Каталония тәуелсіздік үшін күресе береді
Автономияның жаңа басшысы болып Ким Торра сайланды

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының» саяси шолушысы
Жұртшылық Каталонияда өткен жылы болған оқиғадан хабардар. Қысқаша еске түсіре кетсек, Испанияның солтүстік шығысындағы осынау автономиялық өңірде 2017 жылдың 1 қазанында тәуелсіздік жөнінде референдум өткізіліп, дауыс беруге қатынасқан 5,34 млн. халықтың 90 пайызы егемендікті жақтап дауыс берген еді. Арада бір айдай уақыт өтісімен осы мәселені Каталония парламенті қарап, онда 72 депутат қолдап, 10 депутат қарсы шығып, екі депутат дауыс беруден бас тартып, нәтижесінде тәуелсіздік туралы қарар қабылданған.
Алайда, Испания үкіметі мұны ел Конституциясының 155-бабына қайшы деп тауып, Каталония парламентін таратып, Женералитет (үкімет) басшысы Карлес Пучдемонды қызметінен босатқан. Және де тікелей орталықтан басқару тәртібін енгізіп, автономияның уақытша басшысы етіп, вице-премьер Сорайя Саенс де Сантамария ханымды тағайындаған. Бұл сөзсіз егемендікті жақтайтын каталониялықтардың наразылығын тудырған. Осыған байланысты Каталония президенті Карлес Пучдемон шет елде бой тасалауға мәжбүр болды.
Бір айта кететіні, Каталонияның тәуелсіздікке ұмтылған әрекетін АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания, сондай-ақ Сербия, Молдавия және Украина елдері қолдамады. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі: «Каталониядағы жағдай тікелей Испанияның ішкі ісі, ол сол елдің заңнамасы шеңберінде шешілуі тиіс. Қазақстан Испаниямен қарым-қатынаста оның егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтейді» деген ұстаным білдірді.
Міне, содан бері де жеті айдай уақыт өтіп, көпшіліктің көкейінде: «Каталонияның ендігі тағдыры қандай болмақ?» деген күптілеу сауал тұрған.
Жуырда Каталония парламентінде автономия женералитетінің (үкіметінің) жаңа басшысын сайлау шарасы өткізіліп, қорытындысында депутаттардың 66-ы қолдап, 65-і қарсы болған, 4-і қалыс қалыс қалуымен бұрыңғы президент Карлос Пучдемон басқарған «Бәріміз бірге Католония үшін!» каолициялық партиясының өкілі 55 жастағы Ким Торра (Quіm Torra) жеңіске жетті. Сөйтіп, автономияда орталық Испания үкіметінің тікелей басқару тәртібі тоқтатылды.
Каталония женаралитетінің жаңа басшысы Ким Торра алғашқы әрекеттерімен Испания билігінің қолжаулығы бола қоймайтынын байқатты. Ким Торра ант беріп, қызметке кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде өзінің Каталония халқына адал қызмет етенін, өзіне дейінгі Карлес Пучдемон басқарған үкіметтің заңды төрағасы екенін, республика түріндегі тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылатынын, осы жолда Испанияның жаңа премьер-министрі Педро Сачеспен келелі келіссөздер жүргізетінін, Мадрид пен Барселонаның текетіресін біржолата жою қажеттігін айтты. Десе де, өзін қызметке тағайындау жөніндегі жарлыққа қол қойған Испания королі VІ Филиппті және ел Конституциясын бірде-бір рет ауызға алмады.
Осы айтылғанның бәрі сайып келгенде, қайсар да бірбеткей Каталония халқының әлі де тәуелсіздіктен үміт үзбейтінін, бұл бағытта күресті жалғастыра беретінін аңғартады.
Бұған қоса, әлемнің әр түкпірінде «Каталониядағы жағдайды қалай болар екен?» деп бақылап, әрі үміттеніп отырған халықтар баршылық. Өзгелерді айтпағанда, Еуропаның өзінде бас көтеріп, тәуелсіздікке қол жеткізу: шотландиялықтар, баскілер, корсикалықтар, фламандиялықтар, силездіктер, венециялықтардың да талайдан бергі арманы.
Ақшамның анықтамасы:
Ким Торра (Quіm Torra) — 1962 жылдың 28 желтоқсанында Каталонияның Бланес қаласында дүниеге келген. Көп өтпей оның отбасы автономия орталығы Барселонаға қоныс аударған. 1985 жылы Барселонадағы университеттің Заң факультетін бітіріп, еңбек жолын адвокатура басқармасында бастаған. 1987—2007 ж.ж. Швейцариядағы Wіnterthur сақтандыру компаниясында адвокаттық қызмет атқарған. 2008 жылы Испанияға оралып, Contra Vent Edіtors баспасын құрған. 2011—2014 ж.ж. Каталонияның тәуелсіздігіне қол жеткізу мақсатындағы «Егемендік және әділеттілік» ассоциациясын басқарған. 2011-2012 ж.ж. Испаниядан саяси тәуелсіздік алу міндетін қойған «Ұлттық Каталония ассамблеясы» ұйымының белсенді мүшесі болды. 2013—2015 ж.ж. каталон тілі мен мәдениетін насихаттайтын Omnіum Cultural қоғамдық ұйымының вице-президенті және президенті қызметін атқарды. Әлі де сол ұйымда директорлар кеңесінің мүшесі. 2015 жылдан «Revіsta de Catalunya» журналының директоры. Журнал беттерінде эссе мен сыни мақалалар, библиографиялық шолулар жариялап тұрады. 2016-2017 ж.ж. Каталония үкімет құрған Заманауи тақырыптық зерттеулер орталығына жетекшілік етті. 2017 жылғы желтоқсанда «Бәріміз бірге Каталония үшін!» коалициялық сепаратистік партиясынан парламентке депутат болып сайланды. 2018 жылғы 18 мамырдан Каталония женералитетінің (үкіметінің) төрағасы.
Ким Торра Каталония тарихы мен журналистика саласына арналған бірнеше кітаптың авторы. 2009 жылы «Каталонияға өзгеше саясат» кітабы үшін Карлес Рахол сыйлығына ие болған. Үйленген, үш баласы бар.