сүртіп, тазалап шыққан. Ұлт­тық киімдегі бойжеткендері аса құр­метті қонақтың алдынан шығып, орыс дәстүріне сай нан-тұз ұсынған. Дәмнен ауыз тиген Ким Чен Ын мен оған еріп жүр­гендер Хасандағы КХДР тұңғыш басшысы-көсемі Ким Ир Сеннің КСРО-ға келу құр­метіне 1986 жылы салынған Ресей-Сол­түстік Корея достық үйін аралап көрген.

Кешкі сағат 17.50-де пойыз Влади­восток вокзалына табан тіреп, әрі қарай Ын оққағарларымен лимузин жеңіл көлігіне отырып, Орыс аралына жол тартқан.

Айтуларынша, Ким Чен Ынның туған апасы, Корей Еңбек партиясы ОК насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынба­сары Ким Е Чжон мен Мемлекеттік кеңес­тің хатшысы Ким Чхан Сон Владивосток қа­ласына ертелеу келіп, саммиттің дайындық жұмыстарын жүргізген.

КХДР басшысының қауіпсіздігі үшін 24–26 сәуір күндері Аякс, Парис және Новик бухталары айлақтарына кішігірім кемелердің келіп тоқтауына тыйым салынған. Және де дәл болмағанымен, Владимир Путин мен Ким Чен Ынның саммиті Орыс аралындағы Қиыр Шығыс федералдық университеті қалашығында өтеді. Мәртебелі мейман Тынық мұхиты флотының штабына барады, нан зауыты мен Қиыр Шығыс океанариумын тама­шалайды және Владивостоктағы корей диапорасымен дидарласуы ықтимал дегендей болжам жасалды.

Айта кету керек, бұл Ким Чен Ынның билік басына келгелі Ресейге жасап отырған тұңғыш сапары. Мұны ол талайдан армандап жүрген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ынның атасы Ким Ир Сен Кеңес Одағына он рет, әкесі Ким Чен Ир Ресейге төрт рет сапар жасап, өз елінің мүддесі үшін пайдалы істер тындырып қайтқан. Үлкен Ким Иосиф Сталинмен жақсы қатынаста болып, соның арқасында Солтүстік Кореяға Кеңес Одағы тарапынан зор экономикалық, әскери және қаражаттық көмектер көрсетілген. Беріде қайта құру кезеңінде КСРО басшысы Михаил Горбачевтің тілін тауып, заманауи жетілген Су-23, Су-29 истребитель ұшақтарын, радарлық бақылау қаруларын ақы-пұлсыз алып қайтқан.

Ким Чен Ир де Ресейге әр келген сапарында бос қайтпай көздеген мақсатын іске асырып отырған. Бірінде екіжақты ынтымақ­тас­тықты жандандыруға уағдалас­са, екінші­сінде Транскорей мен Транссібір темір жолдарын қосу жайын келісіп, соңғы келуінде КХДР-дің 11 млрд. көлеміндегі Ресейге қарызын кешіртуге қол жеткізген.

Бір айта кетерлігі, әкелі-балалы екі Ким де Кеңес Одағы мен Ресейге сапарларын негізінен бронепойызбен жасап отырған. Бұл жолы да сол дәстүр кіші Ким тарапы­нан бұзылмай, жалғасын тапты.

2001 жыл 4 тамыз. Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен КХДР басшысы Ким Чен Ирдің қол қойылған декларациялық құжаттарды алмасуы.

Әдеттегідей Кремльдің баспасөз қыз­меті күні бұрын «жоғары дәрежедегі РФ мен КХДР басшыларының кездесуінде екі елдің байланысының өзекті мәселелері, өңірлік ынтымақтастық, Корей түбегіндегі бейбітшілік және денуклеаризация жайы сөз болады» дегендей жалпылама ақпарат таратты.

Бірақ та шындығында биылғы  27-28 ақпанда Вьетнам астанасы Ханойда ортақ келісімге келе алмай күрделеніп тұрған АҚШ–КХДР қатына­сының жай-жапсары, Корей түбегін ядролық қарулардан тазар­тудың алғы­шарттары мен жолдары, бұл жөніндегі Мәскеудің саясаты мен ұста­ны­мы жан-жақты талқыланып, пікір алмасу болатыны айтпаса да түсінікті еді. Оның үстіне қазіргі таңда Ресей, Солтүстік Корея және Қытай үшеуі де Құрама Штат­тармен қайшы­лықты-текетіресті қатынаста. Сон­дықтан Пхеньянның Мәскеу мен Пекиннен қолдау мен қуаттау күтетіні қисынды.

Айтпақшы, бұл жолы Солтүстік Корея көшбасшысының шетелдік сапарында үнемі қасына еріп жүретін Корей Еңбек партиясы Ортақ майдан бөлімінің мең­герушісі және ұлттық барлау қызметінің басшысы, КХДР–АҚШ диалогында басты келіссөзші болған Ким Ён Чхоль көрінбеді. Сөйтсек, Yonhap агенттігінің хабар­лауынша Ким Чен Ын оны қызметінен босатып, орнына КХДР Азия–Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік коми­тетінің мүшесі Чан Гым Чхольды тағайын­даған көрінеді. Сірә, Ким Ён Чхольдың жұмысына көңілі толмаған тәрізді.

Владивостоктағы Владимир Путин мен Ким Чен Ынның кездесуін жазып көрсету үшін Ресейдің өзінен және алыс-жақын шет елдерден үш жүз БАҚ өкілі және Солтүстік Кореядан сегіз журналист келді.

Алдын-ала келісілген хаттамаға сәйкес саммит Орыс аралындағы Қиыр Шығыс федералдық университетінің кампусында басталып, әуелі Путин мен Ким екі сағат­тай көзбе-көз оңаша отырып сөйлесті. Сонан соң оларға екі жақтың делегация өкілдері қосылды. Ресей мен КХДР бас­шы­лары бастаған қос тарап ядролық қару­сыздану және Корей түбегіндегі жағдайды талқылады.

В.Путин: «Біз мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың тарихына тоқталып, бүгінгі хал-ахуалды да сөз еттік және келе­шектегі ынтымақтастығымыздың жайын қарастырдық. Корей түбегіндегі ядролық қарусыздандыруды бейбіт жолмен ғана шешуге болады. Басқа тиімді жолы жоқ. Бұл мәселе кейінгі кезде Ким Чен Ынның белсенді әрекетінің арқасында тұрақтанып тұр»,– деді. Сондай-ақ, оның пайымдауын­ша, Корей түбегінде тыныштық пен бей­бітшілік орнату үшін күш көр­сетуден гөрі сенім мен түсіністік қажет. Әзірше Пхе­ньян­ға халықаралық кепілдік тұжы­рым­дамасының жобасы жасалғанша КХДР, Оңтүстік Корея, РФ, Жапония, Қытай және АҚШ сияқты алты елдің қатысуымен болатын келіссөздер жүргізуге ертелеу.

Ал Кимнің пікірінше: «мұндай кездесу КХДР мен Ресей арасындағы дәстүрлі ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға аса қажет және бүкіл әлем Корей түбегіне көз тігіп отырған шақта шынайы ахуалды түсіну және Пхеньянның ұстанымын білу үшін маңызы зор».

Путин мен Ким кездесуінің қоры­тындысы бойынша қандай да бір мәлімдеме не келісім-шарт жасалып, құжат қабылданған жоқ. Достық пен ынтымақтың белгісіндей екі басшы бір-біріне сыйлықтар жасады. Путин жолға алып жүруге қолайлы шай сервизі мен қайқы қылыш беріп, Ким қанжар секілді түзу қылыш сыйлады. «Бұл қылыш біздің халықтың шынайы ықыласының белгісі», – деді.

Жұртқа танымал «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, саммитке келген журна­листердің бірі мүмкіндікті пайдаланып, В.Путинге Украинаның Луганск және Донецк облыстарының тұрғындарына ресейлік төлқұжаттар берілуі туралы сауал қойған. Оған Ресей президенті: «Мұнда тұр­ған ештеңе жоқ, бұл арандату амалы емес. Мұндай тәжірибе басқа елдерде де бар. Мысалы, өзге елде тұратын қандас­тарына Польша талайдан поляк картасын, Венгрия мен Румыния өз төлқұжаттарын беріп ке­леді. Ендеше, Украинада тұратын орыс­тардың поляк, венгр және румын­дардан несі кем? Мұнда мен қандай да бір өрес­келдікті көрмей тұрмын», – деп жауап қатқан.

Саммит аяқталысымен Ресей прези­денті В.Путин шұғыл Қытайда болатын «Бір белдеу, бір жол» жобасының кезекті екінші форумына жол тартып кетті. Жиын­ға 37 ел­дің мемлекет пен үкімет басшылары қаты­насады. Онда өткен бес жыл ішінде ат­қа­рылған жұмыстар қорытындыланып, ал­да атқарылар істер мен міндеттер белгі­ленеді.

Көп уақыт өтпей-ақ, қазірдің өзінде жоғары дәрежедегі Ресей–КХДР диалогі жөнінде журналистер, саясаткерлер, сарапшылар және дипломаттар әр түрлі пікірлер білдіруде. Біреулер: «Мәскеу БҰҰ мен АҚШ тарапынан Солтүстік Кореяға салынған санкцияларды қолдап отырған жағдайда екі елдің диалогынан нәтиже күту бос әурешілік» десе, енді біреулер: «бұл Ресей – КХДР достығының символдық көрінісі» дегенді айтады.

АҚШ-тың Жапониядағы елшісі Уильям Хпгери Вашингтондағы Гудзон институтындағы өткен семинарда: «Ким Чен Ын әлемнің ықпалды көшбасшы­ла­рымен кездесіп, диалогтар жүргізу ар­қылы өз еліне салынған халықаралық санкция­ларды жұмсарту әрекетін жасап жатқа­нын» айтқан. – Біз Ким Чен Ынның Владимимр Путинмен кездесуін көріп отырмыз. Алай­да, санкция әлі де күшінде, ол Солтүстік Корея режиміне экономи­калық қысым көр­сетуде. Бұдан шығудың бір ғана жолы – денуклеаризация», – деген.

Жұрт не десе о десін, қалай дегенмен небәрі 36 жастағы КХДР басшысы Ким Чен Ынның кейінгі кездегі халықаралық қатынаста елінің еңсесін көтеру бағытын­дағы белсенді іс-әрекетері: АҚШ прези­денті Дональд Трамппен екі рет, Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Инмен үш рет, Қытай төрағасы Си Цзинь Пинмен төрт рет және Ресей президентімен кездесуі оң бағалап, атап өтуге лайық.

Әлемдік саясат, халықаралық қатынас осындай кездесулер мен саммиттер арқылы нығайып, тыныштық пен бейбітшілік күш қолданудан гөрі, келіссөздер мен келісім­дер, ымыра мен мәмілелер жолымен қалыптасады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *