КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТКЕН ӘЙЕЛДЕР

Әліңе қарай  әрекет ет

Мәриям ханымға Жәбірейіл періште келіп, ұлды болатынын айтқанда, ол қатты таңғалады.  Ақыры тағдырдың жазуымен ол жүктілік кезеңін де басынан кешеді. Айы-күні жақындағанда Мәриям Жаратушының бағыттауымен жапан түзге бет түзейді. Толғақ қысқанда қурап қалған пальма ағашының түбіне келіп отырады. Мәриям келіп, түбіне отырғанда Алланың кере­метімен ағаштың бойына жан жүгіріп, жап-жасыл болып жасарып шыға келгені айтылады. Сонда қиналып отырған Мәриям «осы күнге жетпей, өліп, ұмытылып кетсем жақсы болар еді» дейді. Субханалла! Бүгінгі әйелдердің босанар кезіне түгел жағдай жасалған. Акушер, арнайы бөлме, дәрі-дәрмек дейсіз бе, бәрі бар. Ал жап-жас қыз бала жүктілік, толғату, босану дегендерден мүлде хабары жоқ Мәриям шөл далада жалғыз өзі пальма ағашының түбіне келеді. Айдалада жалғыз болса да, оның қорғаушысы, демеушісі, арқа сүйері – жалғыз Алла. Толғақтан жаны қиналған сәтте ол «осы күнге жетпей өліп кетсем, жақсы болар еді» дейді өз-өзімен күбірлеп. Сонда оның аяғының астынан бір дауыс шығып: «Қайғырма. Жаратушың сенің астыңнан бір бұлақ жаратты» дейді. Ғалымдар мұны періштелердің дауысы екендігін айтады. Ал кейбір ғалымдар оны Иса пайғамбардың дауысы дегенді айтады. Өйткені, Иса пайғамбар бесікте жатып-ақ сөйлеген балалардың біреуі болатын. Әлгі дауыс Мәриямға «пальма ағашын сілкісең, жаңа піскен құрмалар түседі» дейді. Егер шындап қарасақ, пальма ағашының діңін атпалдай аза­маттардың өзі сілкісе де, құрма оңайлықпен түспейді. Ал әлсіз, өзі қиналып отырған Мәриямның оған күші қайдан жетсін? Ғалымдар Құран аяттарындағы осы бір сөзде үлкен ғибрат барын айтады. Яғни адамның әрекет етуін айтып тұр. Өйткені, Алланың құдіретімен табан астынан су шықты, құрма ағашы жап-жасыл болып жасарып, көгеріп шыға келді. Дегенмен, ғажайыптың болғанына қарамастан кез-келген адам әліне қарай әрекет жасау керек.

Аллаға құлшылық пен иман дәмін сезінген жандар өмірдің кез-келген сәтінде Аллаға сенудің маңыздылығы, сол адамның алдынан үлкен жолдар ашатынын айтады. Егер біз Аллаға жан-жүрегімізбен сенер болсақ, небір ғажайыптарға куә боламыз. Осы оқиғаның әйелдер қауымы үшін де ғибраты мол. Толғақ қысып, жаны қиналған әйел болса, Мәриямды есіне алсын. Егер перзентхананың жағдайы нашар, дәрігерлері немқұрайлы болып, жаныңыз қиналса, айдалада жалғыз өзі болған Мәриямды есіңізге алыңыз. Егер босанғаннан кейін ешкім жаныңызға келіп, жақсы сөз айтпаса, тағы сол Мәриямды ойлаңыз.

 

Сынақ түссе, сабыр сақтап, тіс жармаңыз

Дәрігерлер босанған жас аналарға құрма жеу әрі жаңа туған жас нәрестенің таңдайын шайналған құрмамен сүрту де пайдалы дейді. Өйткені, оның құрамында адам ағзасына қажет барлық дәрумендер бар. Мәриямға «Құрманы жеп, бұлақтың суынан ішіп, қуанып-шаттан» («ешь, пей, радуйся») дейді. Егер адам баласын көрер болсаң «Мен Жаратушыма ешкіммен сөйлеспеймін деп ант еткем» деп айт та, ешкіммен сөйлеспе» дейді. Біз мұны үнсіздіктің құдіреті дейміз.

Нәрестесін қолына ұстаған Мәриям еліне оралады. Алла Тағала оған тамақтан емес, сөйлеуден бас тарт деп бұйрық етеді. «Құрманы жеп, бұлақтың суынан ішіп, қуанып-шаттан, бірақ сөйлеуіңе болмайды» дейді. Яғни сөзге ораза ұстайды. Туған-туыстарына жөргектегі баласымен оралған Мәриямды елдің бәрі қарабет санап, «әке-шешең арсыз адамдардан емес еді» деп түрлі жала жабады. Оны бұрыннан қызғанатын­дардың айы оңынан туып, Мәриямды өсектің астында қалдырады. Бірақ Жаратушының бұйрығымен Мәриям ешкімге ләм-мим деп тіл қатпайды. Әсіресе, жақындарының сөздері оның жанын жаралайды. Бірақ ол соның бәріне төзеді. Егер сынаққа түскен адам болса, Мәриямның өмірінен үлгі алсын. Егер сізді жақын адамдарыңыз, туыстарыңыз қаралап, жалған күнә жапсырса, сол сынақты абыроймен көтеріп, сабыр сақтаңыз, шыдаңыз. Сіздің адал екеніңізді бір Алла ғана біледі. Сол жеткілікті. Бұл сабақ әсіресе әйелдер қауымы үшін өте маңызды. Мәриям сияқты сабыр сақтап, тіс жармаңыз.

Бүкіл туған-туысы Мәриямды қаралап, жала жапқан кезде ол үнсіз ғана құшағындағы балаға нұсқайды. Сонда ештеңе түсінбеген олар «біз қалайша нәрестемен сөйлесеміз, есің ауысқаннан сау ма?» дейді. Сонда Иса пайғамбар Құдайдың құдіретімен тілге келіп: «Мен Алланың құлымын. Анығында, Алла маған Кітап түсірді және мені пайғамбар етіп жіберді. Ол маған тірі тұрғанымда намаз оқу мен зекет беруді бұйырды» дейді. Мәриямның арқасынан ауыр жүк түскендей болады.

 

Адамзат арасындағы тепе-теңдік

Анасына құрметті болған Иса пайғамбар анасымен бірге, оның көз алдында өседі. Ол әдеттегі балалардай емес, оны үнемі нұр қоршап тұратын.

Мәриям оқиғасының негізіне оралсақ, ол адамзат тарихындағы тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін жаралғанын айту керек. Алла Тағала Адам-Ата мен Хауа-Ананы жарат­қанда, Хауа-Ананы Адам-Атаның қабырғасынан жаратқанын айтқан­быз. Яғни Хауа-Ана анасыз өмірге келді. Сол сияқты, Иса пайғамбар да әкесіз өмірге келді. Өйткені, адамазт баласының арасында тепе-теңдік болу керек. Ер мен әйел арасында теңдік болу керек деп жүргендерге, міне, нағыз әділдік.

Анығында, Иса пайғамбар Алла алдында Адам алейхиссаламмен тең дәрежеде. Мәриямның оқиғасы Алланың «бол» дегендегі не нәрсенің де ғайыптан болатындығының куәсі.

Мәриямның өмірінен бізге ғибрат аларлық оқиға өте көп. Алла Тағала бізді осындай игі құлдарының арасынан болуымызды нәсіп етсін.

 

 (Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *