ӘЙЕЛМЕН ӘЛЕМ ӘДЕМІ

АНА – БАРЛЫҚ КӨРКЕМДІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ

Ислам ғалымдарының бірі: «Бір күні анаң о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Біліп қой, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егер де сенің анаң тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Алыста болса дереу хабарлас, үйде болса тезірек барып, маңдайынан сүй! Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық жаса. Ол қандай сөз айтса да, анаңды разы қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланба. Оның саған деген махаббаты орналасқан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма!» деген екен.

Қыз бала тұрмысқа шыққан соң, өз үйіне жиі келе бермейді. Оның ендігі өмірі барған жерінде әдемі әдебімен ибалы келін, уақыты келгенде, мейірімді ана атануымен жалғасын табуы міндетті. 

Телефонмен жиі қал-жағдай сұрасып тұрғанмен, анаңның мейіріміне шомылып, әкеңнің бір-ақ ауыз қуатты сөздерін естіп қайтқанды кім қаламайды дейсіз?! «Ата-анасы бардың басында алтын тәжі бар» деген. Ал сол алтын тәждің жарқ-жұрқ еткенін көзбен тамашалауға мүмкіндік туа қалса қуанатының анық. Өйткені, өзің де анасың. Сені де анашым деп отырған балаларың бар. Отың бар. Ошағың бар. Шүкір. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» демей ме? Балаларым да ата-ананың қадірін біліп өссін. Білсін де көрсін деймін. Баланың қай жаста да ана үшін кішкентай ғана перзенті болып қалатынын сезінсін. Әлбетте, перзентіңді тәрбиелегенде ең бірінші ата-анаға қамқор етіп өсіру керек дейді. Бәлкім, «қарттықта төркінін танымай кететін қыз болып шықпасын» дегендіктен болар. Ата-ана үшін сенің бір ауыз жылы сөзің оларға сені сәби кезіңде әлдиле­геніндей әсерлі. Осыны білем. Білгеніме қуанам.

Бірде төркіндеп үйіме бардым. Әдеттегідей, келініміз дастарханын жайып, қонақжай­лылық танытты. Біздің келге­німізді білген көршіміз де амандаса келіп, дастархан басынан табылды. Шай ішілді. Ата-анамызды көріп, көңіл жайланды. Енді үлкен асқа дейін біраз уақыт бар. Мұндайда бос отырасың ба, өткен-кеткенді айтып, жағдай сұрасып отырмыз. Содан не керек, әңгімеміздің соңы қызу пікірталасқа ұласты. Тақырып – «анаңа қоңырау шаласың ба?..».

– Жо-о-оқ, мен анама мерекелерде ғана телефон шаламын. Өз басым, жөнсіз хабар­ласып, мазаларын алмаймын. Бір-екі айда бір сөйлесіп қоямын, жетеді,  –  деп тәкаппарлана сөйледі келініміз.

– Қалай шыдайсың, сонда, анаңды сағынбайсың ба? – дедім таңдана.

– Үйреніп кеткенмін. Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз.., – деді ол сұрағымды іліп әкетіп.

–  Ал маған анам өзі хабарласып тұра­ды. Ауылда ғой, олар,  – деді көршіміз.

Қасымда отырған сіңлім шыдамады білем, сөзге араласып:

– Мәссаған, мен олай істей алмаймын… Лажы болса, алыста болса да күнде хабар­ласып, анамның қал-жайы мен көңіл-күйін сұраймын. Сосын анама өзінің әлемдегі ең керемет ана екенін айтамын. «Жылы сөз жан семіртеді». Анам күнде тыңдаса да, бірінші рет естігендей қуанып қалады. Сосын айналып-толғанып қиясына қонып, өз бетімен қанат қаққан бала­панына дұғасын жаудырады. Әкем мен анамның бойында балалары үлгі тұтарлық көп нәрсе бар. Барлық мәселені екеуі ақыл­дасып шешеді. Бірінсіз-бірі ас ішпейді, қайда барса да жұбымен жарасып, қолтық­тасып келе жатқанына сүйсінесің. Екеуі сканворд шеш­кенді жақсы көреді. Шемі­шкеше шаққанда таңқаласың. Өздеріне хобби. Анаммен хабарласқанда бір-екі аптаға жететіндей газет-журнал, сканворд­тарды апарып беретінімді айтамын. Міне, осы сөйлескеніме бар-жоғы бір-екі минут кетеді. Есесіне анаңның даусын естисің, батасына шомыласың. «Айналайын, сәттілік жолыңа! Алла жар болсын» дейді мейірленіп. – Сіз білесіз бе, ана мен баланың арасында көзге көрінбес энергия қуаты болады. Сол қуат па екен, әйтеуір, анаммен сөйлескеннен кейін тұла бойымды ерекше сезім билеп ала жөнеледі. Сол сезім көңіліңе қанат бітіріп, тіршілігіңе сүңгітіп жібереді ғой, шіркін! – деді сіңілім.

– Өмір болған соң, бір күнің бір күніңе ұқсамай жатады. Сол себепті, кей кездері бір-екі күн хабарласпай қалатыным бол­маса, мен де ата-анама жиі хабарла­самын. Денсаулығын, жағдайын сұраймын. Анаңның көңіл-күйін білгің келсе, дауыс ырғағына мән берсең жетіп жатыр. Өз басым, бірден сеземін, – дедім мен әңгімені түйіндеп.

Әйтсе де, келінімнің сөздеріне ойла­нып қал­дым. «Қалай анасымен тек ме­рекелерде ғана сөйлеседі. Неге аналар­дың әр күнін ме­реке етпеске?!» деп. Егер ол өз анасымен – бір-екі айда бір сөй­лессе, өзгенің анасымен жылдап сөйлеспеуге бар ғой… «Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз…» дегені несі?! Өмірде неше түрлі жәйттар болып жатады. Бәлкім, оның анасы қандайда бір көмекке зәру шығар… Мүмкін, сырқаттанып жат­қан болар, бәрі мүмкін ғой… Көп аналар ондай сәттерде «балам уайымдамасын» деп хабар­ласпайды, білем. Барлық ананың баласына деген мейірімі һәм махаббаты теңіздей терең, аспандай биік, күн нұрындай шуақты екені ақиқат. Сондықтан ананы сағынбау әсте мүмкін емес-ау…

Ислам ғалымдарының бірі: «Бір күні анаң о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Біліп қой, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егер де сенің анаң тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Алыста болса дереу хабарлас, үйде болса тезірек барып, маңдайынан сүй! Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық жаса. Ол қандай сөз айтса да, анаңды разы қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланба. Оның саған деген махаббаты орналасқан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма!» деген екен.

Бәріміздің де жалғыз ғана анамыз бар. Бізге мынау жарық дүниенің есігін ашып, өмір сыйлаған жанның дәрежесі екі дүниеде де биік болсын! Сондықтан ата-анамызды барында бағалап, мүмкіндігінше жиі хабарласып тұрайық!

Мәселен, сіз бүгін анаңызбен хабар­ластыңыз ба? Хабарласпасаңыз, дәл қазір телефон шалыңыз, қуанып қалсын…

Ертеңгі мерекемен құттықтауды ұмыт­паңыз!

 

Тақырыпқа орай:

Анаңның телефон нөмірін жатқа білесің бе?

Дәл қазір телефон шалыңыз, қуанып қалсын!..

Жақында жас отбасылар арасында «Анаңның нөмірін жатқа білесің бе?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіліпті. Сол сауалнамаға қатысқан 70 пайыз жігіттер әйелдерінің нөмірін жатқа біледі екен де, аналарының нөмірін білмейтін болып шығыпты.

* * *

Осы сауалнаманы өзім де пайдаланып көру ойымда жүретін. Бірде бауырым екеу­міз жұмыс арасында кез­десіп қалдық. Со­дан анамыздың теле­фо­нына бірлік са­лайық деп терминалға бар­дық.

– Ал қане, мамаң­ның нөмірін айтып жібер, деймін ғой бая­ғы, бауырымды тек­сермек болып.

Інім сәл үнсіздіктен соң, қалтасынан те­лефонын алып, ана­сының нөмірін іздей бастады.

Бұл кезде мен нө­мірді теріп, ақшасын салып жатқанмын. Өйткені, мен анамның нөмірін жатқа біле­тінмін. Әрине, маған ешкім жаттап ал деген жоқ. Бәлкім, анама жиі хабарласатын бол­ған соң шығар, санама сіңіп қалған.

– Ал әйеліңнің нөмірін білесің бе? – дедім сосын інімнен.

– Иә, жатқа біле­мін, анамның соңғы 4 саны ғана есімде, – деп қарап тұр…

Ал Сіз ше, ана­ңыздың нөмірін жатқа білесіз бе?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *