КӨЗІЛДІРІК КИЕТІН оқушылар көбейіп барады

Байқайсыз ба, бүгінде мектепте оқитын оқушылар арасында көзілдірік киетіндер көбейіп барады. Қазір бір сыныптың өзінде кем дегенде 4-5 бала көзілдірік киеді. Сәл артқа шегінейікші. Мәселен, тоқсаныншы жылдары,  мектепте көзілдірік киетін оқушыны онша кездестірмейтінбіз.

Көбінесе үлкен кісілер пайда­ланатын. Онда да жасы ұлғайғанда жақыннан немесе алыстан көруі нашарлаған кезде. Ал мектеп жасын­дағы балалардың арасында ілуде біреуі ғана кездесетін. Оның өзін кітапты көп оқығаннан болар деп топшылай­тынбыз. Ал қазір ше?

Балабақшада шыны әйнектің аржағынан қарайтын бүлдіршіндер бар…

Қазір тіпті балабақ­шаның өзінде шыны әйнектің ар жағынан қарайтын бүл­діршіндер бар. Өзім мектепте мұғалім болған соң күнделікті көз алдымда болатын көрініс. Бүгінгі балалардың ішінде мектеп ауласында секіріп, бірін-бірі қуалап, асыр салып ойнап жүре­тіндері аз. Себебі, олар үзіліс кезінде жиналып алып, телефон қарауға құмар. Топтасып алып, түрлі ойындар ойнайды. Үйде де осы көрініс. Есіктен кіре сала алдыңнан жүгіріп шыққан балаң сенен «не әкелдің?» деп тәтті сұрамайды, «телефоныңды берші?» деп қалтаңа қарайды. Жұмыстан шаршап келген ата-ана үшін бала­сының мазасын алмағаны керек. Телефонды қолына ұстата салып, баласы жыламаса бол­ды деп ойлайды. Қай үйге барсаңыз да, телефонға телмірген бүлдіршінді, компьютер мен теледидардың ішіне кіріп кете жаздап отырған балақайды көресің. Өкініштісі де осы. Мұның барлығы бала денсау­лығына қанша­лықты зиян екенін ескере бермейміз. Айтпаса да түсінікті шығар. Оған ең бірінші кезекте ата-ана кінәлі…

Телефонға тәуелділік – бала өміріне төнген қауіп

Білесіз бе, жарты сағат телефон қараған адамның көру қабілеті нашар­лап, мидың қатерлі ісігіне душар болуы мүмкін екен. Мамандар осылай дабыл қағып жатыр. Әрине, телефон балаңыздың қауіпсіздігі үшін қажетті құрал екенінде дауымыз жоқ. Бірақ оның озық үлгідегі телефон болуы шарт емес. Смарт­фон, планшет секілді байланыс құралдары – балаңыздың көзіне көзілдірік тағуына бірден-бір себеп заттар. Ата-ана тарапынан ешқандай шектеу болмаған соң бүгінде мектептегі балалар­дың барлы­ғы дерлік сенсорлы телефон ұстайды. Оның түрлі бейнежазбаларды көруге, ойын ойнауға мүмкіндігі мол. Сол себепті, олар үзілісте ойын баласы болып, алысып ойнамайды.

Ата-ана, егер балаңыздың денсау­лы­ғына шынымен алаңдайтын бол­саңыз, оларға жәй қарапайым кноп­касы бар сөйлесу құралын ұстатыңыз. Себебі, сізге бұл байланыс құралы балаңыздың «қай жерде жүргенін» біліп отыру  үшін ғана қажет. Мына көзілдірік тағып жүрген балалары­мыз­дың басым бөлігі дәл осы телефонға шектеу болмағандықтың сал­дарынан көбейіп отыр емес пе? Менің ойымша, баласының болашағына нем­құрайды қарамайтын ата-ана дәл осылай жасаса керек.

Медет ҚАСЫМБАЕВ,

Б.Атыханұлы атындағы 

№36  гимназия директорының 

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *