Ұлы даланың ежелгі мәдениеті
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұйрығымен бекітілген іс-шаралар жоспарының «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» бағыты бойынша Таң династиясының көне Батыс базарының Сиань музейінде (ҚХР, Сиань қ.) «Ұлы Даланың ежелгі көшпелілерінің мәдениеті» халықаралық жылжымалы көрмесін ашты.
Көрменің ашылу салтанатына ҚХР көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері, атап айтқанда, Шэньси провинциясының мәдени ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы Цзянь Цзи, Сиань қаласының мәдени ескерткіштерді қорғау басқармасының директоры Ма Жуй, Таң династиясының көне Батыс базарының Сиань музейінің директоры Ван Бинь және басқа да музейлер мен ғылыми институттардың бірінші басшылары қатысып, өз сөздерінде екі ел арасындағы достастық қарым-қатынастар үшін мәдени байланыстардың мәнінің зор екендігін ерекше екшеп айтты.
Жұртшылық назарына ұсынылған бұл көрмеге Қазақстан территориясындағы көшпелі өркениетті қалыптастырған сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары даму деңгейіне жеткен бай мәдениетін паш ететін 80-нен астам мәдени құндылықтар қойылып, таныстырылды. Олардың қатарында «скиф триадасы» деп аталып кеткен аң стилінде жасалған қару-жарақ, ат әбзелдері және сақ шеберлерінің өресі биік зергерлік өнерінің куәлары, Жетісу жерінен табылған ғұрыптық атрибуттар – қазандар, шырағдандар, шамдалдар қойылған. Көрме экспозициясының орталық алаңына орналастырылған «Алтын Адам» қытай жұртшылығының, атап айтқанда, тарихшы, археолог, өнертанушы ғалымдардың және қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Қаңлы мәдениетін, Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Арыс өзені аңғарындағы қорымдар мен қоныстардан археологиялық қазба жұмысы барысында табылған артефактілерді көрсетті.
Осылайша Елбасының мәдени мұрамызды шет ел аудиториясына таныстыру туралы тапсырмасының алғашқы қадамын Орталық музей сәтті орындады. Халықаралық музейлер күні қарсаңында жүзеге асырылған аталмыш көрме аясында мәдени құндылықтарды сақтау, қалпына келтіру саласы бойынша тәжірибе алмасу, көрме, археологиялық, антропологиялық ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша бірлесіп жұмыстар атқару бойынша уағдаластыққа қол жетті.
Көрме 2018 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.
Анна КУЩЕНКО, Үміт ӘШІМОВА,
ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері.