МӘРТТІКТІ МАҚТАН ЕМЕС, САУАП ДЕП БІЛЕДІ

  • Зиялының сөзі

 

Нұрсұлтан Назарбаев:

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ­тың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің еке­ніңді ұмытпа!»

 

 533 Ел ертеңі – ұлтын сүйер ұрпақ десек, туған еліңді сүю, қасиетті мекеніңді құрметтеу мен салт-дәстүріңді әспеттеуде Отаныңа қалтқысыз қызмет етудің маңызы зор. Ол үшін ұлтжандылықты түрлі мәдени іс-шаралар арқылы көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленуге болады.

14 наурызда Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Еліме келіп, елеулі болдым» атты патриоттық әндер шырқалатын кеш өтеді. Атажұртын аңсап келген қандастарымыздың басын қосып, олардың халыққа танылуына көмегін тигізіп жүрген Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, кәсіпкер Құсман Кәрімұлы ШАЛАБАЕВТЫҢ патриоттық жобасы дәл осындай кештердің бірі. Біз осы мәдени шара қарсаңында халық қалаулысымен сұхбаттасып қайтқан едік.

 

 

Елдіктің керегесін кеңейтетін жоба

– Құсман аға, рухани кештің мәні мен маңыздылығы жайында айтып өтсеңіз… Жалпы,  жобаның мақсаты нені көздейді?

— Тәуелсіздік алған күннен бастап, еліміз шеттегі қара орман қазағын атажұртқа шақырғаны әмбеге аян. Елбасының «Әлемдегі қазақтың жалғыз Отаны – Қазақстан» деген үндеуінен кейін алыстағы ағайындар ата-бабаларының кіндік қаны тамған қасиетті топырағына оралды. Рас, егемендіктің алғашқы жылдары қандастарымыз үшін оңай болған жоқ. Әйтсе де олар сол кезеңнің қиын­шылығы мен шапағатын елмен бірге бөлісіп, «бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығару» жолында ұлт келешегі үшін, біте қайнасып еңбек етті. Атамекеніне алғашқы көшпен оралғандар бүгінде ел экономикасының дамуына едәуір үлес қосып жүр.

Патриоттық жоба кешегі елге оралған қан­дастардың өнерлерін дүйім жұртқа дәріптей оты­рып, келешекте елге аяқ басатын бауырларымыздың қара шаңыраққа келгенде елеусіз қалмайтынын, өз Отанына еркін сіңіп, елдіктің керегесін кеңейтуге шақыратын, бірлік пен ынтымақты нығайту мақсатында қолға алынған. Яғни, қазақтың қазаққа деген бауырмалдығын көрсете отырып, елдің, қасиетті топырақтың құдыретін тереңірек сезіндіруге жол ашар деген мақсаттан туған ой. Мұндай шаралар «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» демекші, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге мүмкіндік берері сөзсіз.

Бүгінде ақпарат кеңістігінің аясы кең. Кез келген жаңалық әлемнің түкпір-түкпіріне жылдам тарайды. Бұл жобаның астарында шалғайда, еліне қарап елеңдеп жүрген барлық қандастарымыз концертті тамашалай отырып, алдағы уақытта мемлекеттің қолдауын күтпей-ақ, өз қаражатымен, өз қалауымен елге оралуына септігізін тигізе ме деген үкілі үміт жатыр. Жобаның маңыздылығы да осында болар…

— Биылғы мәдени шара патриоттық әндерге арналмақ екен…

— Иә. Қазақтың жігерін жанып, рухын оятатын, елге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыратын сазды кеш патриоттық әндерге арналып отыр. Елге оралған қандас бауырлар ұлттың ұлылығын, туған жердің қасиетін, халықтар достығын жырға қосып, өнерлерін көрсетеді. Кеш барысында бірқатар жаңа әндердің тұсауы кесіледі. Бұл мәдени, рухани кеш Ассамблеяның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы секілді атаулы мере­келермен тұспа-тұс келіп отырғанын да айта кеткім келеді.

Концертімізді биыл екінші рет өткізгелі отырмыз. Аллаға шүкір, аяқалысымыз жаман емес. Көптеген игі жақсылар жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр.

– Әдетте, ән кештері бірсарындылыққа бой алдырып, көрерменін жалықтырып алып жатады. Дәстүрлі шараға айналған жобаға қандай да бір өзгеріс енді ме? 

– Биылғы кешке біз қазақтың киелі өнері – поэзияны қостық. Яғни, концерттік бағдарлама аясында мүшәйра өткіземіз. Оған жасы 40-тан аспаған, шеттен келген қандас бауырлар – ақындар қатыса алады. Мұндағы мақсат – атажұртын аңсап келген бауыр­ларымыздың рухани бұла күшін анықтау, Отанға деген сүйіспен­шілігі мен махаббатын салмақтау. Сол арқылы жастардың бойындағы пат­риоттық сезімін ояту, елін, жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге «қарлы­ғаштың қанатымен су сепкендей» болса да үлес қосу.

– Олар марапаттала ма?

– Әрине, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарға арнайы марапат көрсетіледі. Ол міндетті. Марапаттау арқылы елім деп келген ағайынның ел алдындағы абыройын асқақтатып, мерейін өсірсек дейміз. Бұдан өзге де қазақ пен қазақты жақындастыратын ерекше жоралғылар мен ұлттық сананы бекемдей түсетін кәделі шараларды атқармақпыз.

 

«Нұрлы жолмен» жалғасатын толғау

– Сіздің қаламыңыздан туған «Еліме келіп, елеулі болдым», «Мәңгілік ел», «Қазақстан халқы ассамблеясы» деген әндеріңізді естіп жүрміз… Сөз жоқ, ешкімді бей-жай қалдырмайтын патриоттық рухта жазылған әндер. Сиясы кеппеген тағы қандай әндеріңіз бар? 

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында «Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік ел» деген болатын. «Мәңгілік ел» – Елбасының болашаққа деген сенімі, ұрпаққа берген батасы. Өз басым осындай идеядан туындаған Елбасының бастамасы мен болашаққа деген бағыт-бағдарын, саяси сахнадағы беделі мен көрегендігін жоғары бағалаймын. Нақтырақ айтсам, ойының ұшқырлығы мен білімділігіне тәнтімін. Қазақстанды бүгінде әлем таниды. Ол, әрине, Елбасының арқасы екенін жақсы білеміз.

Ұрпағы үшін найзаның ұшы, білектің күшімен сайын сахараны мұра етіп қалдырған бабалар аманатын сақтау – біздің парызымыз. Сондықтан,  қазекемнің ел мұрасы деген салмақты жүгін ар­қалаған мәңгілік ел екенімізді болашаққа табыс­тауды «аманатқа қиянат жасамау» деп түсінемін. «Мәңгілік ел» – осындай ойлардан кейін туған ән. Бүгінде бұл әнді халқымызға белгілі опера әншісі Талғат Күзембаев орындап жүр. «Еліме келіп, елеулі болдым» деген ән де бүгінгі өмірді, оның қазаққа берген жақсылығы мен қайталанбас мүмкіндігіне тәубе етуден туындаған. Кеште Асқар Әкімбек бауырымыз алғаш орындайды.

Қазақ – өзім дегенді өзегінен теппейтін, қонағына төрін ұсынып, керек десеңіз, астындағы жалғыз атын түсіп беретін қонақжай, пейілі кең, мейірбан халық. Оның табиғатынан, мінезі мен рухани болмысынан қашанда тектіліктің, ұлылықтың нышаны байқалып тұрады. Ұлы халықтың осындай қасиеттерін паш ете­тін «Ұлыларды ұлықтау» деген ән жақында жазылды. Бұл – сонау сақ дәуірінен бастап, ғұн­дардың ерлік ісі, Дешті Қыпшақ даласындағы дербестікті тізбелей келіп, бертін келе Керей, Жәнібек, Әбілқайыр, Кенесары мен Тәуке ханның, төл тарихымызда «қасқа жол», «ескі жол» мен игі бағдарының бүгінгі жалғасы іспетті «Нұрлы жолмен» жалғасатын толғау. Әлі сиясы кебе қоймаған туын­дыны, құдай қаласа, алдағы концертте белгілі әнші-жырау Ақан Әбдуәліге орындауға қолқа салып отырмыз.

– Бүгінгі жастарға көзқарасыңыз… Оларды өз елінің патриоты деп айта аласыз ба? 

– Өз басым, жастарды қоғамның қозғаушы күші, қайрат-жігері деп бағалаймын. Қазіргі жастар креативті. Олар жаңаша ойлай алатын, заманауи технологияларды мең­герген, бір емес бірнеше тілді біледі дегендей… Елбасының «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақ­тың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің еке­ніңді ұмытпа!» деген сөзі бар. Мен бұл жі­геріңді жанып, намысыңды қайрайтын қанатты сөзден бүгінгі жастардың бет-бейнесін көремін. «Бес саусақ бірдей емес қой», араларында жалқау, ештеңеге қызық­пайтын, білімсіздері кездесіп жатады. Сондықтан жастарға нағыз патриот болу үшін ісіңді сөзбен емес, ісіңмен көрсете біл дегім келеді. Ол үшін алдымен Абай атамыз айтпақшы, «адамға үш-ақ қасиет: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» керек.

 

Кейбіреулер жеке басының қамын күйттейді

— Жомарттық  – адамның асыл қа­сиеттерінің бірі. Сіз атқарған жұмыстардың бір парасы осы қасиетпен тамырлас. Жал­пы, сауапты істер кімдер үшін жасалады деп ойлайсыз?

– Мұқтаж адамдарға қолыңдағы мүм­кіндігіңе қарай көмек жасау – адамдық қасиет. Жасаған жақсылығың үшін алғыс дәмету немесе мақтау күту бүкіл еңбегіңді жоққа шығарады. Сондықтан, риясыз жәрдем беруді Алланың разылығы үшін деп қана жасауды құптаймын. Менің алдыма жәрдем сұрап көптеген адам келеді. Көп­шілігі жеке басының қамын күйттейді. «Әулетімнің кітабын шығаруға көмектес», «денсаулығымды жақсартуға жәрдем бер» деген секілді жеке мүддені көздейтін шар­уалар елге аса бір пайдасын тигізе бермейді. Ондай мәселелер отбасының аясында ше­шімін табуы керек. Оларға бала-шағасы көмектессін. Ал ел игілігі үшін, елдікке, бір­лікке бағытталған қоғамдық жұмыстарға келгенде қолұшын беру қажет деп ойлай­мын.

– «Өнерді сүйіп, бағалайтын адамның жаны сұлу болады» дейді екен. Мұндай тұжырымға қандай пікір қосар едіңіз…

– Білім мен өнерді қатар ұштастырып, бойындағы дарынын бағалай білетін жанның жаны сұлу болмауы мүмкін емес. Өмірге, өнерге іңкәр жан өз ұлтын, тілі мен дінін, мәдениетін қашанда биік ұстайды. Қазекем «Өнерлінің өрісі кең» деген тәмсілді осын­дайда айтса керек. Ұлтқа қызмет ете жүріп, өнерді жанына серік еткен азаматтың қашанда рухы биік, көңілі сергек жүреді ғой…

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Нені армандайсыз?

– Ел-жұртыма еңбегім сіңсін деген адамның арманында шек болмауы тиіс. Адам баласы арманы мен мақсат-мұратына жету жолында талай сыннан өтеді. Ал менің ойымша, адам ең бірінші қиялдай білу керек секілді. Өмірде болмайтын нәрсе болса да шексіз әлемнің ұшы-қиырын аралауға өзіңе ерік бер. Сол қиялдан сізге ой туады. Ал ой ар­манға жетелейді. Арманға жету үшін ал­дыңа мақсат қоясың. Мақсатқа жету жо­лында біз еңбек етеміз. Арманым – ел ты­ныштығы мен әрбір отбасы бақытты өмір кешіп, шаңырағында баланың күлкісі естіліп тұрса деймін…

 

Халықтың негізгі ұстанымы –  тыныштық, татулық, бейбіт өмір

– Әңгіме ауанын сәл бұрсақ… Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынып отырған елдегі кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасына қатысты ойыңыз қандай?

– Бұл бастаманы елдің бірлігі мен тату­лығын қалайтын барша халық қолдайды деп ойлаймын. Құшағына 130-дан астам ұлт пен ұлыстың баласын сыйдырған Қазақстан ел бірлігін ең басты байлық санайды. Өйткені, халықтың негізгі ұстанымы – тыныштық, татулық, бейбіт өмір. Саяси ахуал елдегі бір­лік пен берекенің болмауынан орын алатынын біз телеарналар, ғаламтор арқылы көріп, естіп жүрміз. Оған Украи­надағы, Қиыр Шығыс­тағы, т.б. елдердегі қақтығыстар куә бола алады.

Қос белесті бағындырып отырған Қа­зақстан халқы Ассамблеясының баста­масы құптарлық іс. Шыны керек, бүгінде ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында халықтың әл-ауқаты артып, қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығы сақталып отыр. Қазақстан ұлтаралық тату­лық пен ынтымақ, береке-бірліктің мекеніне айналды. Бұл, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің арқасы. Сондықтан, өз басым, Елбасының кезектен тыс сайлау өткізуін қолдаймын және оның нәтижелі болатынына сенемін.

– Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ел дамуының басым бағыттары бойынша тапсырмалар жүктелді…

– Келелі жиындағы Елбасының сөйлеген сөзін бар пейілмен тыңдадым. Әлемдік дағдарыс кімді болса да бей-жай қалдырмақ емес. Осыны ескерген Елбасы ел эконо­микасының алдағы кезеңдегі даму бағдар­ламасын айқындап берді. Енді бізге тонның ішкі бауындай біріккен тірлік керек. Мем­лекет басшысының дер кезінде қолға алған сындарлы ойы осыны меңзейді. Дағдарыстың елімізге залалын тидірмеуі үшін респуб­ликалық бюджет шығыстарын үнемдеуді ұсына отырып, халықты Қазақ­станда жа­салған тауарларды көбірек тұтынуға ша­қыруы, сол арқылы  өзімізде шығатын отан­дық өнімдерге қолдау көр­сетуді тапсыруы көптің көңілінен шықты. Демек, Елбасының жоспары ел эконо­микасын тұрақты ұстап тұруға өз үлесін қосары сөзсіз. Бұған тағы бір дәлел ретінде «Нұрлы жол» бағдар­ламасын қызу қолдаған қазақстан­дық­тардың мерзімдік басылым беттеріндегі жария­ланымдарын қосуға болады.

P.S. Кәсіпкер азаматтың шарапатын көріп, шапағатына бөленген жандар арамызда аз емес. Ардагерлер мен көп балалы отбасыларына жаса­ған көмегі көп. Қайырым­дылық шараларын өткізудегі еңбегі де ересен. Рас, ер азаматқа мәрттік тән. Алайда, Құсман Кәрімұлы мәрттікті  мақтан емес, сауап деп біледі.

Сұхбаттасқан – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

 

Еліме келіп, елеулі болдым

Сөзі мен әні: Құсман Шалабаевтікі

Әр адамның туған жер мен  атажұрты бар тағы,

Атажұрттың топырағы тамырына тартады.

Зар заманда шашыраған қазақ елі  жан-жаққа,

Артқа тастап, Жетісуды, Атырауды, Арқаны.

 

Қайырмасы:

Еліме келіп, елеулі болдым,

Егемендіктің арқасы.

Атажұртымнан демеуді көрдім,

Бауырға басты баршасы.

 

Шерлі халық шекараның шебін бұзып қауышты,

Тәуелсіздік таңы атқанда тарихымен табысты.

Аталарым мен апаларым топырағына бас иіп,

Балалары бабалардың киесімен танысты.

 

Қазақ едік туған түгіл, бауырға алған басқасын,

Әрбір қазақ жалғызымсың, қымбат маған бас-басың.

Нұрағамның «Нұрлы көші» Нұқ кемесі  секілді

Бар қазақты адастырмай Атажұртқа бастасын!

 

Мәңгілік ел

Қазақ жері – Мәңгілік ел мекені,

Қасиетті азаттық жер мекені.

Елім барда тіліміз де мәңгілік,

Мәңгілік ұлт мұратына жетеді.

Тәуелсіздік тұғырынан таң күліп,

Еркіндігін ұран еткен ән қылып.

Бүкіл әлем басын иген биіне,

Қазақ елі – құтты мекен Мәңгілік.

 

Қайырмасы:

Алаулаған асқарынан таң күліп,

Еркіндігің Тәуелсіздік, мәңгі  құт.

Ұлы жерде тамыр жайған бәйтерек,

Қазақ елі – Мәңгілік ел, Мәңгілік.

Ұлы баба аманатын сақтаған,

Қазақ елі ана бесік, ақ далам,

Мәңгілік ел – Елбасының арманы,

Алтын күнді айбарымен мақтанам.

 

Арайланып атты елдің нұр таңы,

Тәңірімнің тартқан сыйы бұл  тағы.

Алаш ұлтын алып шықты асқарға,

Ұлылардың сынығындай ұрпағы.

Күн нұрымен алып келген шаттығын,

Азаттықтың әрбір күні тәтті күн.

Қазақ елі, көк байрағың желбіреп,

Төге берсін бейбітшілік ақ таңын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *