Кемелдікке жеткен әйелдер

Алдыңғы лекциямызда біз Перғауын­ның қызының шаштаразы болған қызметші әйелдің үлкен күпірлік жайлаған ортадағы Перғауынға қарсы тұрғандығы жайлы әңгімеледік. Өзін Құдай санаған Перғауын оны асқан қатыгездікпен өлтірсе де, Алла Тағала ол әйелдің бұл дүниедегі дәрежесін жоғары көтерді. Перғауынның әлсіз әйелге көрсеткен қорлығына шыдамаған Әсия (р.а) оның қатыгездігін бетіне басады. Перғауын әйеліне «мүмкін, ол әйелдегі жын саған да кіріп кеткен шығар?» дейді. Сонда Әсия: «Керісінше, бұл Аллаға деген сенім. Менің Жаратушым, сенің Жарату­шың және ол әйелдің Жаратушысы – Бүкіл әлемнің Раббы – Алла» дейді. Бұл өте мықты сөздерді Әсия (р.а) Пер­ғауын­ның алдында айтты. О, Аллаға иман еткен әйелдер! Біздің Әсия ханым сарайда тұрғандықтан бай болатын. Мұражайда болғандар ол сарайдың ертегідегідей бас айналдырарлық ғажап болғанын біледі. Сарайдағы бөлмелер мен мүсіндер де алтыннан жасалған. Кейбір деректерде бөлмелердің ұзындығы мен ені 40 метрден алтындатылғандығы айтылады. Ондағы қызметшілердің де саны өте көп, түрлі-түсті киімдер, небір жұпар иістер, Перғауын өткенде адамдар оған бас иіп, тәуап жасайтын, енді астамшылық пен молшылық жайлаған сарай болатын. Ойлап көрсеңіз, осы байлықтың бәрін Әсия (р.а) бір минутта жоқ қылып, артқа тастады. Ал қазіргі заманда адамдар жұмысынан, ақшасынан, әшекей заттарынан айырылып қалуға қорқады. Алла Тағала Әсияның жүрегіне рухани байлық бергендіктен, сарайдағы байлықтың ол үшін көк тиынға құны болмады. Өйткені, Әсияның жүрегі Жаратушыға деген сенімге, махаббатқа тұнып тұрды. Кейде адамдар Аллаға деген лайықты құлшылық жасай алмадық деп жатады. Бәзбіреулер Алланың сүйікті құлдары мешітте тұрып, нұр тұнған үйде, бәрі бес мезгіл намазына мұқият болған иман жүзді отбасында ғұмыр кешті деп ойлауы мүмкін. Олардың үйінде не теле­дидар не интернет болған жоқ, сондықтан олар әдепсіз дүниелерге бой алдырмады деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Әсия (р.а) Перғауынның әйелі болатын. Отба­сының  күнделікті тіршілігімен жақсылық жасай алмай жүрген әйел болсаңыз, отбасылық жағдайыңыз келмей жатса немесе күйеуіңіздің құлшылыққа ниеті жоқ деген сияқты кедергілер сіздің құлшы­лығыңызға кедергі келтіріп жүрсе, сіздің күйеуіңіз Перғауын сияқты емес, сіздің үйіңіз Перғауынның күпірлік жайлаған сарайы емес. Оның үйінде Аллаға емес, Перғауынға құлшылық қылатын. Ол үйде арақ-шарап сияқты небір азғындықтың түрі болатын. Бірақ бұл үйде Алла Тағаланың сүйген бір құлы – қызметші әйел болды. Әрі осы үйде бұл әлемнің және жұмақтың ханшайымы – Әсия (р.а) болатын. Ал енді өзіңіздің үйдің жағдайы мен Перғауынның сарайындағы жағдайды ойлап көріңізші. Сіздің лайықты түрде құлшылық жасауға кедергі болып жүрген нәрсе қаншалықты ауыр? Қарапайым ғана қызметші әйел сарайда жүріп, Алланың алдында үлкен дәрежеге көтерілді.

Перғауын Әсияның бір Аллаға ғана сенімін естігенде жынданып кете жаз­дайды. Перғауынның үлкен әскерінің күші мен оның билігі Әсияның жүрегін тіпті, шымырлата да алмады. Ол бірден жасақ­тарына әйелін  даладағы күннің астына ас-сусыз байлап тастауды тапсырады. Оған ас та, су да бермей шыжыған күннің астына жатқызып қояды. Сарайдағы қызметкерлер мен малайлар жүрегін иман нұры жайлаған Әсия ханымның дәрменсіз халіне куә болады. Сондағысы Әсия ханым сарай қызметшісі болған әйелдің соңынан ерді. Өйткені, одан Әсия өзінің сеніміндегі адамды көрді.

Перғауын әйелі болса да Әсияны небір қиындықтармен азаптайды. Осы жерде біз оның ерекше сабыр танытқанын көреміз. Соңында олар оны Перғауынның алдына алып келіп: «дініңнен бас тартасың ба?» деп тағы сұрайды. Сонда олар Әсиядан (р.а) «мен ешқашан дінімнен бас тартпаймын» деген жауап алады. Осы жерде біз үшін сабақ болатын бір жәйт бар. Өзгелер туралы ешқашан жамандық ойламаңдар. Ешқашан. Өйткені, біз ақиқатты білмейміз. Әйел адам үлкен дәулеттің ортасында, молшылықта өмір сүруі мүмкін. Оны сыртынан көрген адамдар «мына бұзылған, күнәһар әйелді қараңдар» деп өздерінше баға беруі мүмкін. Адамдарды сырт кел­бетіне қарап бағаламаңдар. Аллаға деген сенімін олар жүрегінде ұстауы мүмкін. Өз басымнан сондай бір жәйт өткен еді. Университеттердің бірінде лекция өткізген болатынмын. Лекцияның соңында боянып алған жас қыз жаныма жақындап келіп, бір қағаз ұстатып кетті. Мен ол қағазды қалтама сала салып, өз жөніммен кеттім. Кешке қарай есіме түсіп, қағазды ашып, оқыдым. Хатта «аты-жөнім пәленше… Өзім мұсылманмын, бірақ айналамда мұсыл­мандар жоқ. Мен өзімнің сенімімді жа­сыруға мәжбүрмін. Өйткені, оны отбасым біліп қойса, мені бұл жолдан бас тарт деп қинай ма деп қорқамын. Мен сізге нөмірімді қалдырдым. Менің дінге қатысты біраз сұрақтарым бар. Құлшылы­ғымды, намазымды есік-терезенің бәрін жауып, жасырын оқимын. Осылай істеп жүргеніме үшінші жыл» деп жазған екен. Ол қызды сыртынан көрген бейтаныс адам «шалбар киіп, шашын жайып алыпты» деп айтуы мүмкін. Перғауынның са­райындағы қызметші әйел мен бұл дүние мен жұмақтың ханшайымы Әсия (р.а) сенімін жасырды. Соңында Перғауын оны «сені­міңнен бас тарт» деп қинағанның өзінде ол батыл түрде сабырмен қарсы тұра білді. Біз кез-келген сәтте, кез-келген жағдайда адамдарға түр-келбетіне қарап баға беруден аулақ болуымыз керек. Әсияны Аллаға деген мықты сеніміне қарап, қатты қинайды. Ыстық күннің астында су бермей, тамақ бермей қинап, ұрып-соғады. Мұның бәрін Әсия өте қайсарлықпен көтереді. Өйткені, оның жалғыз-ақ мақсаты бола­тын. Құран мен хадиске түсініктеме беретін кейбір ғалымдар сарайдағы қызметші әйелді өлтірген кезде Әсия таңғажайып оқиға­лардың куәсі болғанын айтады. Өйткені, Әсия (р.а) жайлы Құранда көп айтылады. Сарайдағы қызметші әйелді Перғауынның жасақтары өлтірген кезде Әсия көктен түскен періштелер мен өзінің жүрегіне құйылған нұрды көреді. Сол сәттен бастап ол Жарату­шының сыйының баға жетпес «үлкендігін» аң­ғарады. Оқи­ғаның жалғасын келесі 7 лек­циямызда жалғас­тыратын бола­мыз. Алла Тағала Әсия ханыммен бәрімізді жұмақта жолық­тыруды нәсіп етсін. Әмин!

 

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close