Әйелдер ұйымдары күш біріктірді

«Қазақстанның Әйелдер күші альянсы» жобасы осы жылдың қыркүйек айында ресми түрде өз жұмысын бастады. Бұл туралы Алматыдағы Қазақстан Баспасөз клубында өткен брифингте мәлім болды.

Альянс құрамына әйелдер мен балалар құқықтарының бұзылуы, гендерлік теңсіздік мәселелерін шешумен және әйелдердің саясатта, экономика мен қоғамдық қызметте алға басуына мүмкіндік жасаумен айналысатын республикалық 20-ға жуық әйелдер ұйымы кірді. Сондай-ақ, бұл жоба Қазақстандағы әйел адамдардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жоғарылатуды мақсат етеді.

Альянс ұсынып отырған бағдарламада әйелдердің шешім қабылдау деңгейін биліктің атқарушы және мемлекеттік құрылымдарында 30%-ға дейін арттыру; олардың партиялық тізімге ер адамдармен тең құқылы жағдайда «Зебра» қағидаты бойынша ұсыну; облыстық мәслихаттарды тең құқылы жағдайда құру (50% – ерлер, 50% – әйелдер); тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті күшейту; «Көпбалалы және жалғызбасты ата-аналар» мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту және олардың еңбек құқықтарын кеңейту; ҚР Үкіметі құрамында әйел адамдар, балалар және отбасы мәселелері бойынша арнайы орган құру және гендерлік саясатты, отбасы саясатын жетік орындау мақсатында оны әкімшілік, еңбек және қаржылық ресурстарымен қамтамасыз ету сынды тағы да бірқатар өзекті тақырып бар.

Қазақстан халқының  9,7 млн.-ы әйелдер (52%). Олар елдің ЖІӨ құруға елеулі үлес қосады, халықтың репродуктивті дамуын, сондай-ақ, ұлттың әл-ауқатын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, қазақстандық әйелдердің 15%-ы ер адам өз жұбайына қол көтеруге құқылы деп санаса, ауылдық мекендерде әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықты норма ретінде қабылдайды. Қазақстанда әлі күнге дейін әйелдердің  жалақысы ерлердің айлығынан  орташа есеппен 30%-ға төмен, әйелдердің 57%-ы тұрақты жұмыс істемейді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар санатына жатады. Бұл көбіне ауылдық жердегі әйелдерге тән.

Әйел адамдарға қатысты осы және өзге де өзекті мәселелердің түйінін таратуды көздейтін «Қазақстанның Әйелдер күші альянсы» туралы толық білгіңіз келсе, хабарласыңыз: 8 (7172) 79-15-32, 48-25-69, +7 (701) 512 55 00 және e-maіl: іnfo@afpk.kz.

 

«Ақшам-ақпарат».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *