МӘЛІМ ЖӘНЕ БЕЙМӘЛІМ ІЛИЯС

«Абайдың інілері, Қазақтың ірілері – Сәкен, Ілияс, Бейімбет» (К.Салықов) деп келетін өлең жолдарын білетін боларсыз. Бұл үш арыс – қазақ әдебиетінің үш биігі! Өмірлері қысқа болғанымен,  шығарма­шылық ғұмырлары ғибратты болды. Бір жылда туып, бір күнде атылған үш тұлғаның 125 жылдық тойы республика деңгейінде аталып өтті. Тіпті, үш тұлғаны дәріптеген іс-шаралар Қазақстаннан тыс аумақтарда да көрініс тауып, халықаралық сипатқа ие болды. 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Үш арыстың ішіндегі жыр Құлагері атанған Ілияс Жансүгіров – Алматы облысының перзенті. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алар кемең­герді». Жансүгіровтің осы сөзін ту етіп ұстап, әсіресе, Жетісу жұрты ақын тойын жоғары деңгейде атап өтті. Ілиястанушы ғалымдар Ресей жеріне арнайы экспедиция ұйымдастырып, ақынның елге беймәлім болып келген шығармаларын тауып әкелгені де үлкен жаңалық болды.

Сондай-ақ, І.Жансүгіровтің 125 жылдығына орай, Қазақстан Жазушы­лар одағы, Алматы облысының Ақсу ауданы әкімдігі және «І.Жансүгіров» қоғамдық қоры бірігіп, баспасөз өкіл­дері мен әдебиетші ғалымдар арасында «Жыр Құлагері» атты республикалық байқау жариялаған болатын. Соның қорытындысы жуырда Алматы төрін­дегі Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кітапханасында жарияланды.

І.Жансүгіров мерейтойын ұйым­дастыру жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде барлық әдеби-мәдени іс-шараның басы-қасында болған, осы күнгі салтанатты жиынның тізгінін ұстаған белгілі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлының айтуынша, бәйгеге қатысқан қаламгерлер қарасы қалың болған, барлығы 132 материал келіп түскен. Сондықтан жүлдегерді де анықтау оңайға соқпаған көрінеді.

Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері, зиялы қауым, ақын ұрпақтары қатысқан алқалы жиында әдеби байқаудың қорытын­дысын белгілі сахна саңлағы Болат Әбділманов жариялап, жүйрік деген жеті жеңімпазды атады. 3-орынды үш адам: «Мәлім және беймәлім І.Жансү­гіров» атты танымдық мақаласы үшін Ілиястанушы ғалым, филология ғылы­мының кандидаты Шара Қияхметова, «Құлагер» поэмасының ағылшын тілін­дегі аудармасы хақында» атты мақаласы үшін Дүйсенәлі Әлімақын, оқырман жанын толғантар естеліктер мен сұхбат­тар жиынтығы үшін Мәриям Әбсаттар иеленді. Ал «Қызық Ілияс – қыруар қазына» атты мақаласы үшін Жемісбек Толымбеков пен Ілияс туралы таным­дық хабарлар жасаған жергілікті тележурналист Мұрат Жұмабай 2-орын иелері атанды.

Бәйгенің 1-орнына белгілі журна­лист Заңғар Кәрімханның «Мұзбалақ ақынның мұзқаласы» деп аталатын мақаласы лайық деп танылды. Ал бас жүлде қазақ ұлтының алғашқы Жарғы­сын жазған заңгер Барлыбек Сыртанов­тың өмірбаяны мен мұрасын зерттеп жүрген, Ресей жерінен елге Ілияс Жансүгіровтің бізге беймәлім болып келген 18 кітабын жеткізген  жас ғалым Елдос Тоқтарбайға бұйырды. Жас жігіттің мерейін өсірген жүлдені Ілияс ақынның ұлы Саят Жансүгіров тапсы­рып, ілтипатын білдірді.

Салтанатты жиында М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, фило­ло­гия ғылымының докторы Кәкен Қам­зин, профессор Т.Кәкішевтің жары Кү­ләш Ахметова, белгілі ақын Ғалым Жай­лыбай және тағы басқалар жыр Құ­ла­гері туралы тағылымды естеліктер айтты.

«Құлагер» поэмасын жаңылмай жатқа айтатын Нағашыбай Алпысов Қостанай облысынан арнайы келіп, жиналған қауымның алдында қоңыр домбырасын қолға алып, дастаннан үзінді шырқап берді.

Салтанатты кеште оқырмандар назарына Жансүгіров шығармаларының 20 томдығы ұсынылды. Осы орайда айта кетейік, қазақтың әйгілі ақыны, жазушы, фольклортанушы, драматург, прозашы, сықақшы, аудармашы, кәсіби журналист Ілияс Жансүгіровтің «Құла­гер» поэмасы бүгінгі күнге дейін ағыл­шын, неміс тілдеріне аударылған. Енді қытай, француз тілдеріне аударылып жатыр. Демек, Ілияс ақынды әлем таныды деген сөз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *