МҮМКІНДІГІ ШЕКСІЗ МЫҚТЫЛАР

31Біздің рейд

Қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көліктері үшін орналастырылған тұрақтардың қызығын  «Джип» мінген мүмкіндіктері шексіз мықтылар  көріп жүрген секілді. Оған «Алматы ақшамы» газеті мен «Мүгедектердің құқын қорғау» қоғамдық қоры бірлесіп жүргізген рейд  барысында көз жеткіздік.

Мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың құқықтары туралы Халықаралық Конвенцияға қосылған 2008 жылдан бері мүмкіндіктері шектеулі жандар­дың өмір-тіршілігінде оң өзгерістер орын алып, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері, қамқор­лық жасау ойдағыдай шешімін тауып  келеді. Өзге өңірлермен 30салыстырғанда, алматылық мүм­кіндігі шектеулі жандардың өз мүмкіндік­терін толығымен пайдалануға мүмкіндіктері де мол болып тұрғандай.  Кедергісіз орта қалып­тас­тыру жағынан да жағымды істеріміз жоқ емес. Елбасының оларды жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасын да Алматының атқа­мінер­лері мен өнеркәсіп басшылары мүмкін­дігінше орындауға күш салып келеді. Алматы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап арнайы тұрғын үй тұрғызып берген бірден-бір қала болса, бүгінде қаламызда кедергісіз орта қа­лыптастыру мақсатында да бірқатар іс-шаралар қолға алынып, паспорттау жұмыстары жүргі­зілуде. Ал биыл мінген көлігін қоятын жер таппай жанталасатын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көліктерін қоятын орындар белгіленіп, оларға арнайы белгі орнатылды. Алғашқыда бұл бастамаға көлігі бар мүмкіндігі шектеулі жандар бөркін аспанға ата қуанған еді. Бірақ…

29Иә, бірақ, қуаныштары ұзаққа бара қоймапты. Оған редакциямызға осы мәселеге өзінше зерттеу жүргізіп, тиісті мекемелерге жолығып, олардан мардымды жауап ала алмай, енді бұл мәселеге біздің көңіл аударуымызды өтіне келген «Мүгедектердің құқын қорғау» қоғамдық  ұйымының төрағасы  Әшімқұл Ақпейіловтің әңгімесі арқылы көз жеткіздік. Әшімқұл көке­міздің сөзі дәлелді болу үшін фотоаппа­ратымызды арқалап, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың көліктерін қоюға арналған орындарды бір барлап қайтқан едік.

 

«ЖАНЫ АШЫМАСТЫҢ ҚАСЫНДА БАСЫҢ АУЫРМАСЫН»

 

26Әлдене жанына батқанда жиі қолданылатын бұл сөзді рейд барысында белгілердің бейберекет, қажетсіз жерлерге қалай болса солай орнатылғанын өз көзімізбен көрген сәтте ойымызға алдық.  Шындығында, дені сау, он екі мүшесі сау адам қол арбаға, болмаса, таяққа таңылған мүсәпір жандардың  жағдайларын қайдан түсінсін. Осы мәселеге қатысты өткізілген бір жиында қала әкімдігі бұл белгілердің мүмкіндігі шектеулі азаматтар қызметіне көбірек жүгінетін мекемелердің, дәріханалар мен емдеу мекемелерінің, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, зйнетақы тағайын­дайтын орталықтар  мен  банктердің, әлеуметтік қамсыз­дандыру мекемелерінің, театрлар мен мәдениет орындары­ның алдарына қоюды қатаң тапсырып, оның жауапкер­шілігін Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүктеген еді. Біз Ақпейілов аға­мыздың алдын-ала сызып алған картасы бойынша  арнайы белгілер  орнатылуы тиісті  бірқатар мекемелер мен көше бойларын аралап шықтық. Әшімқұл ағаның ренжитініндей бар екен. Мәселен,  жартымсыз зейнет­ақыларын үнемдеу үшін мүгедектер көбірек баратын Райымбек даңғылы мен Розыбакиев көшесінің бойындағы көтерме сауда базарының маңына орналастырылған арнайы тұрақ орны базардан алыс  әрі қолайсыз жерге  қойылса, Масаншы мен Қабанбай көше­лерінің қиылы­сындағы «Целинный» кинотеатрының маңындағы  бір емес, екі бірдей мүмкіндігі шектеулі азаматтар­дың көлігіне арналған тұрақты  «Джиптер» тұрақты тұраққа айналдырып алған.  Олар бұл орынға көлік қоюға болмайтынын, қойған күнде қомақты көлемде айыппұл төлейтіндерін білетін әккі қулар болса керек, өйткені, көліктерінің нөмірін шешіп алып қойыпты. Ал осы мәселеге тікелей жауапты, мүгедектердің құқына қол сұққан азаматтарды жауапқа тартуға тиісті тәртіп сақ­шылары да төңіректегі жұрттың көзін бақы­райтып қойып, көліктерін сол орындарға қонжитып қойып қойыпты. Ал Орталық дәріхананың Гоголь көшесі жағындағы  автотұрақ «иесі»  Азаматтың айтуына қара­ған­да, дәріханаға келетін адамдардың көлік­терін қоятын орын болмағандықтан мүгедек­тердің көлігін қоюға арналған белгіні алып тастап, ол жерді ақылы орынға айналдырған. Ал Төлеби көшесінің бойын­дағы  «Айсұлтан» бизнес орталығы алдын­дағы орынды да   бір дөкейдің көлігі иеленіп алыпты.  Тіпті олар «Кедергісіз келешек» бағдарла­масын қолға алып отырған «Нұр Отан» партиясынан да сес­кенбейтін секілді. Неге десеңіз осы ғимаратта  партияның Әуезов аудандық бөлімшесі орналасқан.

Иә, тізбелей берсек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автокөліктеріне арналған орындарды орналастырудың жыры мұнымен аяқталмайтын секілді. Рейд барысында көзіміздің жеткені, бұл – белгілердің ретсіз және кез келген жерге орнатылғаны. Мәселенің мән-жайын білмек болып, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма  басшысының мүгедек­тердің әлеуметтік мәселесіне жауапты орынбасары Мейіржан Отыншиевке телефон арқылы хабар­ласқан едік. Отыншиевтің айтуынша, мұндай белгілерді орнатуға  қаражатты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бөлген. Ал белгілерді орнатуға тендер жариялап, орнату жауапкершілігін Алматы қалалық Жол-көлік басқармасы мойнына алған көрінеді. «Жазған құлда жазық жоқ» деп, біз басқармаға да телефон шалып, басқарманың жауапты қызметкері Әсет Әділұлы Төлеуішовпен де тілдестік. Әсет Әділұлы болса,  Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған  720 мекен-жай бойынша 8 мың белгі орнатылғанын айтты. Белгі орнатылғанын ешкім жоққа шығармайды, бірақ,  қыруар қаржыға жасалған белгілердің  орынсыз орнатыл­ғанына мүгедектер өкпелі. Және бір қайран қалатын нәрсе, бұл мәселеге ешкімнің жаны ауырмай­тындығы, әйтеуір, айтылған нәрсені орындадық деген есеп берсе болғаны, ал атқарылған жұмыстың сапасы мен жауапкершілігіне ешкім де жауапты емес сияқты. Бір-біріне сілтеушілік көп. Нағыз «сен саларда мен салар, атқа жемді кім салардың» кебі. Алматы қалалық Жұмыспен қамту басқармасы қаламыздағы барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ісімен айналысатын қоғамдық ұйымдармен ақылдаса отырып белгіленген мекен-жайлар бойынша белгілердің орнатылу жағдайына мән бермегендерін, тіпті, қадағалауды ұмыт қалдырғандарын жоққа шығармайды. Ал осы шаруаны жүзеге асыру міндеті жүктелген Жол-көлік басқармасы болса, тендерді ұтып алған мекемеге сенген секілді. Жоғарыға «белгілерді орнатып, мүгедектердің көлік қоюына жайлы орын жасап қойдық» деп есеп берумен бұл шаруаны біттіге санаған олар қыруар қаржыға орнатылған арнайы тұрақтардың мүгедектердің емес, мүмкіндіктері шектеусіз мықтылар мінген көліктердің тұрағына айналғанынан бейхабар көрінді. Сөзіміз дәлелді болу үшін рейд барысында көзімізге түскен олқылықтардың суреттерін оқырмандар назарына ұсына отырып, бұл шаруаға жауапты қай мекеме екенін білгіміз келгенін айтқымыз келеді. Ал әзірге мүгедектердің әлеуметтік мәселесіне жауапты басқарма қалалық Жол-көлік басқармасына, ал ол басқарма Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сілтеп отыр. Қаржы мәселесіне келгенде алған жауабымыз бір-біріне сілтеумен аяқталды.

 

Иә, қазір мемлекет әлеуметтік мәселелерді жақсартудан қаржы аяп жатқан жоқ, бірақ, сол қыруар қаржының түбіне бүгінгі қаржылық айналымдар арасына енген «тендер» деген жеңгетайдың жымысқы әрекеттері көп кесірін тигізіп жүрген секілді.  Ал әзірге «күріштің арқасында күрмек су ішіптінің» кері келіп, ақылы автотұраққа 100 теңгесін қимайтын «Джип» көліктерінің иелері мүгедектердің көліктеріне арналған тұрақтардың пайдасын көріп жүр. 

 

Рейдті жүргізгендер – Әшімқұл Ақпейілов,

«Мүгедектердің құқын қорғау» қоғамдық ұйымының төрағасы,

Нұржамал Байсақал, 

«Алматы ақшамы» газетінің тілшісі,

Самат Құсайынов,

«Алматы ақшамының» фототілшісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *