«Мәңгілік ел – қазақ халқының рухани мұрасының негізі» атты пән енгізілді

Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» мақаласында негізгі назарды білімнің салтанат құруына аударып отыр. Осы орайда, мақалада көрсеткен негізгі мақсат пен міндеттерге жету жолында жас ұрпақты білім нәрімен сусын­датып, үлкен өмір айдынына қанат қақтыратын жоғарғы оқу орындарының атқарар рөлі аса маңызды.

Білім нарығында 25 жылдан астам уақыт бойы бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарды даярлап келе жатқан Халық­аралық бизнес университеті бағдарламалық мақала жарыққа шыққан күннен бастап өздеріне үш негізгі бағытты айқындады:

Біріншіден, жастардың бойын­да рухани құндылықтарды қалыптастыру. Яғни білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жаһандану сатысындағы бәсе­кеге қабілетті маманды даярлау. Осы орайда, жаңа оқу жылынан бастап UІB университеті Қазақ­станда алғашқы болып толық қазақ тілінде MBA оқу бағ­дарламасын іске қосуды жос­парлап отыр.

Екіншіден, қазіргі заман талабына сай шет тілдерін жаппай меңгеру. Сондай-ақ, шет тілінде оқытылатын мамандықтардың санын көбейту.

Бүгінде ағылшын тілі бүкіл әлемде – жаңа техно­логия, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі болып танылған. Қазіргі кезде ақпараттың 70 пайызы ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмай­тындығын Елбасымыз әрдайым айтып, жас буынға даму бағдарын көрсетіп отырады. Осы бағыт бойынша дамитын болсақ, әлем­нің жетекші елдерінің қатарына қосылаты­нымыз анық. Аталған бағыт бойынша UІB универси­тетінде бакалавр және магистр студенттері үшін ағылшын тіліндегі пәндер екі есе көбейтілді.

Үшіншіден, «Рухани жаң­ғыру» аясында Ұлттық аударма бюросының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жобасы­ның алғашқы 18 аудармасы жарық көрді. Жаңа оқу жылынан бастап аударылған еңбектер негізінде арнайы пәндерді оқу бағдарламасына енгізу жоспар­ланып отыр.

Сонымен қатар, біз үшін аса маңызды жобалардың бірі – «100 жаңа есім». Себебі, сапалы білім нәтижесінің көрсеткіші ретінде осы жобаның қатысушыларын мысал ретінде көрсетуге болады. «100 жаңа есім» жобасының қатысушыларының көбі жастар. Олар өздерін қалыптастырған, өз білімі мен талабының арқасында жетістікке жеткен жандар.

«Рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласында көрсетілген негізгі 6 бағыт толығымен жаңа буын өкілдеріне, жастарға арналған деуге болады. Жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың азаматтық белсенділігін қалыптастыру  күрделі әрі еңбекті көп қажет ететін жұмыс. Жастардың патриотизмі күш көрсету, әлде батырлық жасау, «мен патриотпын» деп жар салуда ғана көрінбеуі тиіс. Шынайы жас патриот елінің келешегіне немқұрайлы қарамайтын, оның дамуына үлесін қосуға ынталы, Отанға деген шынайы махаббатын көрсете білетін, ұлттық дәс­түрлерді құрметтей білетін азамат деп білемін.

Осы орайда, яғни жас буын арасында ұлттық сананың жаңғыруына байланысты және Отанға деген шынайы патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында UІB университеті өзінің оқу бағдарламасында барлық 1 курс студенттері үшін үш тілде «Мәңгілік ел – қазақ халқының рухани мұрасының негізі» атты пәнін арнайы енгізген болатын.

Жаһанданған әлем мен муль­ти-мәдени үрдістердің шарықтап тұрған шағында, өзіміздің ұлттық дәстүріміз бен ерекшелігімізді жоғалтып алмау маңызды. Сол себепті, универ­ситет қабырға­сында белсенді, ұтқыр ойлы жастардың басын қосатын «Рухани жаңғыру» жобалық офисі ашылған болатын. Қазіргі таңда түрлі талқылаулар мен пікірталас ойындары үнемі ұйымдастырылып отырады.

Қорытындылайтын болсақ, «Рухани жаңғыру» бір жылдық немесе он жылдық жоспар емес, бұл «Мәңгілік елді» қалыптастыру жолында, ұлттық сананы жаң­ғыртып, рухани құндылығымызды бойымызға сіңіріп, ұлттық коды­мызды айқындайтын көпжылдық бағдарлама деуге болады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *