КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ РУХТЫ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН

«Алматы университеті» білім қуған жастарға өз есігін алғаш рет 1998 жылы айқара ашты. Ол – өзіндік білім беру жүйесінде, ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі қалыптасып келе жатқан жаңа инновациялық форматтағы жоғары оқу орны.

Университеттің 2013-2020 жылға құрылған стратегиялық жоспары жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім кеңістігінде оқу бағдарламаларын интеграциялауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған.

Қазіргі уақытта университетте ғылыми дәрежесі жоғары оқытушы-про­фессорлар құрамы 66%. Оның ішінде Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, шетелдік ЖОО құрметті профессорлары, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегерлері, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар, доценттер бар.

Сондай білікті мамандардың бірі, тарих ғылымының кандидаты, доцент, «Алматы университетінің» «Жаратылыстану және гуманитарлық мамандықтар кафедрасының доценті Зарықбек СЛАМБЕКОВТІҢ рухани жаңғыру төңірегіндегі ой-пікірлерін білмекке әңгімеге тартқан болатынбыз.

 

Абай атамыз айтты ғой, орыстың тілін біл, мәдениетін таны деп. Әлихан Бөкейханов та кезінде Ресей Федерациясы құрамында болу арқылы біз әлемдік кеңістікке шығуға мүмкіндік аламыз дегенді айтқан. Бірақ ол сол кездегі тарихи дәуір ахуалына байланысты. Ал қазір ол заман емес. Латын әліпбиі қазіргі дамудың легінде болуымыз үшін  қажет. Латын әліпбиі, кереметтей болмаса да, белгілі бір деңгейде бүгінгі қолданыста бар. Ағылшын тілін ұғу, үйрену үшін бізге латын тілі сөзсіз жол ашып береді.

– Рухани жаңғыру біздің қазақ қоғамының дамуы кезеңдерімен бай­ланысты бұрыннан бар дүние. Мысалы, отарлау саясатына қарсы ХІХ ғасырдағы ұлт  азаттық көте­рілістер, ХХ ғасырдың бас кезіндегі  ұлттық демократиялық-либе­ралдық алаш қозғалысы, халықтың ұлттық санасының қалыптаса бастауы – бұның бәрі адамдардың өмірде болып жатқан өзгерістерді жаңаша тұрғыда, олардың шынайылығын танып біле алуымен байланысты.

Кеңес өкіметінің орнауы, социа­листік құрылысты күштеп жүзеге асыру шараларының нәтижесі қазақ халқын ХХ ғасырдың отызыншы жылдары қырғынға ұшыратты, саяси жазалаулар ұлт зиялы­ларын жойып жіберді.  Саяси биліктің социализм идеологиясы социалистік меншікті көздің қарашығындай сақтау дегенді желеу етіп, аяусыз  жазалау әрекеттері  қоғамда жап­пай үрейді, қорқыныш, жасқан­шақтық психологияны туғызды. Қазақ халқының дәстүрлі қоғамы­нан жаңа қоғамдық қатынастарға біртіндеп өтуінің заңдылықтары ескеріл­мей, социализм принциптері күштеп таңылды. Бұл жерде баса назар аударатын мәселе – осы күнге дейін кеңестік дәуірде, социализмде өмір сүрдік деген түсініктің мәнін ашып алуымызда. Социализм болды ма? Социализм принциптері күшпен енгізілді. Ал қоғамда адамдар әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілген жоқ. Күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар қат, барлық  жерде тауарға, азық-түлікке ұзын-сонар кезек болды. Сондықтан рухани жаңғыру дегенде ең ал­дымен өткен кезеңнің осындай ақиқатын біліп, тарихтың тағылы­мынан сабақ алғанымыз маңызды. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы ойымыз да, сөзіміз де, іс-әрекетіміз де бір жерден шығатындай сабақ­тастықта болуы шарт.

Кеңестендіру саясатының ас­тарында орыстандыру жатты. Халықтың санасынан  қазақтық қасиет жойылуға жақын қалды.  Тіпті, қазақ деген ұғым   қазақ­бай­шылық болып қалды. Қазақша деген нәрсенің бәрі жағымсыз түсінікке айналды.

Қазақ ауылдары ұлттық дәстүр­лерімізді сақтап қалды дейміз. Расы солай! Бірақ рыноктық қатынас­тардың дамуы бары­сында ауыл­дарды сол қалпында сақтап қалу керек пе? Меншіктің мазмұны да, түрі де өзгерді ғой.   Өткен ғасыр­дың 30-жыл­дарынан бастап құрыл­ған колхоздар, кейін совхоз орта­лықтары – дәстүрлі қазақ ауылдары емес, көбінесе шөл, шөлейт ау­дандарда қазақтарды отырықшы­ландыру, шаруашы­лықтарын қоғамдастыру үшін құрылған елді мекендер – адам­дарды белгілі бір жерлерге бекітіп қойған кеңес заманынында қалып­тасқан ауылдар болатын. Амери­када үндістердің резерва­циясы деген бар ғой, дәл сол сияқты болмаса да, қазақтарды мәдениет және өндіріс орталық­тарынан оқшауландырып тастады.

Сондай-ақ, ол заманда ауылдан қалаға келіп жоғары оқу орнына түсіп оқитын жастардың саны аз болатын. Дегенмен де, тұтас ұлттың санасын қапаста ұдайы ұстап тұру мүмкін емес еді.  Біртіндеп  ұлттық сана 60-жылдары қайта ояна бастады. Халықтық құндылық­тарымызға деген құрмет күшейді. «Менің Қазақстаным» өлеңінің жарыққа шығуы, «Дос­мұқа­санның» әндері, қазақ жастарының спорт саласындағы жетістіктері, әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының өмірге келуі (сол кездегі кеңестік идеоло­гияның үстемдігіне қарамастан, қазақ қоғамы бейнесінің шынайы сипат­талуы) ұлттық қадір-қасиетіміздің жаңғыруына түрткі болған еді. Шәмші Қалдаяқовтың әндері қандай керемет! Рухты оятып, жігер­лендіретін.

1960–1980  жылдары қалада қазақ жастарының саны біртіндеп көбейе бастады. Бірақ олар әлеу­меттік, ұлттық  кемсітушіліктерді бастан өткерді. Ал Желтоқсан оқи­ғасы сол кездегі биліктің өктемдігіне ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, қоғамның саяси өмірін демо­кратияландыруға серпін берді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын басшылыққа ала оты­рып, еліміз бойынша «Киелі Қазақ­стан» деген үлкен бағдарлама енгізілді. Иә, жастар туған жерінің артықшылықтарын, ата-бабасының жатқан жерін, қорымын, ертедегі оба-қорған­дардың тарихын, би-әулиелері туралы білгені абзал. Тіпті, ұмытылып кеткен, бірақ еңбегі орасан адамдардың есімдерін де жаңғыртайық. Бірақ бұл орайда кім-көрінгенді тықпалау әлі де тыйылар емес. Кеше ғана Шымкент өңірінде кезінде базарком болған адамның атын мектепке береміз деп даурық­қан топ туралы оқып қалдым. Бұл дегеніңіз абсурд. Рухани жаңғыру дегенде осындай мәселелерге де көңіл аудару керек.

Ал латын әліпбиіне келетін болсақ, бұл өте орынды қадам. Өйткені, бұл әлемдік ақпарат кеңістігіне, технологияға жақындау. Латынды меңгеруді әлемдік мәдениетке жақындау деп те қабыл­дауымыз керек. Әрине, ешкім орыс тілін, кириллицаны теріске шығармайды. Ол өзінің тарихи миссиясын атқарды. Абай атамыз айтты ғой, орыстың тілін біл, мәдениетін таны деп. Әлихан Бөкейханов та кезінде Ресей Федерациясы құрамында болу арқылы біз әлемдік кеңістікке шығуға мүмкіндік аламыз дегенді айтқан. Бірақ ол сол кездегі тарихи дәуір ахуалына байланысты. Ал қазір ол заман емес. Латын әліпбиі қазіргі дамудың легінде болуымыз үшін  қажет. Латын әліпбиі, кереметтей болмаса да, белгілі бір деңгейде бүгінгі қолданыста бар. Ағылшын тілін ұғу, үйрену үшін бізге латын тілі сөзсіз жол ашып береді. Міне, сол арқылы әлемдік мәдениетке, дүниежүзілік  ақпарат­тық кеңістікке жақындаймыз. Латын әліпбиіне 2025 жылы толықтай көшеміз деп отырмыз, меніңше, оған дейін-ақ толыққанды қолданып кетуімізге мүмкіндік бар деп ойлай­мын. Себебі, біздің мектептерде балалардың бәрі ағылшын тілін оқып жатыр, сондықтан бүгінгі ұрпаққа латынды игеру еш қиын­дық тудырмайтыны анық.

Рухани жаңғыру дегеніміз жоғарыдан немесе әкімдіктерден нұсқау күтіп отыратын науқандық дүние болмауы тиіс. Барлық жоғары оқу орындарындағыдай біздің университетте да арнайы Орталық құрылып,  қалалық қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Рухани жаңғыру тақырыбы мәселелері біздің универ­ситетте күнделікті дәрістері­мізде, барлық пән аясында ұдайы насихат­талуда.

Рухани жаңғыру түсінігін салыс­тырмалы түрде  ХV–XVІ ғ.ғ. Еуропа елдеріндегі ренессанс, қайта өрлеу дәуірімен байланыстыруға болады. Ортағасырлық қаратүнек заманнан кейін, өндіргіш күштердің дамуымен жаңадан қалыптасқан экономикалық қатынастар­дың үстемдігі, яғни ақша-товар қаты­нысының дамуы, рыноктық қатынастардың күшеюі әлеуметтік құрылымды, ізінше саяси қатынас­тардың өзгерістерге түсуіне алып келді. Феодалдық басыбайлылық жойы­лып, адамдардың  бас бостан­дығына, еңбегіне, ойлауына ерік берілді. Кейін сөз бостандығы орнықты.

Мұндағы айтпағым, бүгінгі рухани жаңғыру арқылы қазіргі өміріміздің  шынайы бейнесін көр­сете білуіміз керек. Сонда ғана адамдардың өзіне деген сенімділігі пайда болады. Сонда ғана адами капиталымызды дамыта аламыз. Қоғамда әлеуметтік әділеттілікті орнықтыру, шындықты, шынайы­лықты үстем еткізу арқылы, бұрын­нан қалыптасқан қоғамдық пікірдегі келеңсіздіктерден құтылатын боламыз. Ұлы Абайдың  «жақсы менен жаманды айырмадың бірі май, бірі қан боп екі ұртың» деген сөз­дерінің мәнінен осы заман сұра­ныстарына лайықты қорытынды шығаруға болады деп ойлаймын.

Жоғарыда айтылған ойларымды түйіндейтін болсам, Елбасы эконо­микамыздың өсуі рухани дамуы­мыздың кепілі болып табыла­тындығын үнемі айтып келеді. Экономика –  ғылыми жаңалық­тарға, адамның еркіне, оның қызығушы­лығына, кәсіби білікті­лігіне негізделсе және шенеуніктік жасанды тосқауыл­дардан ада болса, оның қарыштап дамитынын әлемдік тәжірибе әлдеқашан көрсетіп берген. Экономика табысты болса, қоғам өмірінің барлық, атап айтсақ, әлеуметтік, мәдени және саяси салала­рында да жетістіктердің болатындығы  сөзсіз. Бұл дегеніңіз – адами капиталдың дамуының басты негізі. Карл Маркс «сананы  тұрмыс билейді» десе, халқымыз «ораза, намаз  тоқтықта» демей ме. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын  сақ тайпалары арасынан шыққан зорастризм дінінің негізін салушы Заратуштра адамзат дамуының кепілі ретінде «ізгілікті ой, ізгілікті сөз, ізгілікті іс» біртұтасты­ғын атап көрсеткен еді. Өмір көрсетіп отырғандай, бұл өсиет қазіргі заманда да өзекті, әрі маңызды.

Әңгімелескен –

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *