КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Біз интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындауға бейілміз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссені қайта жарияламақшымыз.

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

 Талай сахнаның апробациясына өткен спектакль, артық проблема тудырып қайтеміз деді отырғандардың бірі. Жұрт пәленбай рет көрген спектакльді мейлі құбылтып, дамытып болсын, экранға шығарғанда не табамыз дедім. Онда левират, әмеңгерлік идеясы бар, ол артта қалған заманның белгісі деді отырғандар. Түбімізді қуаласақ әмеңгерден тумаған, әмеңгерден әйел алмаған қазақ жоқ. Бұл артта қалғандық емес, үнсіздік соғыста қалыптасқан, өлген азаматтың жесірі ініге мұра екенін көрсететін таңғажайып озық салт дедім. Ешкім үндей алмай қалды. Ғабең күлді. Бірақ кешке қарай маған телефон шалды. Әлі есімнен кетпейді. Пікірлеріме рахметін айтып келіп, соңында «Аскар, мы подневольный народ» («Асқар, біз езгіде отырған халықпыз») деді. Сол күні мен көп нәрсені түсіндім. 37-жылғы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан, ұлттық әдебиеттің іргетасын қалап, шаңырағын көтерген, осы ат төбеліндей аз қарияларға мен басқаша қарайтын болдым. Солардың қалтаңдап тірі жүргеніне шүкіршілік айтатын болдым. Сендер, жас әдебиетшілер, сендер де сондай болыңдар. Жүректерің ақылдан озып отырсын. Білесің бе, ескі заманда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерліп тұрып сауға сұрайтын салт болыпты. Бұлар да сондай, қылышынан қан тамған жүйенің алдына тізерлеп тұрып, қазаққа тыныштық алып берген ұрпақ. Сондық­тан құрметке лайық. «Бізде неге анау жоқ, неге мынау жоқ! Бұл аталған адамдарға айтылатын сын емес. Бұл, жылымықтан кейін, 60–70-жылдары әдебиетке келген мына бізге айтылуға тиіс сын. Қандай сын айтсаңдар да көтеріп алармыз.

Кеудесі алтын сандық жақсымен өткізген бір күнің – бір жылға татиды. Өзіме тиесілі уақыттан артық тағы бір жыл ғұмыр кешкен мен, түнгі Алматының ғажайып көркін тамашалап, жүрегім қуанышқа толып келе жаттым…

 

«Сен ренессанстың адамысың»

80-жылдардың аяғы еді. Алматының көңілсіз көктемі. Қар бір жауып, бір еріп, жер-дүние шылқып, ылжырап жатыр. Осы күндері кон­серваторияға Асекең және менің Ерік (Көкеев) досым қатар келе қалған. Екеуі амандық-саулық сұрасып, жақсылап әңгімелесіп шер тарқатысқан. Сонымен кешқұрым болып, менің жұмысым аяқталып далаға шықтық та, Үкімет үйінің жанындағы саябақта біраз қыдырдық.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мына жерде менің бір суретші досым бар еді, – деді Асекең, – Жүріңдер, соған кіріп шығайық.

Үшеуміз Панфилов көшесімен төмен түсіп Суретшілер одағының шеберханасына келдік. Келген адамымыз әйгілі суретші Салахиддин Айтбаев еді. Екі бөлмелі шеберхананың әр жерінде шашылып жатқан мольберт, рамаларға жарым-жартылай керілген кенеп, шағын үстелдің үстінде шала-пұла желінген тамақ, жартылай ішілген арақ – суретшінің типтік мекен-жайы. Орта бойлы, нығыз денелі, шашын қырау шала бастаған сары өңді адам Асекеңмен құшақтасып амандасты.

– Какими судьбами? – деді жымиып, – Көріспегелі көп болды ғой.

Екеуі көр-жерді әңгіме қылып аз отырды.

– Ал нең бар, көрсет, – деді содан соң Асекең.

Салахиддин шүберекке орап, қабырғаға сүйеп қойған суреттердің біреуін алып, орауын жазып, қабырғаға, кеуде тұсқа келетіндей етіп ілді.

– Міне, мынау, – деді Асекеңе қарап.

Суреттің орта тұсында мазар тұр. Сол жақ бұрышта бір адам шарта жүгіне отырған. Қолында домбыра. Аулақта тұсаулы ат жүр.

– Аты не? – деді Асекең.

– Ат қоя алмай отырмын, – деді Салахид­дин, – Сенен ақыл сұрайын деп отырмын.

Асекең суреттің тура жанына барып үңіліп аз тұрды. Содан соң ақырындап шегіне бастады. Шегіне-шегіне арқасымен қабырғаға тірелген. Осыны көргенде Салахиддин меңірейіп тұрды да қалды.

– Қалай ойыма келмеген, – деді содан соң, – Үлкейту керек екен ғой.

– Көптен бері далаға шықпағаның көрініп тұр, – деді Асекең. – Ал бұл суретке «Маңырама» деп ат қойса қайтеді?

– «Маңырама» дейсің бе? – Салахиддин иегін уқалап сәл ойланып қалды, – Кешір, бірінші рет естіп тұрмын. Ол не?

– Мынау жыр толғап отырған жырау сияқ­ты, – деді Асекең суретке меңзеп, – Ал мазарды ата-бабаның аруағы деп шартты түрде келіссек… онда мынау адамның жыры – дұғасы.

– Иә, солай деуге болады, – деді Салахиддин суреттің жанына келіп, – Біз перспективаны жасай аламыз, колористиканы дұрыс табамыз, бірақ сюжет ойлап шығара алмаймыз. Біздің осал жеріміз осы.

– Мынау Сырдың бойында, Арал мен Қармақшы жақта жырдың «Маңырама» деп аталатын ерекше түрі бар, – деді Асекең сөзін жалғап, – Әдемі ат қой.

– Да, великолепно, – деді Салахиддин, – Шіркін, сурет сыншылары осы сен сияқты болса ғой. Бәрі де жақсы болар еді.

– Міне, отырмыз, – деді содан соң шеберхананы қолымен айналдыра меңзеп, – Суреттер арзанға кетеді. Бағасын білмейді.

– Кейін бізде де сурет рыногы қалып­та­сады, – деді Асекең жұбатып, – Сол кезде сенің шедеврлерің миллион долларға кететін болады.

– Біз өлгеннен кейін, – деді Салахиддин.

Әбден кеш батқанда қайттық. Сол мәжілістен Салахиддин Айтбаевтың бір сөзі есімде қалыпты. Асекеңнің жүзіне біртүрлі риза кейіпте қарап отырып, – Осы мен сенің кім екеніңді анықтап айтып беруге қиналамын,– деген еді ол, – Сенің кім екеніңді жіпке тізіп шыққаннан гөрі, кім емес екеніңді санап шыққан оңай шығар. Сенің бойыңдағы бар өнерді санап шыққаннан, сенде жоқ өнерді санап шыққан оңай. Сен Ренессанстың адамысың…

 

«Тәттімбетті Батыстың қай композиторына ұқсастырар едің?»

…Иә, Асекеңнің өнері сан  қырлы еді. Баяғы бір ғұламаның айтқан «жан таланты» («талант души»). Оның көптеген салада профессионал-эксперт болғандығы осы «жанның талантынан» болса керек. Асқар Сүлейменовтің күй талғамай, қандай қалыпта тұрса да, тіпті қатты сырқаттанып жатқанда да кез-келген тақырыпта кемел пікір айта алатындығы таңқалдыратын. Міне, оның бойындағы осы көркем қасиеттердің ең бірегейі – оның саз өнеріне деген құштарлығы, музыкалық сыншылығы еді. Және оның бұл тараптағы эрудициясы мен танымы сөз арасында елеусіз ғана айта салған, немқұрайды пікірінен жарқырап көрініп тұратын.

Бірде тағы да Төлеген ағаның үйінде дастархан басында отырғанымызда радиодан Есірдің «Тоғыз түйеші» және «Ақжарма» деген екі күйі тартылды.

– Осы екі күйдің тарихын білесіңдер ме? – деді Асекең күй шертіліп болғанда.

Ешкім білмейтін болып шықты.

– Айтшы, – деді Төлеген аға, – Күйдің аңыздарын көп білуші едің ғой.

Асекең, көне күндердің, қазақтың басынан өткен кер заманның тірі куәсіндей болып сәл мұңайыңқырап, өзінің қоңыр даусымен әңгімені тербеп жөнелген.

– Баяғыда, Ресей мен Хиуа соғысқан кезде болған екен. Орыстың әскері Түбек пен Үстіртке жетеді. Даланың керіш жолы аяқталып, енді құм басталады. Содан орыстың сардары адайларға түйе сұрап, жол көрсететін кісі сұрап елші жіберіпті. Ауылдың ағалары бүкіл адайдың билері мен батырларын жинап кеңес қылады. Жұрт мәмілеге келе алмайды. Біреу орысқа көмектесейік дейді, біреу көмектеспейік дейді. Сол жерде Тіленшінің ұлы Жоламан батыр мен Сүйінқара батыр бар екен. Екеуі айтыпты, елшілерді ештеңе бермей шығарып салу керек деп. Сонымен, ақырында Бөкен биге «Сен төрелігін айт» дейді. Бөкен би ұзақ ойланып айтты дейді, дін қарындас болған түркіменнен не көрдік, елімізді талай рет шауып, бала демей, шаға демей қанша адамымызды құлдыққа сатып жіберді. «Жауды аяған – жаралы» деген, кәпірдің қолымен болса да қирату керек, бізге істегенін алдына келтіру керек. Сондықтан түйені де, адамды да беру керек деп. Сонымен осыған тоқтасады. Бөкен би орыстың офицер­лерін шақырып алып айтыпты: «Міне, біз сендерге 500 түйе және 9 адам түйеші, құмның жолын жақсы білетін ізкесер береміз. Есіңде болсын, бұл адамдарды көзіңнің қарашығындай сақта, ұрыс-соғысқа салма, қажама. Егер де бұларды түркімендер өлтіріп кетсе, не даланың жолын білмейсің, не құдық пен суатты біл­мейсің, айдалада бір оқ ата алмай шөлден қырыла­сың» депті. Ертеңіне тоғыз адам орыстың әскеріне қосылып шеру тартады. Сол тоғыздың біреуі он жетіге жаңа толған күйші Есір екен. Сонымен, бұлар аз жүреді, көп жүреді ақырында түркіменнің астанасы Көктөбе деген қалаға жетеді. Қаланың дуалы биік, қақпасы берік, орыстың әскері қанша рет шабуылдап ала алмапты. Содан ақылдасып, жердің астын ін қылып қазып, дуалды түбінен қопарып дәрімен жаратын болады.

Шабуыл тоқтайды, түркіменнің ханы өзінің сарайында жайбарақат отыра береді. Ханның анасы ақылды адам екен, бір күні дуалға шығып, жау жаққа қарап тұрып түсі бұзылып кетті дейді. Баласын шақыртады. Хан келіп, қабырғаға шығады. Анасы айтты дейді «Балам, кәпір неғып үнсіз қалды, не істемек ойың бар» деп. Хан айтыпты: «Неден абыржыдың ана, кәпір бізге не істейді. Қамал берік. Су да жетеді, азық та жетеді. Кәпір тамағы таусылғаннан кейін азып-тозып еліне қайтады. Сол кезде шағылдың ішінде қуып жетіп кескілеп тастаймыз» деп. Анасы айтты дейді «Алданба өйтіп, балам. Кәпірдің қулығына құрық бойламайды. Анау тігулі тұрған үйді көрдің бе, сонда кірген адам жоқ болып кетеді. Сол үйден бері қарай шөп саржолақ болып сарғайып келе жатыр. Олар жердің астын қазып келе жатыр. Астана жұртымызды алады, бәрімізді қырады» деп. Бірақ баласы бұл сөзге құлақ аспайды. Ақырында қабырғаны дәрілеп жарып, орыстың қалың әскері Көктөбеге бұзып кіріпті. Сол ханның анасының айтқаны болыпты. Кейін Есір айтты дейді, жұрт қан кешіп соғысып жатқанда, түркіменнің бір жас жігіті жаны шықпай қиналып жатыр екен. Соның басын сүйеп, иман айтып отырдым. Сонда маған риза болып қалай көз жұмғанын ұмыта алмаймын», – деп.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *