Мәдениет – ұлт мәйегі

Есмұхан ОБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі, профессор:
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айрықша мән берілген құндылық – ұлт мәдениеті. «Өнер әрқашан да шынайылық пен үндестікке шақырып, ұлтаралық қатынастың әмбебап тіл қызметін атқарады» деп Елбасы айтқандай, өнер – xалық пен xалықты, мәдениет пен мәдениетті жақындастыратын ерекше күш. Рухани жаңғырудың алғышарты – ұлттық болмысты сақтау, бәсекелік қабілетті арттыру. Бәсекелік қабілет қалыптастыруда мәдениет саласының, оның ішінде театрдың орны бөлек. Театр – адамның рухани серігі. Олай дейтінім, адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны осы ошақ. Бір ағылшын жазушысы «Театр мұражай сияқты. Біз оған бармаймыз, бірақ оның бар болғанына қарсы емеспіз» деп жазған. Театрдың өз көрермені бар, мұнда келмейтіндер осы ағылшын жазушысының ұстанымымен жүргені дұрыс шығар. Енді мынаны қараңызшы, Сәкен Сейфуллин қазақ театрын ашқан кезде былай деген екен: «Театрға құлағы естімейтін адам келсе, ол сахнада болып жатқан іс-әрекетті көзімен көріп, түсініп, содан ләззат алуы керек. Ал егер көзі көрмейтін зағип кісі келсе, ол тыңдап ләззат алуы керек». Театр – халықтың айнасы. Олар жабылса… Өнерді өмір деп бағалаған халықтың жағдайын ойлау керек… Театр болмаса – халықтың мәдениетінің кем тұсы да сол болмақ.
Біз, Қазақ елі – өзіміздің алған бағытымыз бар, өскен, өркендеген, білім-ғылымы жеткен елміз. Басқа іргелі елдермен тайталасып тұрған елміз. Мәдениетімізді, әдебиетімізді, тарихымызды, театрымызды әлемге таныта алатын қауқарлы елміз. Бұл ретте Елбасымыздың: «Мәдениеті жоғары, тарихи танымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халықтың іргесі де берік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ деп есептеймін» деген сөзімен ойымды қорытындылағым келеді.