МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен тарихшылардың ұлттық конгресі ұйымдастырған «Қазақстан және әлемдік тарих кеңістігі: жалпы мен ерекшенің «Мәңгілік Ел» ұлттық идея арқылы көрінісі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференцияға алыс-жақын шет елдерден, сондай-ақ, еліміздің белгілі маман тарихшылары қатысты. Институт директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Х.Әбжанов, білім және ғылым вице-министрі Т. Балықбаев пен тарихшылардың ұлттық конгресінің төрағасы Е.Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.

563

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қ. Жұмағұлов баяндама­сында қазіргі жаһандану, интеграция, модернизация кезінде отандық тарих ғылымын зерттеуде әлемдік тарихи кеңістік тұрғысынан сабақтастыра қарас­тыруды ұсынып, батыс деректік материалдары негізінде ғұн-авар тарихына қатысты жаңаша тың мағлұматтарды көпшілік назарына ұсынды. ҰҒА академигі, профессор М.  Асылбек жаңа және кеңес­тік Қазақстан тарихының пікірталасты тақырып­тарының кейбір мәселелері төңірегінде ой қозғады. 10 томдық Қазақстан тарихын жазу мәселесіне тоқталды. Манас атындағы (Қырғызстан) Қырғыз-Түрік университетінің профессоры Д.Сапаралиев ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Қырғыз-қазақ халықтары­ның саяси қатынастары көріністері туралы баяндама жасап, екі ел тарихы бойынша тарихи жарияла­нымдардағы өзекті мәселелерді саралады. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Тарих инсти­тутының аға ғылыми қызметкері Ш. Ахмет Үйсін тайпасының шығу тегі мен тарихына, нақтырақ келгенде, үйсін этнониміне талдау жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Т.Омарбеков «Мәңгілік Ел» идеясының ежелгі және орта ғасырлардан бастау алатындығын тарихи сабақтастыра отырып, ұғымы мен мазмұнына кеңінен тоқталды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор О.Сәбден бүгінгі ғылымдағы инновация­лық жаңашылдықтар, дүниежүзілік жаһандық саяси-экономикалық жағдайлар, Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы жобасында көтерілген ғылым мен білім саласындағы бастамаларды атай келе, өзіндік ұсынысын ортаға салды. Институттың бас ғылыми қызметкері Қ. Алдажұманов Кеңес одағы құра­мындағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ел тарихы бойынша тарихнамалық зерттелу деңгейі, қазақ жауынгерлерінің соғысқа қатысуы мәселесін мұрағат деректері негізінде ғылыми ой-тұжырымдарымен таныстырды. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ профессоры С.Игібаев ғылыми баяндамасын тарих методологиясы және тарихи зерттеулердегі әдіс-тәсілдер мәселесіне арнады. Конференция соңынан ғалымдар өзара пікір алысып, тарих ғылымына қатысты көкейкесті сауалдарына жауап алды. «Әлемдік тарихи кеңістіктегі Қазақстан», «Көптомдық «Отан тарихы»: идеялар мен іркілістер», «Ұлттық идея тарих толқынында»  тақырыптарында секциялық мәжілістер жұмыс істеді.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *