Өлем деп өкінбеген өршіл ақын

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

 

«…Майдан етіп дүние төрін,

Темір, гүрзі қақтап отқа,

Жекпе-жек кеп өмір, өлім,

Соққыласып жатқан жоқ па?..».

 

Қару мен қаламды қатар ұс­таған қаламгердің бірі де бірегейі Қасым Аманжо­лов­тың «Ақын өлімі туралы аңыз» деп аталатын атақты дастанының бастапқы жолдары бұл.

 

Оның қарша борап тұрған жау оғының астында, бір шеті өртеніп жатқан блиндажда, опырылып қалған окопта жазған жырлары, шығарған әндері жауынгерлердің жүрегіне нәр құйды, бойларына әл берді.

Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз»  дастаны майданның ғана жыры болып қалмады, бүкіл қазақ поэзиясының поэма жанрындағы үздік жетістігі болып тарихта қалды. Поэмаға  26 жасар жауын­гер-ақын Абдолла Жұмаға­лиев­тың майданда көрсеткен ерлігі арқау болған

…Бөлімшесімен немістердің қор­шауына түскен Абдолла үйдің шатырын паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Жалғыз өзі авто­маттан оқ жаудырып, немістің 100 қаралы әскерін үйге жолатпайды. Жау­дың «Өз еркіңмен беріл, жаныңды сақтап қаламыз» дегеніне қарамай, соғыса береді.

«Құдірет күші, жер-жаһанның,

Қанатын бер қыран құстың,

Ашуын бер арыстанның,

Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу-кегі

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да жарыл жүрек!..».

Көптеген солдатынан айырыл­ған немістер үйді өртейді. Бірақ  Абдолла берілмейді, қарсылық көрсеткен күйі үймен бірге өртеніп кетеді.

Арқалап сол майдан жүгін,

Қырғын соғыс ортасында,

Жүрегінің кекті зілін,

Қоса түйіп қорғасынға,

Ерегіске жанын тігіп,

Күтті жауын, тас бекініп…

– Ала алмайсың! – деді

ер ұлан,

– Алмай қойман! – деді жауы.

Қысты келіп жан-жағынан

Темір торлы жау құрсауы.

Ашып отқа омырауын,

– Естісін! – деп, – қырсық

жауым.

Айтты ол шырқап өрт ішінде

Сүйген әні «Қарғам-ауын»…

Поэма Абдолла өмірінің осы ер­лігін  баяндайды. Жалынға айна­лып бара жатқан Абдолланың бойы­нан, не болмаса әрекетінен трагедияның табы сезілмейді. Қайта оқырманды құлшын­дыра­тын, өршітетін романтикалық көрі­ніс көз алдыңа келеді. Ақын кейіп­кері  өртеніп бара жатып та қару­лас достарына өнеге көрсетіп бара жатыр… Ақынның құдіреті, Қасым­ның құдіреті осы болса керек.

Осы дастан туралы қазақ әде­биетінң классигі  Ғабит Мүсіре­пов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шық­қан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп  кезінде әділ бағасын берген екен.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *