Көркем мiнез

Әлемнiң 2 миллиардтан астам мұсылмандары

Мәулiдтi тойлап жатыр

Бiр қатар мұсылман елдерiнде  мерекелiк шырақ шерулерi ұйымдастырылып, Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам пайғамбардың анасы – Әминаның бейнесiн көшелерде алып жүредi. Мешiттерде Алла елшiсiнiң анасына бағышталып салауат айтылады. Мереке құрметiне кедей-кепшiкке мейiрiмдiлiк шаралар жасалады. 

Көптеген мұсылман мемлекеттерiнде Мәулiд күнi демалыс болып белгiленген. Ал, пакистандықтар бұл  мерекеде үш күн демалады.

Мәулiд – Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассаламның туған күнi құрметiне арналған мереке. Осыған орай Алла елшiсiнiң өмiрiнен алынған шағын оқиғаларды жариялап отыруды  сауап деп таптық.

Көркем мiнез жайлы бiлмек болған бiр кiсiге Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам:

– Көркем мiнез – туыстық қарым-қатынастарын үзгендермен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешiруiң, – деп түйiндептi сөзiн.

Пайғамбарымыз  және бiр әңгiмесiнде «Қияметте амалдар өлшегенде, таразыны ауыр басатын бiрден-бiр амал – Алладан қорқу мен көркем мiнез» екенiн айтқан.

Бiр кiсi Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам пайғамбардан:

– Дiн деген не? – деп сұрағанда:

– Ол – көркем мiнез, – деп жауап қатқаны тағы бар.

Әлгi адам айналсоқтап кетпей, бiр қойған сауалын неше мәрте қайталаса да, Пайғамбардан: «Көркем мiнез» деген жауап алған.

– Iс-амалдардың қайсысы жақсы? – деп сұрағанда да Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам:

– Көркем мiнез, – деген. Тағы басқа бiрнеше хадистерiнде:

– Алла бұл дiндi өзiне тән қылды. Сендердiң дiндерiңе жомарттық пен көркем мiнездерден  басқасы жараспайды. Осы екi қасиет арқылы дiндерiңiздi көркемдеңiздер, – деп үйреткен.

Әдiлеттiлiгiмен аты әлемге әйгiлi болған айбынды Омар (р.а.) Алланың Елшiсiн жан-тәнiмен жақсы көретiн. Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам Алланың әмiрiмен ақыретке аттанған кезде, бүкiл сахабалар секiлдi ол да басына жай түскендей қатты толқыды. Алла Елшiсiнiң өмiрден озғанына әлi де сене алмай, сергелдең күй кешiп, ашумен: «Егер кiмде-кiм Мұхаммедтi өлдi десе басын аламын!» – деген-дi.

Пайғамбарымыз  саллалаһу алайһым уасаллам жан тәсiлiм еткен кезде, Әбу Бәкiр Сыддық Алланың Сүйiктi Елшiсiнiң бетiне жабылған матаны ашып: «Уа, расулалла! Тiрi кезiңде сен қандай көркем болсаң, өлген кезде де сондай көрiктiсiң!» деп, Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам пайғамбардың маңдайынан сүйедi.

Бүгiнгi дұға

Алла-тағалам!

Тозақ отынан, оның азабынан аман қалу үшiн тек Саған  ғана сыйынамыз! Оқыған намазымыз бен дұғамызды және өзiңнiң Елшiң әрi құлың Мұхаммед  салалаһу ғалейһи уассалам пайғамбарға айтқан салауатымызды қабыл ете гөр!


.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *