ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПОРТАЛЫ ЕНДІРІЛЕДІ

Алматыда  Мүгедектерді әлеуметтік қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға  қажетті құрал-жабдықтар мен өнімдер шығарумен айналысатын отандық өндірісшілер мен дистрибюторлық компаниялардың тауарлар көрмесінен басталған бұл  отырысқа  еліміздің барлық аймақтарының әлеуметтік сала бойынша жауапты өкілдері, мүгедектер мәселесімен айналысатын үкіметтік емес  қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты.  Онлайн байланыс негізінде өткен Үйлестіру кеңесінің жұмысын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев  жүргізді.

Онда еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жөніндегі Ұлттық жоспарды жүзеге асыру мен мүмкіндігі шектеулі жандардың экономикалық белсенділіктерін арттыру» туралы,  Денсаулық сақтау министрінің орынбасары  К.Нәдіров  «Мүгедектіктің алдын алу және  оны болдырмау»,  Білім және ғылым министрінің орынбасары Ш.Каринова «Мүгедектердің білім алуға деген қолжетімділігін арттыру», Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрінің орынбасары Е.Әукенов «Әлеуметтік қызмет» порталының ендірілуі бойынша баяндамалар жасады. Сонымен қатар,  Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Д.Есин Ұлттық жоспарды жүзеге асыру мақсатында «Мүгедектер күнін» атап өтудің аймақтар бойынша бірыңғай  күнін белгілеу жөніндегі пікірімен бөлісті.

 

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олардың  тағдыры әр түрлі. Біреуі туабітті кемтар болса, енді біреулері жазатайым  жазымдардың, жол апатының салдарынан мүгедек атанып жатады.  Ешбір адам тағдырдың пешенесіне жазылған жазуынан қашып құтыла алмас. Бүгінде елімізде  мүгедек деген тағдыр-талайына   жазылған  690 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар  көрінеді. Ал оның тоқсан мыңнан астамын бесіктен белі шықпаған сәбилер, балалар мен жасөспірімдер құрайтын көрінеді. Біреудің көмегіне, қолдауына зәру  жандарға елімізде қандай қамқорлықтар мен көмектер жасалып жатыр.  Олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір  сүру сапасы жақсарту  бойынша 2019–2025  жылға арналған Ұлттық  бағдарлама мен Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектер құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі конвенциялардың талаптарын орындау қалай жүзеге асырылып жатыр, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандардың қолайлы өмір сүрулеріне қажетті жағдайлар жасалған ба? Олардың  денсаулығын жақсарту  мен оңалту жұмыстары, білім алып, кәсіп игеріп, жұмыс істеу мүмкіндіктері қалай деген сауалдарға отырысқа қатысқан тиісті сала  басшылары мен өкілдері жан-жақты жауап беруге тырысты.

Отырыста сөз алған  халықтың әлеуметтік мәселесіне жауапты тұлғалардың айтуынша, Қазақстанда   мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау, олардың құқықтарын қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүрулері мен олар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға  қажетті барлық жағдайлар  жасалған.  Тиісті сала басшылары мен өкілдерінің бұл сөзін жоққа шығаруға болмас. Шын мәнінде   мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шеттетпеу мақсатында  жүрек жібітіп, жан жадыратар істер аз емес. Күн өткен  сайын олардың замандастарымен  қатар жүріп-тұруларына, білім алып, еңбек етулеріне  тиісті мүмкіндіктердің барлығы да қарастырылған.   Білім орындарына бару мүмкіндігі жоқ балалар мен жастарды үйде оқыту, көмекшілер тағайындау ісі де оң жолға қойылып келеді. Оларды жұмыспен қамту істері де біртіндеп жүзеге асырылуда.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз келешекке айналуы тиіс. Кәсіпкерлерге барынша оларды жұмысқа орналастыруға шақырамын. Біз оларды белсенді өмір сүруге тартуымыз керек. Олар жәрдемақы ғана алып қана қоймай, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінулері тиіс. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік кіріктірудің маңызды шарттарының бірі – кәсіптік оңалту болып табылады.  Бұл еңбек табысы көздерінің бірі ретінде жалпы және кәсіптік білім берудің қолжетімділігін   қамтамасыз ету, нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектесу, арнаулы әлеуметтік жұмыс орындарын құру», – деген болатын.

Президентіміздің бұл талаптарын жүзеге асыру   мақсатында аталған  осы мәселелердің барлығы  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету  және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспарда толық қамтылған.

Ендігі міндет осы Ұлттық жоспарды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың игілігі үшін дұрыс қолдана отырып, жұмыс жасау керектігін  отырысқа қатысушылар баса айтты. Бұрын мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажетті көмекші құрал-жабдықтарды  мемлекеттік сатып алу бойынша алатын болса,  жаңа жылдан бастап  ендірілетін «Әлеуметтік портал» арқылы өз таңдауы бойынша  алатын болады. Бұл да Ұлттық жоспардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға  беріп отырған үлкен мүмкіндігі. Болмаса, әлеуметтік Әл-ауқат басқармасының мемлекеттік сатып алу  жүйесі бойынша алып беретін құрал-жабдықтардың көбі пайдалануға жарамсыз, сапасыз болып жататын жағдайы жиі кездесетін. Ал енді  оны   еліміздегі  мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құрал-жабдықтар  мен өнімдер шығаратын  он алты мыңнан астам өндіріс орындарының басын біріктірген  «Әлеуметтік қызмет» порталы арқылы алатын болады.

Отырыста сондай-ақ, мүгедектіктің алдын алу, ерте диагностикалау, оңалту мәселелері де сөз болды.   Соңғы үш жылда  құрсақтағы нәрестенің денсаулығын тексеру барысында жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесінде    даун синдромы, жүрек қызметінің  бұзылуы және туабітті  пайда болатын кемтарлықтардың саны азайды, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары К.Нәдіров.  Үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында   елімізде салынатын  нысандарды  жобалау, салу, пайдалануға беру кезінде сәулет және қала салу құрылысы қызметіндегілер әлі де болса мүмкіндігі шектеулі  жандар үшін кедергісіз орта қалыптастырып, олардың кіріп-шығуына қажетті жағдайларды қарастырамай отырғандығы, жұмыспен қамту мәселесінің де  толық шешімін таппай отырғаны айтылды.

Оған еліміздегі  еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тек 27 пайызының ғана жұмыспен қамтылып отырғаны дәлел болса керек. Мүгедектердің  жылына бір рет бас қосуына мүмкіндік беретін «Мүгедектер күнін» де еліміз бойынша бірыңғай уақытқа қою, бірыңғай ақпараттық жүйе құру  және оңалту орталықтарын салу мәселелері де сөз болды.  Жалпы отырыста мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген мәселелер талқыланып, тиімді ұсыныстар айтылды.

Отырысты қорытындылаған  Премьер-Министрдің орынбасары  аймақ басшылары мен әлеуметтік сала басшыларына    кедергісіз  орта қалыптастыру, жұмыспен қамту кәсіп игеруге, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қимыл-қозғалысын қамтамасыз ету үшін қолайлы орта қалыптастыру,  жұмыспен, қамту үшін квота бөлуге, білім алуларына деген қолжетімділікті арттыруға көңіл бөлуді тапсырды.   Бұдан соң  Бердібек Сапарбаев   Алматы қаласындағы «Арди» оңалту орталығында барып, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Керек-дерек:

* «Еңбек» бағдарламасы аясында  47 мың  мүгедек адам жұмыспен қамтамасыз етілген.

* 900 мүмкіндігі шектеулі азамат шағын кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болған.

* 258 азамат қайтарымсыз  несие алып, өз кәсіптерін ашқан.

*  Мүмкіндігі  шектеулі азаматтар үшін 2,4 мың квота бөлініп, 9 мың адам жұмыспен қамтылған.

* 24 жұмыс орындары ашылып, «Кәсіп атласы» жасалған.

* Аймақтарда 11 реабилитациялық орталықтар жұмыс істейді. 2021 жылы үш жаңа орталық  салынады.

* 154 мың  мүмкіндігі шектеулі бала  арнайы және инклюзивті білім алумен қамтамасыз етілген.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close