Мұғалім мамандығына грант тағайындады

Рая ЕСКЕНДІР

 

Биылғы мектеп бітіруші түлектер арасында 14–18 мамыр аралығында Алматы қаласы әкімдігінің қол­дауымен, Білім басқармасының ұйымдастыруымен мұғалім мамандығын таңдаған үміткерлерге Қасыл Қатықбаева атындағы грантты ұтып алуға арналған байқау өтеді.

Дәл қазір біздің қоғамда мұғалім мамандығының мәртебесін көтеруге бағытталған бастамалар жүзеге асып жатыр. Мұғалім мәртебесі туралы «Нұр Отан» партиясы да бастама көтеріп, Мәжіліс депутаттары қолдау білдіріп жатқаны белгілі. Жалпы, мұғалімнің мәртебесін көтеріп, мерейін арттыру үшін барлық игілікті істер қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Осы ретте еліміздің өркен­деуіне зор үлесін қосып жүрген «Koktem group» компаниясының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлы тағы да бір тәуекелге барып, үлкен сауапты істі қолға алып отыр.

Халқына адал қызмет етіп жүрген азамат елдің ертеңі, оның жарқын болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін терең түсініп, сол өскелең ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында екендігіне аса мән бере отырып, мұғалім болам деген түлектерге қолдау көрсетуді де өз мойнына алып отыр. Сонымен, Алматы қаласындағы білім ошақтарының 11-сыныбын бітіріп, тек мұғалім мамандығын таңдаған түлектер үш кезең бойынша бағын сынайтын болады. Алғашқы кезеңде үміткерлер оқу сауаттылығы мен математикадан тест тапсырса, екінші кезең бойынша «Мен таңдаған мамандық» деп аталатын эссе жазады.  «Қазақстанның дамуына қосатын менің үлесім» деп аталатын үшінші  кезеңде өз ойларын ортаға салатын болады.

Жобаны қорғау үшін 5 минут уақыт беріледі. Байқауға қатысушыларға оқу сауаттылығынан 20 сұрақ, математикадан 20 сұрақ қойылады. Ақтық кезеңге 35 және одан жоғары балл алғандар өтеді. Байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алған түлекке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқу үшін Қатыл Қасықбаева атындағы грант табыс етіледі. Бірінші орын 500 000 теңге, екінші орын 300 000 теңге және үшінші орын 200 000 теңге. Барлық байқауға қатысушыларға сертификаттар табыс етілетін болады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *