КОРЕЙ ТҮБЕГІНДЕГІ ЖАҒДАЙ УШЫҒЫП ТҰР…

 261Пхеньян мен Сеул бір-біріне қыр көрсетуде

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Солтүстік пен Оңтүстік Кореяның  арақатынасы әуелден жаймашуақ қалыпта емес екені белгілі. Биылғы жылдың басынан ол бұрынғыдан да күрделене түсті. Оған себеп…

Саясаттанушы сарапшы мамандардың айтуынша, оған КХДР (Корей Халық Демократиялық Республикасының)  кезекті төртінші рет ядролық қаруды сынауы себеп болған көрінеді. Өздері оны «сутегі бом­басы» сыналды деп жариялағанымен, әскери мамандар «ядролық заряд сыналды» деп отыр.

Бұл аз болғандай, арада бір ай өтісімен Солтүстік Корея  зымыранның күшімен ядролық соққы беретін Жер серігін ұшыр­ды. Сөз жоқ, мұндай әрекеттер Оң­түстік Кореяның  ашу-ызасын келтіріп, тиісті амалдар қолдануға мәжбүр етті.

Пхеньянның ядролық сынақтарына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ҚХДР-ға қарсы соңғы жиырма жылда болмаған ең қатаң санкцияларды жариялады. Оны отырысқа қатысқан Қауіпсіздік кеңесінің он  мүшесі де қолдады. Осыған қарамастан Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын өзінің әскерилеріне зымырандық-ядролық бағдарламаны одан әрі дамыта түсу жөнінде тапсырма берді.

Жұртшылықтың есінде болса керек.  Арғыларын айтпағанда, қос Кореяның бір-біріне қару кезеніп, қорқытып-үркіту оқиғасы осыдан тура үш жыл бұрын, яғни 2013 жылдың наурызында орын алған. Ол кезде де Солтүстік Корея билігі: «біз Оң­түстік Кореямен «соғыс жағдайын­дамыз», оның тарапынан немесе оған жақтас болып отырған АҚШ жағынан жасалатын кез келген арандату әрекетіне ядролық қарумен соққы береміз» деп мәлімдеме жасаған. Және де: «екі  Кореяның арасындағы барлық мәселе соғыс жағдайының талап-шартымен шешіледі» деп ескерткен еді.

Наурыздың өткен 7-жұлдызынан бастап Оңтүстік Корея мен АҚШ бірлесіп «Sangyong» атты әскери жаттығу шара­ларын өткізе бастады. Бұл шараға  Сеул тарапынан 300 мың  жауынгер, Вашингтон жағынан 17 мың жауынгер тартылды. Әскери жаттығу 30 сәуірге дейін жал­ғас­пақ. Бұған жауап ретінде  Солтүстік Корея өзінің қарулы күштерін соғыс жағдайына дайындап сақадай-сай етіп, КХДР-дың Бас штабы елдің шығыс, орталық және батыс бөліктерінде орналасқан әскери құрамаларын қарсы жақтан қауіп төнген бойда бірінші болып, шұғыл соққы бере алатындай жағдайға келтіріп қойды.

Бір айта кететіні, Солтүстік Корея беріде, яғни, 2005 жылы ақпанда ядролық қаруға қол жеткізгенін ашық жариялады. Келесі 2006 жылдың 9 қазанында бірінші рет ядролық жарылыс сынағын жасады. 2009 жылғы 4 сәуірде  зымыранмен жердің сері­гін ұшырды. Мамандар:  «ондай зымы­ран ұшырған оқтұмсық  сонау Аляскаға жетіп, көздеген нысанаға соққы бере алады» деген баға берді.  Міне, осы сынақтан кейін КХДР-ның ядролық бағдарламасы жөнін­дегі алты жақты келіссөздер шұғыл тоқтатылды.

2009 жылдың 25 мамырында  Пхеньян екінші рет ядролық қару сынағын өткізді. Оның қуаты 10-20  килотонна шамасында болды. Үшінші рет 2013 жылғы 12 ақпанда  қуаты 6-7 килотонналық сынақ  жаса­лынды. Жоғарыда айтылғандай, төртіншісі  осы жылдың 6 қаңтарында жүзеге асы­рылды. Бұл жолы олар: «сутегі бомбасы  сыналды»  деп хабарлады.

Көптеген қарсылықтарға қарамастан Солтүстік Кореяның бүкіл адамзатқа қауіп-қатер төндіретін ядролық қаруды қайта-қайта сынақтан өткізуі халықаралық қау­ым­дастықтың алаңдаушылығын ту­дыру­да.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында: «Солтүстік Кореяның ядролық қарулануы халықаралық қауіпсіз­дікке қауіп төндіреді. Режимге қарсы БҰҰ-ның мақсатты санкциялары керек, бірақ, ол халыққа зиян- зардабын тигізбеуі қажет», – деген пікір білдірді.

Жалпы, қос Кореяның бір-бірімен қыр­ғи-қабақ қатынасы кейінгі алпыс жыл кө­ле­мінде жалғасып келеді. Екі тарап та бірін-бірі айыптап, қоқан-лоққы көрсетіп, тіпті, соғыса жаздап, қару кезенуден кенде емес.

Өткен тарихына көз жіберсек, 1910–1945 жылдар аралығында  Корея жұрты  Жапонияның отарлық билігінде болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бір жағынан КСРО, екінші жағынан АҚШ-тың  дем беруімен Корей түбегі 38 параллель бойынша  Солтүстік  Корея және Оңтүстік Корея болып екі мемлекетке бөлінді.

Сол 1948 жылдан бастап Корей Демократиялық Республикасында  Кеңес одағының үлгісімен  Корей Еңбек партиясы үстемдік етті. Елде жоспарлы экономика енгізілді. 1949 жылдан бүкіл өнеркәсіп, сыртқы және ішкі сауда-саттық мемле­кеттің бақылауына көшті.

Екі ел үшін де 1950–1953 жылдар  қаралы кезең саналады. Бұл аралықта  Оңтүстік пен Солтүстік арасында кескіл­кескен шайқас жүріп, соғыс барысында  1,3 млн. адам көз жұмды. Қос тараптың да 80 пайыздан астам тұрғын үй ғимараттары, өндіріс орындары мен көліктік құры­лымдары қирады. Оңтүстік Кореяға АҚШ пен Англия бастаған капиталистік елдер, ал Солтүстік Кореяға  КСРО мен Қытай қолдау көрсетті. Үш жылға созылған Корей соғысы ақырында екі жақтың  ымыраға келуімен тоқтатылды. Бірақ, бір өкініштісі, түбі бір қос мемлекеттің арасында әлі күнге дейін бейбіт келісімге қол қойылмаған.

Өткен кезең ішінде Солтүстік  Корея да, Оңтүстік Кореяда дамудың  алпыс жылдан астам бел-белесінен өтті. Соған қарамастан  екеуіндегі  жағдайы,  халықтың  өмір сүру деңгейі  әрқалай.

 

Солтүстік  Корея

 

КХДР  әу бастан экономиканың жос­парлы жүйесін, басқарудың коман­далық әдісін таңдады.  Корей соғы­сынан кейін ол Кеңес одағының  жан-жақты көмегі мен демеуін көрді. Соның арқасында оның даму барысы бастапқы кезде елеулі қарқын  алды. Алайда, 1974 жылы мұнай бағасының күрт өсуі  кері әсерін тигізді. 1980 жылы  ел дефолтты бастан кешіп, өндірісі құлдырады. Бұған қоса, тоқсанын­шы жылдарға қарай  табиғи апат пен қуаңшылық белең алып, елді аштық жайлады. Осыған байланысты  Солтүстік Кореяға  көптеген халықаралық ұйымдар тарапынан айтарлықтай гумани­тарлық көмектер көрсетілді.

2009 жылы жоспарлы экономиканы нығайту, рыноктың ықпалын азайту мақсатында ақша реформасы жүргізілді. Өкінішке қарай, ол күткендегідей нәтиже бермеді. Керісінше құнсыздануды күшейтіп, тауарлардың тапшылығын тудырды. Келесі жылдың басында-ақ бұл реформаны жүргізген  Мемлекеттік жоспарлау коми­теті­нің төрағасы Пак Нам Ки қызметі­нен алынып, көп ұзамай оған ең жоғары жаза қолданылды. Ал, премьер-министр Ким Ен Иль  ақша реформасының сәтсіздігі үшін халықтан кешірім сұрады.

2012 жылдың  тамызында КХДР жаңа басшысы (Ким Ир Сеннің немересі, Ким Чен Ирдің кіші баласы)  Ким Чен Ын елдің жаңа экономикалық бағытқа көшуі туралы жарлыққа қол қойды. Соған сәйкес кәсіп­орындарға мемлекеттің бақылауынсыз өз бе­­тін­ше жұмыс істеп, шығарған тауар­ла­рына өздері баға қоятындай мүмкін­дік берілді.

Негізінде, Солтүстік Кореяның экономи­калық дамуы жайында мәліметтер жабық. Көпшілігі, әсіресе, соңғы кездегілері айтылмайды. Дегенмен, 2006 жылдан бері  ЖІӨ өсуі жылына 1 пайыз деп айтылып жүр.  Мәселен, 2002 жылдың бюджеті – 10,1 млрд. доллар болған деседі. Сол жылы ЖІӨ өнеркәсіптің үлесі 34 пайыз, ауыл шаруашылығының үлесі 30 пайыз болған.

Аграрлық сектор жайында айтқанда, жерінің көбі таулы болып келгендіктен, бар болғаны 20 пайызы ғана ауыл шаруашы­лығына, оның ішінде 16 пайызы егін шаруашылығана  қолайлы. Оларға дәнді дақылдар, соя, мақта,  зығыр, темекі, қант қызылшасы егіледі. Сондай-ақ, женьшень, көкөніс және жеміс ағаштары өсіріледі. Мал шаруашылығынан: ірі қара, шошқа мен құс  өсіру қолға алынған.  Жібек құртын өсіру, балық аулау, теңіз өнімдерін өндіру біршама жолға қойылған. Кеңес одағының үлгісімен құрылған  колхоздар 2002 жылы отбасылық фермерлік жүйеге көшірілді.

Жер қойнауы  түсті металдар қорына, оның ішінде: мыс, мырыш, қорғасын, никель, вольфрам, молибден, т.б. бай. Елеулі табыс осы аталған түсті металл өнімдерін экспортқа шығарудан түседі.

Электр қуаты  (жалпы әлеуеті 10 млн. кВт болып есептелетін)  СЭС-терден,  антр­цит түріндегі және қоңыр көмірді тұтынатын ЖЭС арқылы өндіріледі. 2001 жылы бүкіл елдегі электр энергиясының 69 пайызы СЭС-да  өндірілген.  Басқаларға қарағанда, орман, мұнай өңдеу, химия, же­ңіл және тамақ өнеркәсібі  едәуір  тәуір дамыған.

Мұнда «Фиат» жеңіл автокөлігінің жергілікті үлгісі және жолсызбен жүретін автокөліктер құрастырылады. Токчондағы  «Сынни» автозауыты жүк көліктерін шығарады.

Ресми түрде бүгінде КХДР-дың  ЖІӨ 14,4 млрд. доллар саналады. Жан басына шаққанда 1200 доллардан айналады.

 

Оңтүстік Корея

 

Оңтүстік  Корея, яғни Корея Республикасы   бірден капиталистік даму жолына бет бұрды. 1950-53 жж. соғыстан титықтап шыққан бұл елдің жағдайы  60-жылдары ауыр болды. ЖІӨ мөлшері жан басына шаққанда небәрі 72 доллардан ғана келетін еді. Бұлардың басты бақталасы және қарсыласы саналатын Солтүстік Кореяға КСРО бастаған социалистік елдер жан-жақты қолдау мен көмек көрсетті. Бұрынан қалыпты жұмыс істеп келген өнеркәсіп орындарының негізгі бөлігі сонда қалып, бұларға қыр-адырлы жері, яғни, аграрлық бөлігі тиді. Қара жұмысқа бейімделген халқының да сауаты төмен болатын.

Экономикалық дамуда орталықтанған басқару әдісі жетекші рөл атқаруы тиіс деп есептелінді. Соның нәтижесінде экономиканың құрылымында мемлекеттік капитализм  де еркін сауда да көрініс тапты. Бүкіл банк жүйесі мемлекеттің бақылауына көшті. Үкімет сондай-ақ, әртүрлі қызметтермен айналысатын жергілікті қаржылық өнеркәсіптік топтар, ірі конгломераттар  – чеболдарға қолдау көрсетті.  Мемлекеттің меншігінде темір жол желісі, электр энергиясын беретін және сумен қамтамасыз ететін салалар, автокөлік жолдар мен порттар ғана қалды.

Халықтың басым бөлігін ауылдық тұрғындар құрайтын. Сол себепті үкімет оларды  қалалық жерлерге көбірек тартып, зауыт-фабрикаларда  жұмыс істетуге тырысты. Алдымен мүмкіндікке қарай арзан балалар ойыншықтары мен түрлі мата өнімдерін өндіртіп, оларды шет елдерге экспортқа шығарды. Одан түскен қаражатқа керекті ресурстарды сатып алып отырды. Осылай сегіз жыл уақыт өтіп, экономика аз да болса алға жылжыды. ЖІӨ жан басына шаққанда 600 долларға жетті.  Алайда, үкімет басындағылар  ауыр өнеркәсіпті дамытпай елдің оңалмайтынын білді.

 

Өнеркәсіптің ішінен:

– болат қорыту;

– автокөліктер шығару;

– станоктар жасау;

– кеме жасау;

– химия;

– мұнай өңдеу;

– электроника салаларына басымдық беріліп, соларды өркендетуге көбірек көңіл бөлінді. 

Ақиқатын айту керек. Мұны іске асыруда, яғни, қаражат пен мамандар жөнінен АҚШ кеңінен қолдап, көп көмек көрсетті.  Жасаған жоспарлары дұрыс болып шығып, аталған салалар Оңтүстік Кореяның өндірісін алға шығарды.

Дегенмен, Оңтүстік Кореяның  даму барысы ешбір іркіліс,  дағдарыссыз жүріп отырды десек, артық айтқан­дық болар еді. Айтқандай-ақ, 70-жылдардың аяғында елдің өндірісі, дәлірек айтқанда, өнеркәсіп секторы бірқатар қиындықтарға тап болды. Өйткені, бұған дейін бұларда жұмыс күші арзан болғандықтан,  өнімнің өзіндік құны төмен болып, әлемдік рынокқа бәсекеге төтеп бере алатындай тауарлар шығарып елеулі пайда тауып келген еді. Бұл өз кезегінде осылай жинақталған қаржы-қаражатты басқа салаларға, әсіресе, ауыр және химия өнеркәсібіне, басқа да жоғары технологиялық өндіріске жұмсауға мүмкіндік бере бастаған болатын. Күтпеген жерден энергетикалық дағдарыс бой көрсетіп, мұнай бағасы қымбаттап, ол оңтүстіккореялық тауарларға деген сұранысты  шектеп, төмендетіп жіберді.

Бұл ретте ел үкіметі шұғыл түрде  кең көлемді экономикалық реформаларды жүзеге асыруды қолға алды. Құнсыздануды ауыздықтау мақсатында консер­вативтік монетарлық саясат таңдалынып, қатаң фискал­дық шаралар қолданылды. Айналыстағы  ақшаның көлемі дереу 30 пайыздан 15 пайызға төмендетілді.

Сексенінші жылдардың аяғына қарай халықтың әл-ауқатының, қаржылық әлеуетінің артуына орай олардың өз өнімдеріне, әсіресе, автокөліктер мен өзге де қымбат тауарларға деген сұраныс артып, ішкі рынок  та экономикалық өсудің негізгі бір факторына айналды. Жан-жақты әлденіп, қуаттана түскен Оңтүстік Корея әлемдік экономикаға етене кірігіп, көптеген халықаралық экономикалық ұйымдардың қатарына қабылданды.

Қазіргі күні Оңтүстік Кореяда өндіріс салаларының ішінен халық тұтынатын тауарлар: электроника бұйымдары, автокөліктер, текстил өнімдерін шығару ісіне, ал ауыр өнеркәсіпте кеме жасау, болат өндіруге көбірек көңіл бөлінген. Осы салалардың өнімдері экспортта басым бөлікті құрайды. Бұл ел ауыл шаруашылығында, негізінен, күріш өсірумен айналысқанымен, ішкі рынокта оның бағасы сыртпен салыстырғанда бес есе қымбат. Сондықтан да ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымымен)  импорттың мөлшерін біртіндеп көбейту жөнінде келісілді. 2014 жылға қарай шеттен сатып алынатын күріш өнімдерінің үлес салмағы жалпы тұтынылатын көлемнің 8 пайызын құрайтын болды. Оның үстіне импортталған күріштің отыз пайызы тікелей тұтынушыларға жеткізіледі. Мұндағы мақсат – халықты арзан күрішпен қаматамасыз етіп, азық-түліккке деген сұранысты қанағаттандыру болатын.

 

Бүгінде Оңтүстік Кореяның  ЖІӨ 1,4 трлн. долларға жетті.   Жан басына шаққанда  29140 доллардан келеді.  Даму деңгейі жөнінен әлемде 11-орынды иеленеді. Әрі Азияның жолбарыс елдерінің бірі саналады.

 

Биыл тоқсанның табалдырығын аттаған менің әкем аздап кәрісше біледі. Кәрістер: «суды – «мури», нанды – «пан» дейді», – деп отырады.  Басында «арнайы оқып, білім алмаған, қиян шет, бір түкпірдегі  ауылда өскен әкеміз корей тілін қалай біледі?» деп таңданушы едік. Сөйтсек, сонау 1937 жылдың күзінде біздің ауылға – Октябрь колхозына Қиыр Шығыстан корейлерді күштеп көшіріп әкелген екен. Аш-жалаңаш, жадап-жүдеп келген оларды  бүкіл ауыл жатсынбай қарсы алып, барымен бөлісіпті. 10-11 жастағы әкелеріміз солардың балаларымен құлын-тайдай араласып өсіпті. Көздері көріп, өздері куә болған әкелеріміз бен аталарымыз корейлердің еңбекқорлығын, адалдығын, уәдеге беріктігін, кейбір салт-дәстүрлерінің бізге ұқсастығын әлі күнге  тамасана айтып отырады.

Беріректе тарихи деректерден оқып-білгенім: расында да, 1937 жылдың 21 тамызында КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен Б (б)КП ОК №1428-326 «Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан корейлерді көшіру туралы» қаулысымен 172 мың корей ұлтының өкілі Орта Азияға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына, Арал мен Балқаш маңына, Өзбекстанға көшіріліпті. Мұндай шараның қолданылуына сол жылдың шілде айында Жапонияның Қытайға соғыс ашуы себеп болған көрінеді. Тура солай деп ашық айтпағанымен, сірә, кеңес үкіметі «Қиыр Шығыстағы корейлер жапондарға қызмет етуі ықтимал» деп қауіптенген  сыңайлы.

Қарапайым ауыл адамының пайым-түсінігі ғой. Менің әкем: «кәрістердің сонау 1937 жылы күштеп көшірілуін, тіпті, бүгінде екі корей мемлекеттерінің бір-бірімен дүрдараз болып, жауласып отыруы саясаттың кесірінен, басқа  біреулердің айтақтауынан. Әйтпесе, ол табиғаттың  тосын құбылысынан, апат-қасіретінен болып жатқан жоқ қой», – дейді. Мүмкін ол кісінің айтқаны дұрыс шығар. Саясат дегеннің араласпайтын жері жоқ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *