Ұлыс туралы ұлылар не дейді?

Қазақ халқының тарихымен, тағдырымен, салт-дәстүрімен сабақтас  жалғыз ұлттық мерекесі – Наурыз мейрамы. Бұл мерекені кеңес үкіметі қазақ санасынан алып тастауға барын салса да, Алаштың сөз ұстаған азамат­тары халықтың жадында қайта-қайта жаңғыртып отыру арқылы бүгінгі күнге, егемендік таңына жеткізді.

Наурыз мейрамы жайлы әлі де айтыла бермек. Ол отыз ғасырдан бері тойланып келе жатқан мереке. Осы орайда арыстарымыздың Ұлыстың ұлы күні туралы айтқандарын бүгінгі жастың құлағына жеткізуді жөн санадық.

 

Ахмет Байтұрсынұлы:

«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қауышушы еді. «Жаңа жыл қайырлы болсын! Бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді».

 

Міржақып Дулатұлы:

«Жер жүзіндегі жұрт­тардың бәрі­нің де түрлі-түрлі мейрамдары бола­ды. Мәселен, дін мейра­мы, ұлт мей­рамы, мем­лекет мейрамы секілді… Наурыз қазақтың шын мағына­сындағы ұлт мей­рамы. Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-ында, жаңаша 22-сінде «күн мен түн» теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сияды».

 

Мағжан Жұмабайұлы:

«Қазақ жаңа жылын Наурыз дейді. Наурыз әулиенің, әмбиенің аты болмаса керек. Ол күн райын, шаруа ыңғайын дұрыстап зерттеген бір шоңғал, «оқымаған агро­номның» аты болуы ықти­мал. Сондықтан қазақтың Наурызы ешқандай дін мейрамы емес, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек».

 

Сәбит Дөнентаев:

«Марттың 22-сі күні – Наурыз мейрамы (Жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі. Бұл мейрам – дін мей­рамы емес, ұлт мейрамы. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы бол­ғандығының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келе­тіндігіне барлық жараты­лыспен қатар қазақ елі де қуанатын».

 

Сәбит Мұқанов:

«Наурызда» жұрт қысқы соғымның шекесін асып, бір-бірін қонаққа шақырып, қарындағы майды бастайтын. Үлкен­дер «жылдың жерге түскен кезі осы уақ» дейтін».

 

Әзірлеген – Олжас БЕКМҰРАТ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *