КЕРЕК КІТАП

????????????????????????????????????

Мұқағали «Дін – ғылымның атасы» деді.

Эйнштейн «Безбожная наука хромает» деді. Демек, «Құдайсыз ғылым тұл» дегені ғой. Рас қой, Құдайсыз қурай да сынбайды.

Айтайын дегеніміз, бір заманда Құдай­дың атын кіші әріппен жазатын елде тұрғанымыз да рас. Сыбырлап сөйлейтін де болғанбыз. Міне, сол жыбырлақ, сыбырлақ күндерде Бас мүфти Ержан қажы Малға­жыұлының айтқанындай, діннің өзін дәстүр арқылы сақтап қалуға тура келген.

Дәстүр демекші, алдымен баспаға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ғұламалар кеңесі ұсынып, Бас мүфтидің бастамасымен жарық көрген «Дін және дәстүр» (екінші кітап) кітабына Ержан қажы Малғажыұлының жазған алғысөзіне құлақ түріп алайық.

«Қадірлі оқырман!

2013 жылы «Дін мен дәстүр» кітабын шығарып, тұсауын кескен кезде, бір топ   жазу­шы, ғалым, дін  мен  дәстүріміздің  жан­ашыр азаматтары «Бұл бастамаларыңыз   өте орынды. Енді   осы   кітаптың екіншісін шығар­саңыздар оңды іс болар еді» деп тілек білдірген. Сонда зиялы қауым өкілдерінің бұл өтінішін орындауға уәде еткенбіз. Міне, Құдай қолдап, қолыңызға «Дін мен дәстүрдің» екінші кітабы тиді.

Аллаға шүкір, қазақ халқы әлмисақтан мұсылман. Өзінің ғасырдан ғасырға жалғасқан Хақты тану дағдысы бар. Халқымыз осы қасиетінен айырылмай, діні мен дәстүрін үйлестіріп, Құдайға құлшылығын жасап, дархан мінезінен танбай келеді. Жақсылыққа жаны жақын жұрттың қашан да өмірі сәулелі болмақ.

Иә, біздің салт-дәстүріміз тәрбие мен тағылымға, ізгілік пен адамгершілік құнды­лықтарға тұнып тұр. Халқымыздың күнде­лікті тұрмысында әдетке айналып кеткен әдеп-ғұрыптардың астарына үңілсек, шари­ғаттың бір талабы тұрғанын байқаймыз. Сәби дүние есігін ашқанда құлағына азан шақырып ат қою, ақиқа құрбандығын шалып, келінге қалжа жегізу, баланы қырқынан шығару, шілдехана-бесік той жасау, тұсау кесу, сүндет той, атқа мінгізу, тоқымқағар, тілашар, т.б. жоралғылар – Исламда бар рәсімдер немесе асыл дініміз құптаған игі амалдар.

Жоралы жұртымызда сәби туылғанда осынау қуанышты хабарды ағайын-тумаға жеткізушілердің сүйінші сұрайтын дәстүрі бар. Ал қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде дүниеге келген нәресте үшін сүйінші сұрау  көрініс тапқан. Алла Тағала  Зәкәрия   (ғ.с.) пай­ғамбарды  сәбимен  сүйіншілегені  туралы  былай дейді: «Ол михрабта намаз оқып тұрған сәтте оған періштелер: «Расында, Алла сені Жақиямен (Яхиямен) қуандыра­ды», – деп дауыстады» («Әли-Имран» сүресі, 39-аят). «Ей, Зәкәрия! Расында, сені Жақия атты бір ұлмен қуантамыз (сүйіншілейміз). Біз бұрын мұндай атты ешкімге қоймаған едік» («Мәриям» сүресі, 7-аят).

Алты тараудан тұратын кітапта балалық шақ, бала тәрбиесі, жігіттік шақ, отбасы салттары, діни ғұрыптар, дінге қатысты салттар, дүниеден өтуге қатысты салттар туралы баяндалады. Біз бұл кітаппен қазақ қоғамына жаңалық ашып жатқан жоқпыз. Бар болғаны, кезінде баба­ларымыз қалыптастырып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған салт-дәстүрімізді жаңғыртып, дінмен үйлесім тапқан әдет-ғұрпымызды жамағатқа кеңінен насихаттау. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарлары­мызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқа­нымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру.

Дін мұраттарын қалың бұқараға ұғынықты етіп жеткізу үшін де алдымен қазақтың тілі мен тарихын, мәдениеті мен әдебиетін жетік білу қажет. Имамдар мен уағызшыларымызға осындай талап қойылады. Сонымен қатар, ұлттық таным мен әдет-ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтас­тығын саралап көрсететін сүбелі еңбектер де жазылуы керек. Қолыңыздағы кітап сондай игі бастаманың жалғасы деп атар едім.

Бұл туынды дінін ұстанып, дәстүрін ардақтаған жұртымыз үшін пайдалы еңбек болады деген үміттемін. Алла қаласа, дін мен дүние ісінде жастарға жол сілтеуші құнды кітапқа айналады деген ниеттемін. Сонымен қатар, дін төңірегіндегі сұрақтарға «Дін мен дәстүр» (тал бесіктен жер бесікке дейін) жауап бере алады деп санаймын».

Хазіреттің айтқанындай, осыдан төрт жыл бұрын аталмыш тақырыптағы бірінші кітап жарық көргенде қызу талқыға түсіп, жұртшылықтың жылы пікіріне ие болып, бұл еңбектің әрі қарай жалғасын табу қажеттілігі айтылған еді. Жалпы ұлттық әдет-ғұрып, дәстүр-салтымызды зерттеуде бұған дейін де А.Жүнісов, С.Кенжеах­метов, Ж.Бабалықов тәрізді қаламгерле­ріміздің этнограф-ғалымдармен бірдей деңгейде тер төгіп, іргелі еңбектер жазғаны мәлім. Ал «Дін мен дәстүрдің» екінші кітабының маңыздылығы, құнды­лығы сонда,  осы тақырыпты толықтырып, індетіп жазуда елеулі еңбек сіңірілген. Кітап алты тараудан тұрады. Әр тараудың өз тақырыбы, қозғаған мәселесі өзекті, өміршең, өмірмен үйлесім тауып жатыр. Мәселен, бірінші тарау «Балалық шақ» деп аталады. Адам өмірінің ең қызықты, тәтті кезеңін бедерлейтін дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз  еміс-еміс есте болғанымен, соның қайсыбірі болсын кітапта нақты деректерге, дәйектемелерге құрылып, қызықты, тартымды жазылуымен есте қалады. Сонымен қатар, оның маңызды­лығы да сонда – әрбір салт-дәстүр арнайы хадистермен, сүрелермен Ислам қағидат­тарына, құндылықтарына, шариғат талаптарына сай келтіріліп жазылған.  Қысқасы, Исламда бар рәсімдер мен дініміз құптаған амалдар арқылы көрсетіліп отырады.

Жоғарыда айтқанымыздай, дін исламды «ғылымның атасы» десек, оны мәдениеттің де атасы деуге әбден болады. Дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана сол ұлы мәдениеттің бір құнарлы арнасы. Қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктер, өрескел жағдайдың түп-тамырына үңілетін болсақ, оның себеп-салдарының бірі дәстүрсіздіктен белең алып жатқанына да көзіңіз жете түседі. Адамның тағдырының қандай болмағы оның мінез-құлқымен де тығыз байла­нысты екенін арнаулы мамандарымыз әлденеше рет дәлелдеген. Демек, жақсы әдет-ғұрып, дәстүрдің орнықты мінез қалыптастырудағы маңызы да айрықша. Осы ретте аталмыш кітаптағы дін мен дәстүр сабақтастығының терең зерделеніп, өмірлік мысалдар, дәйектермен байланыс­тырып беріліп, жүрекке, көңілге қонымды ұғынықты, қарапайым тілмен жазуын атап өтуге болады. Сайып келгенде, бұл еңбекте рухани деңгейімізді толықтыруға, мәдени, имани, рухани бастаулардың қайнар көзін ашуға талпыныс жасалады.

%d0%b4%d1%96%d0%bd-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%b4%d3%99%d1%81%d1%82%d2%af%d1%80-%d0%ba%d1%96%d1%82%d0%b0%d0%b1%d1%8b

Мемлекет басшысының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Кері­сінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамыры­нан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»  делінген.

Дегендей, бұл еңбектің өзіңді-өзің тануда, мәдени-рухани тегіңді, ұлттық болмыс-бітіміңді зерделеуде маңызы ерекше және Елбасы ойларымен терең ұштасып жатыр. Адам өмірінің әрбір сәтіндегі дәстүр құндылықтарын уақыт ағымына қарай екшеп, саралап, түсіндіріп, толықтырып отыру бұл одан әрі жалғаса беретін терең тақырып. Әсіресе, бала тәрбиесіне қатысты дәстүрге арналған тараудың құндылығына ештеңе жетпейді. Қолдан келсе біздің ғалымдарымыз, қаламгерлеріміз балаларға арнап жазса керек. Өркениетті мемлекеттерде, әсіресе, жапон, кәріс, қытай тәрізді елдерде бұл үрдіс озық дамыған.

 

Жалпы, өзге мемлекеттерде, оның ішінде Ресей Федерациясында орта мектептерге ішінара славян мәдениеті, діні туралы қосымша пәндер енгізу қолға алынған. Біздіңше, осындай бағыттағы еңбектерді біздің мектептердің бағдарламасына да енгізу, тәжірибелік мақсатта пайдалану қажет тәрізді. Бұл қазіргі түрлі катаклизмдерге негізделген қоғамда бүлдіршін санасын жат пиғылдардан тазартып, таза бұлақтан су ішкендей нәрлендірер еді. Бала бүлдіршін кезінен оңы мен солын танып шығар еді.

 

Бұрнағы күні Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Дін мен дәстүр» (екінші кітап) кітабының тұсаукесері өтті. Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов оның қатысушыларына соңғы уақыттағы кітапхана жетістіктерін, сондай-ақ, осында ел, ұлт мүддесіне негізделген имани-рухани шаралардың жиі өте бастағанын тілге тиек етті. Ержан қажы Малғажыұлы өз сөзінде аталмыш кітап жөнінде, сондай-ақ, осы еңбекті баспаға әзірлеу барысында зиялы қауым өкілдерінің айтқан пікірлері ескерілгенін, діни басқарма жанындағы ғұламалар кеңесінің көмегі зор болғанын айта келіп, қазіргі қоғамдағы діни мәселе­лер, дүниелік сауал және олардың шешімі жөнінде, алдағы міндеттер турасында қыс­қаша әңгімелеп берді. «Дін мен дәстүрдің» бүгінде 7 мың данасы тегін таратылған. Алдағы уақытта оқырман сұранысына орай тағы да 50 мың данасын тегін тарату жоспарланған.

Тұсаукесер рәсімінде белгілі жазушы, ғалым Н.Ақыш, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты Қ.Сәрсенбай, «Нұр-Мүбәрак» университетінің профессоры, белгілі ғалым, дінтанушы Ш.Кәрім, танымал ақын, «Ақиқат» журналының Бас редакторы А.Әлім, көрнекті қаламгер Н.Мұраталиев өз ойларын ортаға салып, құнды ұсыныс-пікірлер білдірді.

Тоқетерін айтқанда, жаһандануға жұты­лып кетпес үшін, ұлттың өзінің төл­тума болмысын сақтап қалу үшін осындай бағыттағы кітаптардың керек екендігі, қажеттілігі әңгіме өзегіне айналды.

 

Қ.ҚАҒАН.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close