ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ҰЛЫҚТАҒАН

Халықаралық Qazaq kuresі федерациясына 2 жыл толды

Халықаралық Qazaq kuresі  федера­циясы өз жұмысын бастағанына биыл екі жыл.

Қазақ күресінің даму тарихы тереңде жатыр. Той-домалақ, жиын-мереке, түрлі басқосулар палуандардың белдесуінсіз өткен емес. Қазіргі таңда елімізде жекпе-жек өнерін әлемдік бәсекеге лайықты спорт деңгейіне шығару маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.

Осыған орай, 2017 жылы Астанада өткен жалпы құрылтайдың кезекті отырысында Халықаралық  Qazaq kuresі  федерациясын құру туралы шешім қабылданған болатын.

Бүгінде федерацияны мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаев басқарады. Қазақ спортының аңызы, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпі­ров, олимпиада ойындарының қола және күміс жүлдегері, танымал палуан Дәулет Тұрлыханов сынды азаматтар федера­цияның вице-президенттері ретінде тағайындалды.

Халықаралық қазақ күресі федера­циясы – тек «халықаралық» мәртебесімен шектелмейді. Әлемдік деңгейдегі қазақ күресі турнирлерінің белсенді ұйымдас­тырушысы ретіндегі еліміздегі бірегей қоғамдық ұйым.

Сонымен қатар, Халықаралық қазақ күресі федерациясы – ұлттық спорт түрін әлемдік деңгейде дамытып, халық­аралық серіктестер мен спортшылардың басын біріктіріп жүрген бірлестік.

Халықаралық Федерацияның құрыл­ғанына аз болса да, осы уақыт  аралы­ғында ауқымды шаралар мен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Федерация құрамына Еуропа мен Азия елдерінің 28 ұлттық  федерациясы кіреді. Есесіне әлемде ұлттық спортымызға қызығу­шылық танытқандар саны күн санап артуда.

Федерация жыл сайын халықаралық турнирлер мен іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Федерация құрылған 2 жыл ішінде: қазақ күресінен әлем чемпионаты–2017 (Астана, Қазақ­стан), 2018 жылы жаттықтырушылар мен төрешілерге арналған халықаралық семинар (Тбилиси, Грузия), 2018 жылы Қазақ күресінен І Еуропа чемпионаты (Батуми, Грузия), 2018 жылы оқу-жаттығу жиыны (Алматы, Қазақстан), 2018 жылы І Азия чемпионаты (Астана, Қазақстан),  Федерация қолдауымен «Әлем барысы» турнирі өткізілді. Сондай-ақ, 2018 жылы 3 ұлттық чемпионат өткізілсе, биыл ұлттық чемпионаттар саны  10-ға жетті.

2019 жылдың маусым айында Федерация Польшадағы Вроцлав қаласында ІІ Еуропа чемпионатын өткізеді. Бұл чемпионатқа Еуропаның 23 елінен 100 палуан жиналады деп күті­луде. Халықаралық Qazaq kuresі   федерациясы шетелдік бапкерлерге арналған оқу-жаттығу семинарлары мен  палуандардың шығындарын өз мойнына алады.

Әлбетте, қарқынды қолдаудың арқасында ұлттық спортымыз бүгінде әлемге кең насихатталып, үлкен танымал­дылыққа ие.  Қазақ күресімен Грузия, Қытай, Еуроодақ елдері, Иран және т.б. елдері айналыса бастады.

Халықаралық қазақ күресі федера­циясы жыл соңына дейін Еуропа чемпио­натын, Әлем чемпионатын, Әлем кубогын және т.б. көптеген шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Нұр ҚАЙЫР.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *