ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУ ҮЗДІКСІЗ ЖҮРІП ЖАТУЫ ТИІС

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы сұрақ-жауап түріне негізделді, ерекше форматта тартымды, тартысты өтті деуге болады. Тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, кейбір мәселелер бірден шешімін тауып жатты.

Қали СӘРСЕНБАЙ

«Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапа­сын жақсартуға ерекше мән беріп келемін. Қазіргі «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұр­лы жер» және басқа да мемле­кеттік бағдарла­малардың басты мақса­ты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту» деп атап көрсетті Елбасы Жолдауында.

Баспанасыздың панасыз күй кеше­тіні анық. Бүгінде көпшіліктің үмітін оятып, құлшынысын тудырған «7-20-25» бағдарла­масы турасында орын алған кейбір түсінбес­тіктерге де жауап беріл­ді. Әзірге бұл бастаманың халықтық сипатқа айналмай отырғанына қынжы­лыс білдірген Елбасы оның шарттарын қайта қарастыру керек­тігін де айтты.

Бұл Жолдаудың Президенттің бес әлеуметтік бастамасына тағы да бір тың серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсар­ту мақсатында осыған дейінгі шаралар­дың ауқымын одан әрі кеңейту, толық­тыру басты мақсат етілгені айқын аңғарылды.

Бұл ретте Елбасының: «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді.

Бұл бастаманы әрі қарай жалғас­тырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толық­тыру қажет.

Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымды­лығына айналуы тиіс.

Жастардың барлық санатын қол­дауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформа­сын қалыптастыру керек», – деуі соның дәлелі.

 

Бір жылда 2380 сағат жиналыс Өтіпті, бұл 100 тәулік деген сӨз

Елбасының ел келешегі жастар мен отбасы институтын кешенді қолдаудың мемлекеттік саясаттың басымдығына айналу қажеттігіне айрықша тоқталуы қоғамдағы, ел көкейіндегі өзекті мәсе­ленің тамырын тап басқандығы. Кеңес тұсында «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген нақыл болушы еді. Бүгінде үйлену де, үй болу да қиын екендігін аңғару қиын емес. Оған басты себеп, тұрмыста кездесетін әлеумет­тік тасқындарға тосқауыл қоюдағы қиын­дықтармен бетпе-бет келу екені түсінікті. Осыған орай, Мемлекет басшысының келесі жылды «Жастар жылы» деп жария­лауы да бұл мәселені кешенді, жан-жақты шешуге жасалған қадам деп түсіну керек. Бүгінде ел жастарына бұған дейінгі жаса­лып жатқан қамқорлықты да назардан тыс қалдыра алмайсыз. Мәселен, жаппай студент жатақхана­ларын салу, жоғары оқу орындарына қосымша 20 мың гранттың бөлінуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­­да жүргізілген «100 жаңа есімнің» басым көпшілігін айрықша дарынды жастардың құрауы бұл мәселенің ұдайы Елбасы назарында екендігіне айқын дәлел. Бүгінде 30 пайыздан астамы жастардан тұратын алып шаһар Алматының бұл бағыттағы жұмыс­тарын да мақтанышпен айтуға әбден болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарының білім беру, кадр дайындаудағы жұмыстарының сапасы мен нәтижесін нақты мысалдар­мен талдап берді. Мәселен, бұрын 200 университет болса, ол 130-ға дейін қысқарған. Дейтұр­ғанмен де, бүгінгі түлектердің жоғары оқу орнын бітірген соң жұмысқа орналасуы да оның жұмы­сының басты көрсеткіші, нәти­жесі болып табылатынын еске салды. Осы орайда Жолдауға өз пікірін біл­дірген Тұран университетінің ректоры, жоғары оқу орындары қауымдасты­ғының президенті, қалалық мәслихат депутаты Р.Алшановтың («Алматы ақшамы», 6.10.2018) мына бір пікіріне ден қойған да жөн.

«Президенттің жыл сайынғы Жолда­уының бәрінің өз ерекшелігі бар. Осы жолы Елбасы нақты істерге тоқтап, қабылданған бағдарламаларды аяғына дейін жеткізу керек дегенді нақты тапсырмалармен бекітті. Жоғары оқу орындарының саны керек пе, сапасы керек пе деген мәселе көтерді. Жоғары оқу орнынан дипломмен шыққан түлек­тер жұмысқа орналаса алмаса, ондай оқу орнының қажеті қанша деп шыны керек, қатты талап қойды. Жаңа техно­логияларды енгізу үшін бізге сапалы кадрлар қажет. Сондықтан қазір сту­денттер жұмыс сұраушы емес, жұмыс беруші болуы керек. Біздің университет түлектері бірінші курстан ғылыми жобалармен айналысып, болашақтағы бағдарын бірден анықтап алуға бейім­делген».

Елбасы өз сөзін нақты дерек, дәйек сөздермен тұздықтап отырды. Әсіресе, бюрократиялық дағдылардың асқынып бара жатқанына үздіксіз өтетін жина­лыстарды мысалға алды. Мәселен, елімізде бір жылда 2380 сағат жиналыс өтіпті, бұл 100 тәулік деген сөз. Жиынға қатысып отырған шенді, шекпенді шенеу­ніктерге қарата «сонда қай уақытта жұмыс істейміз, жұмысты кім істейді?» деп мүйізі қарағай­дай сауал тастады. Елбасының мына ойы да осы сөзімен сабақтасып жатты.

 

Алаш қайраткерлері мемлекеттік қызметкерлерді  екіге бӨліп қараған

«Өз тәжірибемнен білемін. Бөлімде он адам отырса, соның ішінде үшеуі ғана баршасы үшін аянбай еңбек етеді. Қалғандары қол қусырып отырады. Сәй­кесінше, тек жұмыс істей алатын­дарға барлығын жүктеп қояды. Осы үшеуі барлық есепті жасап, негізгі жұмыстарды атқара­ды» деді. Меніңше, Елбасының бұл сөзі де мемлекеттік органдарды оңтайландыру кезінде барынша ескерілетін болуы керек. Болмаса құр босқа қара көбейтіп, дайын асқа тік қасық болып «күріштің арқасында күрмек су ішетіндер» қатары азаймасы анық.

Мемлекеттік қызметкердің жұмысы елге, мемлекетке оның заңдарын, тәртібін қатаң сақтай отырып, үлкен жауапкерші­лікпен қызмет етуімен өлшенсе керек. Алаш қайраткерлері мемлекеттік қызмет­кер­лерді «бірі ұлтқа жаны ашитындар, бірі орталық не айтса соған бас шұлғи беретін жәй шенеунік­тер» деп екіге бөліп қараған. Елбасының өмірлік тәжірибесінен алып айтқан сөзі алыптардың осы ойын еріксіз еске түсіреді.

Қатаңдау болса да айтайық. Өмірдің өзінен алынған мысал ғой. Әкем жарық­тық «Адамнан милиция жасау оңай, милиция­дан адам жасау қиын» деуші еді. Өз сөзінде құрылымдық күштердің жұ­мысын да қатаң сынға алған Мемлекет басшысының сөзінен соң бұл салада да күрт өзгерістер өріс алады деген сенім­деміз.

Жолдауда оқу, білім мәселесі жайы айрықша тақырыпқа айналды. Бұл ретте Елбасы келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң қабылданатыны­нан хабардар етіп, Білім, ғылым минис­тріне арнайы тапсырма берді. Елбасы бұл мәселеге неге ерекше мән берілген­дігіне де тоқталып, оның себеп-салда­рын айтып өтті.

– Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң әзірлеп қабыл­дау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шаралар қарастырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгеді: сайлауды да мұға­лім­дер өткізеді, үгіт-насихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Оларды артық жұмыстан босату керек. Мұғалімдер сабаққа ғана дайындалу керек, – деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, Президент үш ауысымды және мектеп тапшылығын шешу үшін қосымша қаражат бөлуді тапсырды.

 

Еңбегі еш, тұзы сор ұстаз

– Балалар қауіпсіздігінің маңызды­лығын ескере отырып, мектептер мен балабақшаларды жүз пайыз бейне­бақы­лау жүйесімен жабдықтауды тапсыра­мын. Мектеп психологтарының жұмы­сын күшейтіп, басқа да шараларды қолға алу керек. Бізде мектептер тапшы, үш ауы­сымдық мектептер бар. Сондықтан 2019–2021 жылдары осы мақсатқа қосымша 50 миллиард теңге бөлуді тапсырамын,  – деді ол.

Ұлт көшбасшысы қоғамдағы, мемле­кеттегі еңбегі еш, тұзы сор ұстаздың жанкешті еңбегіне жан-жақты сарап­тама жасай келіп, 20 жыл ішінде елімізде 1360 мектеп жабылғанын да тілге тиек етті. Осының бәрі жергілікті жердің жағдайына терең сараптама, зерттеу жүргізілмегеннің салдары екенін баса айтты.

Аса сыни сипатта, іскерлік жағ­да­йында өткен жиында Елбасы осы айтылған, тапсырылған міндеттердің тиісті орын басшыларының тарапынан орындалуы, одан қандай қорытынды шығаруына орай қызмет орнында қалу-қалмау мәселесі де қоса шешіледі дей келе былай деді:

«Реформалар мен негізгі страте­гиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, бағалау үшін қажетті өкілеттіктер бере отырып, Президент Әкімшілігінде Ұлттық жаңғыру офисін құруды тапсырамын.

Бұл офис статистикалық көрсеткіш­терге мониторинг жүргізуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесіне сәйкес, тұрғындар үшін өзекті мәселелер жөнінде халық пен бизнес өкілдері арасында тұрақты түрде сауалнама жүргізуді қамтамасыз етеді.

Офис әрбір бағыт бойынша қалып­тасқан  жағдай жөнінде маған үнемі баяндап отырады.

Үкіметтің әрбір мүшесі, мемле­кеттік органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған міндеттердің орындалуына дербес жауап беретін болады».

 

«Жойқын» жиналыс­тарды азайтып…

Демек, бүгінде қоғамның қай сала­сында болсын, ұлттық жаңғыру үздіксіз жүріп жатуы тиіс. Ол үшін жаңғыруды әркім өзінен бастауы керек. Сонда ғана біздің ісімізден нәтиже көрінеді. Бұл ретте әрбір сала басшы­лығының алдына дербес жауапкершілік жүктелуі жұртшылықты айрықша жігерлендіретіні сөзсіз. Сөз бен істің бірлігі ғана біздің алға қойған міндет­терімізді берекелі, бекем ете түсері сөзсіз.

«Ең алдымен, ел қамы, содан кейін қалға­ны» деп Қадыр ақын айтқандай, «Мен әрбір Жолдауымда халықтың әлеу­меттік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беріп келемін» деген Елбасы ел қамын жақ­сартудың тағы бір тың бастамаларын алға тартты. Демек, «жойқын» жиналыс­тарды азайтып, сөзден іске көшсек, нар жолында жүк қалмасы анық.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *