Кеме жүргізуші ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Қытайлық қандасымыз Жадыра Қабылқызы Қытай әскери теңіз флотының аса ірі «Лияу Ниң» кемесінің тізгінін ұстады

Бүгінде  өз  еңбегімен,  өнерімен әлем  елдерін  таңқалдырып  жүрген  қазақ  ұлтының  ұл-қыздары  аз  емес.   Солардың  арасында  Сіз бен  бізге беймәлім,  бірақ  басқа елде кеңінен  танымал  есімдер  қаншама?  Олардың  арасында  атақты  ғалымдар да, ақын-жазушылар да,  спортшылар да  бар.  Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз иығына  әскери  оқалы  мундир  таққан  әскери  тұлға. Онда да әскери-теңіз  қызметінің  сардары.  Есімі  – Жадыра  Қабыл.

Жасы  – 23-те.  Жадыра  Қытай  әскери  теңіз флотына  қызметке  алынған  тұңғыш  қазақ  қызы.  Қандас  бауырымыз Қытайдың  «Лияу Ниң»    кеме  фортында әскери  ауыр кеме  жүргізуші  қызметін  атқарады.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

 

Қытай әскери-теңіз  флотындағы бауырымыз

Жадыра Қабыл – Шыңжаң  өлкесінде  дүниеге  келген.  2014  жылы орта мек­тептен  соң Санжы  облыстық универси­те­тінің  экономика  факультетін  бітірген.  2015  жылы әскерге  шақырылған. Әскери  ортада  ерекше  көзге  түсуімен  оны  бас­шылық  Яуминге  әскери  сынақтан  өтуге  жіберген.  3 айлық  сынақтан  кейін  Жа­дыра  Қытай  әскери теңіз  флотына  қыз­мет  өтеуге  алынған.

Бүгінде әскери  ортада ерлердің дене  бітімінің қажеттілігі  маңызды  рөл атқар­майтын  болып  қалды.  Әскери  ортада  ер­лердің  жұмысын  қыздар да  істей  беретін  болған. Бұл  орайда техникаға  бейім,  зама­­науи  физикалық  білімің  жетіп  жатса  болғаны. Жадыра  Қабылқызы осы  жолдағы  барлық  сынақтардан  мүдірмей  өтіп,  компьютерлік есептеу  шектеулерін  сауатты  меңгеруде айрықша қабілеттілігін  таныт­қан.  Әскери  ортада  оның кеменің  қоз­ғалыс  траекториясының  бұрылу  бұрыш  сан­дарын енгізуі қазір көпшілікті таңқалдырып  отыр.  Қытай  журналистері талдырмаш,  бойшаң  келген сұлу  келбетті  қыздан  бұл  кәсіпті  не үшін таңдағанын  сұрағанда: «Менің  құрдастарым қымбат  көлік  жүргізуімен  мақтанса,  мен  әскери  кеме  айдаумен  мақтанамын»  деп жауап  беріпті.

Бүгінде  Қытай  армиясының  қатары   жастармен  толықтырылған.  Олардың кез-келгені «Қытай ғажайыбы», «Қытайдың эко­номикалық қуаты, «Қытайдың келе­шек­тегі әлемге үстемдігі» идеясымен  қару­ланған.  Бұл  идеядан  аузын айға білеген Американың өзі сескеніп отыр. Әрине, бұл елдің соңғы  40 жылда жеткен табыстары мен оның дүниежүзі экономикасына жасаған игі ықпалы айтарлықтай құрметке толықтай лайық. Қытайдың экономиканың жалпы көлеміне аса мән беруі бұл жағынан әлемдегі екінші орынға көтеріліп, АҚШ-тан кейінгі қуатты елге айналуды  арман­дауы  сөйтіп,  «екінші күшті ел» тұғырынан  көріну үрдісі басымдыққа ие болып  отыр.

ҚКП-ның   ХVІІІ съезінде елдің «әлем сахнасының орталығына жеткендігін» мәлімдеген төраға  Си Цзиньпин партия­ның ХІХ съезінде: «Қытайлық өзгешелікке ие социализмнің жаңа дәуірге аяқ басуы  дегеніміз – таяу заманнан бері небір машақатты көріп, бүгінге жеткен Зжонь хуа ұлтының орнынан тұру, баю, күшею сынды ұлы белестерді бағындырып, Зжонь хуа ұлтының ұлы өрлеуін іске асырудың шұғылалы келешегін күтіп алуын білдіреді», – деп жариялады.

Бұл мемлекеттің экономикалық әлеуеті ел билігінің ұшар басына  дем беріп отыр­ғандығынан дерек береді. Мұның мысалы ретінде Қытай бас болып, белсене қолға алып жатқан «Бір белдеу – бір жол», «Азия инфрақұрылым  банкі»,  «Жібек жолы қоры», «БРИКС банкі» жобаларын атауға болады. Си Цзинпинь билікке келе, Қы­тайдың сыртқы саясатының да Дэн Сяопин  белгілеп берген және Дэннен кейінгі Қытай басшылары  ұстанып келген «ақырын жүріп, анық басатын» дәуірді артқа таста­ғандығын, енді «кеудені керіп, есе қайы­ратын»  кезеңге аяқ басқандығын ҚКП ХVІІІ съезінде  жасаған баянда­масында жариялаған-ды.

 

Теңіз үсті бағытын күшейтуге барлық ресурстар жұмылдырылған

Мұның  түп-төркінінде  елдің  әскери  потен­циалын  күшейтуді  көздеген ірі  мазмұн  жатты.  Осыдан  соң, бүкіл  Қытай  бойынша әскери салаға үлкен ревизия  жүр­гізілді. Әсіресе,  елдің  шығыс бағы­тына,  теңіз үсті  бағытын  күшейтуге бар­лық  ресурстар жұмылдырылды. Жадыра  Қабылдың жедел  түрде  әскери  теңіз  саласына  қызметке  тартылуы да  осы  кезеңге  дөп  келді.

Senkahu аралына байланысты Жапо­нияны, THAAD жүйесіне байланысты Кореяны жазалауы, Батыс елдерінің экономикалық санкциясына ұшыраған Ресейге қол ұшын беріп, құны 300 млн. долларлық газын сатып алып, орыстардың тыныстауына мүмкіндік беруі, Пакистан­ның Gwadar портын кеңейтіп салу, іске қосу шартымен басқаруға алуы, мұздық­тардың еруіне байланысты қатынау мүм­кіндігі пайда болған Солтүстік мұзды мұхиттың тасымалына «Мұз мұхит – Жібек жолы» жобасына кіруге талпынысы – осының барлығы да Қытайдың  халық­аралық мәсе­лелерге «кеудесін кере» кірісіп жатқан­дығын, бұрындары қалыс қалған бәсең қалыптан кеткендігін көрсетіп  отыр. Мұның  бәрі  ашық  сипатта  жүргізілуде.

Әйгілі Цин Хуа университеті халықара­лық қатынастар академиясының прези­денті, профессор Yan Xuetong  «жаңа жағдайдағы ірі елдердің қатынастары» тақырыбындағы лекциясында  мынадай ой  айтады: «Халық­аралық қатынастар дегені­міз – күшіңе қарап сөз сөйлейтін  жүйе. Оның сүйенетін ережесі – «тоғай заңы», яғни күштінің әлсіз­ді бағындыру заңы.  Мұн­дайда  күштілер алаңның ортасына  ана­ғұрлым тақап, әлсіздер солғұрлым шеттей бермек. Шетке шығып қалған ел – әлсіреген ел де ортаға бет­теген ел – көте­рілген ел саналады. Мәселен, Қытайды алып айтар болсақ, біз бүгін сол алаңның орта­сына жеткен елміз. Билік   тілімен айтқанда, ол «Қытай дүниежүзілік алаң­ның орталығына бет алған». Бұл алаң тым үлкен, сен оның орталығында тұрған екенсің, сенің сөзің өтімді болуы  тиіс.  Ал сен қалай ортаға келіп қалдың, сөзің неге өтімді?  Ол сенің  күшіңе байланысты».

Профессор осы пайымдарын  Қытай  экономикасының өсімімен, сондай-ақ,  әлемдік экономиканың беті Шығыс Азияға аууы және АҚШ пен ҚХР-дың шама алшақ­тықтарының қысқарып келе жат­қандығымен, Қытай әскери қары­мының нығаюымен дәлелдеп,  қазіргі халықаралық қатынаста «қауіпсіздікте – Америкаға, экономикада – Қытайға сүйенетін» екі тұтқалы әлемдік жағдай қалыптасып отырғандығымен қорытады.

Бүгінгі таңда Қытай армиясы әлемдегі ең көп қарулы күштердің біріне айналып отыр. Қытай әскерінде қазіргі кезде 2 мил­лион 300 мың сарбаз азаматтық борышын өтеп жүр. Қытай  әскері жедел әрі ұтқыр қимылдайтын, Отанына адал қызмет  ететін мықты қарулы күштерден  тұрады. Сон­дықтан әскери орта  шағын кәсіби жағы­нан бесаспап армия құруға міндеттелген.

Қазіргі таңда Қытай экономикасы әлем бойынша екінші орында тұр.

Бүкіл қытайлық халық өкілдерінің жиы­нында Қытай билігі  биылғы жылдың басты үш мақсатын атады. Оның  ішінде қаржы қау­пімен күрес, қоршаған  ортаның    ласта­нуына   қарсы  күрес, кедейлікпен   күрес бар.

 

Жадыра Қабылқызы меңгерген кеме Тынық мұхиты  аймағында жүр

Осы  жылғы  қыркүйекте   Қытай мем­ле­кеті ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңісінің  (Жапон басқыншыларына   қарсы) 70 жыл­дығын  тойлады. Оған 50-ге  тарта мемле­кеттің басшылары мен  арнайы өкілдер қатысты. Атақты Тяньаньмэнь  алаңында салтанатты шеру алдында зеңбіректен 70 рет оқ  атылып, 12 мың сарбаз, 500 әскери  тех­ника жүріп өтті.

Аспанға 200 ұшақпен тікұшақ көте­рілді. Осылайша Қытай әлемге әскери қуатын көрсетті. Негізі, Қытайда әскери шеру көп өте бермейді. 1960 жылдан бері небәрі 3-ақ рет (1984, 1999 және 2009 жылдары) әскери шеру өткен. 2019 жылы Қытай мемлекетінің құрылғанына (1 қазан, 1949 жыл) 70 жыл толуына байланысты  кең  көлемде  әскери  шеру өткізу  жоспар­ланған   болатын.   Бірақ   Қытай  басшысы Си Цзиньпин  бұл дәстүрді өзгертіп  жіберді.  Сарапшылар  ойында   «кезектен тыс әскери  шерудің өтуіне не  себеп бол­ды?» — деген  сұрақ  тұрып қалды.    Бейжіңнің  бар  мақсаты –   жаңа  тұрпатты   әскери  қуатын әлем  алдында­ жариялы  түрде  көрсету  болды.   Бұл –  Си Цзинь­­пиннің   билік тұтқасын   қолына алғалы бері  «Қытай арманы» деген жаңа жобаны  іске  асыру  жолындағы   алғашқы  талпынысы  болғандай  болды.    Оның  түп  қазығы  «Қытай   ұлтының   қайта өрлеуі» деген мағынадан тұрады.   Оның  ішкі  мәні  халықаралық саясат пен экономикада өзін­дік салмағы  бар,  қуатты мемлекет құруда жатыр. Бүгінгі Қытай билігінің арманы осы. XІX ғасырдағы апиын соғысынан   ІІ дүниежүзілік соғыс біткенге дейін қытай халқы үнемі сыртқы қы­сым­ның алдында бас иіп, намысы тапталып келді. Енді сол түскен еңсені көтеретін шақ туып  отыр. Халықтың осындай ұлы арманын, ұлы миссиясын орындау бүгінгі биліктің, яғни Си Цзинь­пиннің мойнына артылған. Сондықтан   әскери  шеру  жапон басқын­шы­ларын жең­ген ұлы мейрамды қытай халқының рухын көтеру үшін ұйымдасты­рылғанын  бағам­даймыз.  Бұдан тыс қазіргі шиеленісіп тұр­ған халықаралық жағдайды ескере отырып, Қытай тек экономика саласында ғана емес, әскери әлеуеті жағы­нан да алдыңғы орынға көтерілгенін көрсе­туге тырысуда.  Ондай әскер мен техника мол қамтылған әскери шеруді бүгінге дейін ешқандай ел өткізбеген.  Жапон басқын­шыларымен соғыста Қытай жағынан 35 миллион адам шейіт болды.   Бұл соғыстың құны аждаһа еліне   өте  қымбатқа  түскені   айқын.

Жапония 1931 жылы Қытайдың сол­түстік шығыс аймағын басып алға­нымен қоймай, басып алған жерді кеңейту мақ­сатында 1937 жылы жазда тағы да Қытай­мен қақтығысқа түсті. Солтүстік және Орталық Қытайдың дамыған аудандарын басып алды.  1945 жылы 8 тамызда Қызыл армияның Жапонияға қарсы шабуылы көп нәрсені өзгертті. Ресми Токио қытайларға   қарсы тұрған жауынгерлердің   жартысын амалсыз   қызыл армияға, бір   бөлігін АҚШ әскеріне қарсы қойды. Күш бөлшек­теніп кетті. Вашингтонның Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастауы жапондардың түпкілікті жеңілуіне әкеліп соқты. 1945 жылдын 3 қыркүйегінде Токий бұғазында тұрған «Миссури» линкорында жеңіліс актісіне қол қойылды. Осылайша Қытай үшін Германияның одақтасы жапондармен соғысы сегіз жылға созылды.

Рас, соғыс біткен жылдар тұсында Қытай жеңімпаз елдердің қатарында тұрды. Ол Біріккен Ұлттар   Ұйымын  құрған бес елдің бірі. Қазір де ұйымның және Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Қытай тілі БҰҰ-ның ресми тілінің біріне жатады.  ҚХР мен КСРО-ның 50-жылдары тығыз қарым-қатынасы, яғни сол тұстағы Корей (1950–1953 жылдар) соғысында, қосымша Үндіқытайдағы (1950 жылдар) ұлт-азаттық соғысында, Вьетнамдағы (1965–1973 жылдар) соғыста АҚШ бастаған еуроат­лант­тық күштерге қарсы күресуі, Қытай­дың ІІ Дүниежүзілік соғыстағы үлесін жуып-шайып кетті. АҚШ Қытайдың бұл әрекетін кешіре алмады. Кезінде жапон­дарға қарсы бірге соғысқан одақтастары Қытайдың ІІ Дүниежүзілік соғыстағы үлесін айтпайтын болды. Осылайша аждаһа елінің ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқаны, өз жерін жапон басқыншы­ларынан азат еткені  «ұмыт» қалдырылды. Қытайлардың өзіне келсек, жапондармен соғыстағы жеңісін әлі күнге дүркіретіп тойлап, шерулетіп көрген жоқ. Бірақ ол соғыстың қасіретін еске салатын көптеген кинолар түсірілді, кітаптар жазылды. Си Цзинь­пиннің билікке  келуі­мен  жаншыл­ған рух­ты көтеру басталды.  Қазір  Тынық мұхиты  аймағында  Қытай­дың  әскери-теңіз  фло­ты­ның барлық арсе­налдары  шоғыр­ланған.  Оның  бірінің  штурбалында  біздің  бауы­рымыз  Жадыра  Қабылқызы  да  бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *