Мұражайға тегін барады

Жазира ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
№177 мектептің бастауыш сынып мұғалімі

– Бүгінгі ұрпақ – еліміздің болашағы. Балаға дұрыс тәрбие берілсе, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасады, жетіледі. Яғни ол бала бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. «Жас бала – жас бір шы¬бық. Жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ», – деген екен Мағжан Жұмабаев. Енде¬ше, баламыз адам болсын деп, ұрпағымыз үшін алаңдасақ, ең әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән беру керек. Тәрбиенің түрі көп. Мысалы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен қаладағы мұражайлар оқушылар үшін тегін болмақ деген ақпаратты оқыдым. Оқыдым да, қуандым. Бұл – бір жағы еліміздегі музей саласына деген насихат та болмақ. Мұражай – мәдениет орталығы ғана емес, ол оқушылар үшін білім, ғылым ордасы. Мұражайдың танымдық тұрғыда атқарар маңызы зор. Мұнда мектеп оқулығынан тыс қосымша дүниетанымдық білімді кеңейтуге болады. Мұражайдың оқушылар үшін қолжетімді болуы – балалар арасында мәдениетті дәріптеудің, олардың қызығушылығын тудырудың бір жолы болмақ.
Біз бүгінгі партада отырған оқушымызға ертең әлемнің қай бұрышында болмасын ешкімнен кем болмайтындай білім беруіміз керек. Осы орайда мұражайлық білімнің алар орны ерекше. Өткен ғасырдың мәдениеті, мұражай экспозициясы мен оның қорындағы жәдігерлер – халықтық мұра, ол ата-бабамыздың өткен жолы, төл тарихымыз. Оны өскелең ұрпақ білуге тиіс. Оларды оқушыға көрсету, таныстыру – оқушы ойының дамуына, жан-жақты өрістеуіне, бола¬шағы кемел болуына жарқын әсер етері сөзсіз.

Оқушылар сарайына қуанып жатырмыз

Білім беру жүйесі қызметкерлерінің Алматы форумы бізге жаңа серпіліс әкелді. Шаһар басшысының Наурызбай, Алатау аудандарында жаңа үлгідегі Оқушылар сарайын саламыз деген бастамасы қаламыздағы қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне зор қуаныш сыйлады.

Айнұр ДАУЫЛБАЕВА,
№7 Оқушылар үйінің директоры

Қосымша білім беру ұйымдары көтеріп отыр¬ған жүгі де, атқарып отырған жұмысы да өте күрделі. Өйткені, Оқушылар үйлеріне келіп, өзі қалаған үйірмеге қатысып, танымал болған жастар қаншама!
Бүгінгі балалардың сұранысы, талап-тілегі тіпті ерекше. Олар жан-жақты, бәсекеге қабілетті болып өсіп келеді. Сондықтан заманауи, бүгінгі заман сұранысына сай келетін үйірмелерді таңдайды. Әр баланың әр түрлі қалауы бар. Бірі әнші, бірі биші болғысы келеді. Көк аспан төсінде қалықтап, ұшқыш болсам деген бала қаншама! Қазіргі жаһандану заманында кейбір мамандықтардың жоғалып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан қазіргі балалардың талғамы да әр түрлі. Олар көбіне робототехника, авиаүйірме сияқты, басқа да үйірмелерге көптеп келіп жатыр. Алматыдай алып мегаполис үшін бірнеше Оқушылар сарайының болғаны артық болмас еді.
Қала әкімі жаңаша үлгідегі Оқушылар сарайын саламыз деген бастамасын ата-аналар да қызу қолдап, қуанып жатыр.
Нұр-Сұлтан, Петропавл, Талдықорған қалаларындағы жаңа үлгідегі Оқушылар сарайына қызыға қарайтын едік. Енді Алматы қаласында сондай зәулім сарайлардың болатыны қосымша білім беретін мекеме қызметкерлеріне де зор қуаныш сыйлап отыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *