КЕМЕҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕН БІР ҮЗІК СЫР

«Алматы ақшамында» кей тұста өткенге, не болмаса жарық көрген кейбір жарияланымдарға бет бұрып, қайта жариялап отыру дағдысы бар. Бұл барлық баспасөзге тән тірлік. Себебі, бүгінгі өтелмей жатқан рухани олқылықтың орнын сол толтырады. Осы ой тұрғысынан келсек, редакцияға хабарласып, не болмаса ұшырасып жататын оқырмандардың дені сол баяғы Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты атышулы эссені қайта жариялауды сұрайды.

Интеллектуалды оқырманның жоғары деңгейдегі рухани сұранысын орындау парыз. Оның үстіне газетке әр жыл сайын жаңа оқырман қосылып отырады. Бірде Қадыр ақынның «Мен жақсы ақын болмаған күнде жақсы оқырман болар едім» дегені бар еді. Сондықтан жақсы оқырманның жоғары деңгейдегі талғам-түсінігін қанағаттандыру мақсатымен сол эссе қайта жарияланып отыр.

 Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ 

– Лирикалық өлең лап ете қалған, жалт ете қалған сезім ғой, – деді балалардың бірі, – оған не уақыт керек?

– Өлеңге уақыт керегі жоқ деп кім айтты? – деді Асекең. – Қандай жылт еткен сезім болса да, оны айтып, жазып беру керек. Ал оны оқып түсіну үшін уақыт керек. «Лирикада уақыт жоғалады, тығыздалады» дегеннің барлығы миф.

– Психоанализ бүгінгі әдебиетті тым ауырлатып жіберген, – деді Асеке, – психо­анализ әдебиетке емес әдебиет психоанализге қызмет ете бастаған сияқты. Кейде әдебиет философия болғысы, кейде таза ғылым болғысы келетін сияқты. Сондай әсер қалдырады. Әдебиет скепсистен бұзылған. Ойымша, әдебиет әлсін-әлсін байырғы, мөлдір көне бастауларға қайтып барып отыруы керек. Адасқанда, шаршағанда. Осы жеткен тәжірибемен, біліммен сол мәжүс заманға барып, түлеп қайтып отыруы керек. Иоганн Себастьян Бахтың «Хорошо темперированный клавир» деген ұлы оқулығы бар. Кез-келген композитор, әсіресе батыс композиторлары, өздерінің методына күмән туғанда сол мөлдір бұлақ іспетті оқулыққа жүгінеді. Әдебиет те солай болуы керек деп ойлаймын.

Балалардың әңгіме ауанынан айырыла бастағанын сезген Асекең аз үнсіз қалды. Содан соң жөткірініп алып, бәрін басынан бастады.

– Библияда Құдай айтқан ғой: «Бір-біріңді мен арқылы сүйіңдер, бірін-бірі сүйген екі жүректің арасында үнемі мен тұрайын» деп. Құдайдың куәлігінен артық не бар? Арабта Имрул Қайыс деген ұлы ақын болған. Қазақта көп жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» сол Қайыстың поэмасы. Қазіргі скепсис тұрғысынан алғанда адамның махаббаттан мәжнүн болып қалуы ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ «Ләйлі» есімі, зерттеушілердің айтысына қарағанда «Алла» сөзінің фонети­калық варианты екен. Қалай болғанда да, бұл махаббат жаратқан иенің көлеңкесінде, соның куәлігінде. Батыс Еуропаның ақындарын таңқалдырған осы жәйт. Кейіннен пайда болған «Беатриченің бейнесінде осы «Ләйлі-Мәжнүннің» әсері бар. «Махаббат – өштік» бұл да кейінгі адамзаттың ойлап шығарғаны. Шын махаббат амбивалентті нәрсе емес. Мынау Үндінің философиясында «адвайта» деген ұғым бар. Орысша «недвойственность», бізше «екіге бөлінгенмен бір негізділік». Қайыстың поэмасы осы «бірнегізділік», қандай тағдыр кессе де алғашқы асқақ, киелі күйінде қалатын махаббат жайында.

Әлденеше кітапқа жүк болатын теориялық талғамдарды осындай қысқа да нұсқа қылып айтып беретін де әдеті болуыш еді Асекеңнің…

…Неше жыл жаныңда жүргенде байқа­ғаным, Асекең «60-жылғылар» тақыры­бын қозғағанды ұнатпайтын. Бұл — Асекең үшін ең қытықшыл мәселе еді. Қашан болсын, амалын тауып сол тақырыптардағы әңгіме­лерді тоқтатып тастайтын. Көпке дейін Асекеңнің бұл мінезін түсіне алмай жүрдім. Күндердің күнінде түсінудің де реті келді. Бірде «Қазақфильм» төңірегінде жүрген, өздерінің айтысында «Киноматографиялық боманд» – бірнеше әйел мен еркек, дастархан басында тағы да аталған тақырыпты қозғаған.

– Осы әңгімені қойыңдаршы, – деді Асекең.

– Айтсын, – деді Зейнолла аға. – Аузына қақпақ болма.

– Қойшы, Зейнолла, – деді Асекең, – кімнен қай жеріміз артық еді, қойың­даршы.

– Перестань, Аскар, – деді әйелдердің бірі, – болған нәрсе болды.

– Иә, болды, – деді Асекең. – Бірақ сол 60-жылдары сонша не болыпты?

– Сені айтса да жеткілікті, Олжасты айтса да жеткілікті, – деді әйел, – бір ұрпақ үшін екі Сүлеймен жетіп-артылады.

– Біз 60-жылғы емеспіз, – деді Асекең, – біз 70-жылы да сондай болдық. 80-жылы да сондай болып отырмыз.

Әңгіме осымен аяқталды. Кейі­нірек сұрағанымда Асекең амалсыз айтуға мәжбүр болды.

– Қытайдағы «Мәдени рево­лю­ция» дегенді естіген шығарсың. Қан­ша адам жазықсыз, жаламен кеткен. Ізім-қайым жоғалған. Содан соң бұл Батыста өзінің жалғасын тапқан. Психоделикалық тәжірибелер, «Битлз» дегендер барлығы сол кезде пайда болған.

«Қоғамды жаңғырту», «Қоғамды жаңғырту, тазарту» деп аталатын бүкіләлемдік комедия­ның дүмпуі бізге де жетті. Сонымен, бізде де «60-жылғылар» пайда болды. Әрине, тиісті органдардың қадағалауымен, басқаруымен. Диссиденттік қозғалыс дегенді естуің бар шығар? Әлбетте, барлық кеңес халықтары қайтадан жаппай тексерілді. Біздің қазақ қоғамы енді ғана ес жиып келе жатқанда қайтадан цензура күшейтілді, езгінің жаңа түрлері ойлап шығарылды. Мәскеуден оқып келген қыз-жігіттердің осындай бір жаман әдеті бар. Бірдеңені тындырып тастағандай «Біз, 60-жылғылар» деп бастағанда орнымнан тұрып кетіп қалғым келеді…

…Асекең біраз уақыт М.Әуезов атындағы Қазақтың бас театрында әдебиет бөлімінің басқарушысы болып қызмет етті. Ол кезде бәрі орысша, сол себепті қызмет қысқаша «завлит» деп аталатын. Бұл бір қызық қызмет еді. Қолымен қойғандай қылып міндеттері айқын­далып бекітілмеген, бірақ репертуар таңдаудан бастап премьераға дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық жұмыс осы завлиттердің мойнында болушы еді. Пьесаны құтқару үшін цензу­рамен кескілесетін де бірінші қойылым­ның алдында, соңғы репетиция кезінде спек­такльді қабылдап алатын мемлекет комис­сиясы да осы завлит. Бірақ театралдық про­грамкада аты да аталмайды, сәтті премьера­дан соңғы овация мен абырой бас режис­серден бұйырады. Завлит деген көрінбейтін майдан­ның жауынгері еді. (Менің ойымша өнер институттары осы жайында қатты ойла­нуы керек. Театр бөлімдерінде жалпы теа­тртануды ғана оқытпай, студенттерді маман­дану үшін теарларға бекітіп, күнделікті теа­тралдық процеске қатыстырып отыру керек).

Асекең бірде былай деп еді:

– «Ресейде ақын әдепкі ақыннан биік» («В России поэт больше чем поэт») деп бір ақынның айтқаны сияқты, біздің қоғам үшін «Театр – әдепкі театрдан биік» дер едім.

Кейбір сөздерді, ұғымдарды орысша аудармасын айтып, күшейтіп қоятын әдетімен, – в нашем обществе театр больше чем театр, – деп қосып қойды. – Ол аз десеңіз айтайын, театр университеттен де биік болуы керек. Театр ұлттың ұйысатын, жиналып пікір алмасатын, өмір туралы толғанатын жері. Театр кино өнеріне қарағанда алымды, жіті, сергек, оперативті. Кино бірнеше жыл бары­сында түсіріледі. Жақсы театр қоғамдық үлкен проблеманы бір-ақ айда ғана сахнаға шығара алады.

Осы завлит болып жүргенде басынан өткен бір оқиғаны айтып берген еді.

– Күздің кезі. Театрларда жаңа маусым басталған. Барлығымызды Мәскеуге жинады. Идеологияның қызметкерлері ұзақ-ұзақ нұсқалар беріп, жиын екінші күні түстен кейін әзер аяқталды. Артынан үлкен дастар­хан болды. Олег Ефремов масаңдау екен, мені былайырақ шығарып алып, әңгімелесті. Сонда «Білесің бе, Асқар, театрда жақсы буфет болуы керек. Бағанағы анау кәрі данышпандардың айтқанының барлығы былшыл. Театрдың деңгейін көтеру үшін өйту керек, бүйту керек деп жатыр. Бәрі бос сөз. Саған профессионал ретінде айтайын, спектакль нашар болса, үзілісте жұрт буфетке кетіп қалады. Келесі актке көрермен мүлдем басқа болып келеді. Келмей де қалуы мүмкін. Сахнадан айтылған ойдан мықты ойлар, сахнадағы диалогтардан мықты диалогтар буфетте айтылады. Ал режиссер бұны біледі. Театралдық мақал бар ғой «Режиссер мен буфет бір-бірімен антагонист» («Режиссер и буфет – антагонисты») деген. Ақыл білсеңдер осылай істеңдер» деді. Әрине, қалжың ғой, бірақ түп негізінде шын театралдық проблема жатыр. Қайтып келгеннен кейін Ғабеңе сөз арасында осыны айтып едім, ол кісі күліп, «Бұл тамаша идея екен» деді. Осы кездері Д.Пристлидің шығармашылығы қатты қызық­тырды. Оның орыс театры қойған «Қатерлі бұрылыстар» («Опасные повороты») теле­спектаклі жаңа ғана дүркіреп өткен. Оқысаң білетін шығарсың, бүкіл оқиға – кеңейтілген бір акт ғана. Көп көріністі спектакльдер театр үшін ауыр салмақ. Мысалы, Францияда Планшен деген режиссер айналмалы, көп бөлмелі сахнаны уағыздаған. Бұл киномон­тажбен бәсекеден туған нәрсе. Әрине, қандай амал қылсаң да киномонтажға жете алмай­сың. Ал Пристлидің драмасы алымдылығы­мен, «оқиғаның және уақыттың бірлігімен» қызықтырды. Біздің драматургтерге осыны айтып көрдім. Әрине, бұл кез-келген қазақ драматургтері «оқиғаның» мәселесін шешіп қойған. Ұғындыра алмадым. Үлкен қаламгер­лердің өздері «Пристлидің драмасы қазіргі Англияны көрсетеді. Ал бізде қала өмірі әлі кемелденген жоқ. Жоқ проблеманы біз қайдан аламыз» деп дау айтты. Проблема ешқашан дайын күйінде тұрмайды. Пробле­маны ойлап шығаратын – драматург. Ұғыныса алмадық…

– «Қыз Жібек» фильміне бастан-аяқ қатысыпсыз ғой, – деп сұрадым бірде.

Асекең өткен күндерді есіне түсіріп, аз-маз үнсіз отырып қалды.

– Иә, – деді содан соң, – қатыстық қой. Сценарий Ғабит Мүсіреповтің пьесасы бойынша жасалған. Көркемдік кеңесте «Эпос бойынша түсірсек қайтеді?» дедім. Елдің барлығы ат-тонын ала қашты. Неден қорқа­сыз­дар дедім. Орыстар «Гамлетті» түсірді ғой. Ештеңесін өзгертпей. Ол классика ғой деді отырғандар. «Қыз Жібек» те біздің классика­мыз дедім. Автор эпостан махаббат линиясын алған да, содан драма жасаған.

(Жалғасы бар).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *