«Ізгілік елшісі» іске қосылды

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлескен «Ізгілік елшісі»/ «Акселератор добра»  жобасының тұсауы кесілді.

Жобаның презентациясына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, университеттің басшылары, «Ізгілік елшісі»/ «Акселератор добра» жобасының еріктілері қатысты.

«Ізгілік елшісі» – бұл студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба.

Адамгершілік пен жанашырлықты дамыта отырып, жас ұрпақты сыйластыққа, жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелеуді мақсат тұтқан жобаның маңыздылығына тоқталған ректор Такир Балықбаев жастарды көмекке мұқтаж жандарға, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына көмек көрсетуге тарту екенін атап өтті.

– Біздің университет Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласындағы департаментімен бірлесіп жаңа жобаны бастады. Негізгі идея – жастарды мейірімділікке, әдептілікке, қайырымдылық көмекке шақыру. Біз бұл құндылықтарды  туралы тек сабақтарда ғана емес, нақты іс-әрекеттерімізбен де көрсетуіміз керек. Жоба көмекке мұқтаж адамдар мен жақсылық жасағысы келетіндер арасында байланыс қызметін атқарады. Біздің мақсатымыз – көпбалалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмектесу. Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен қызметкерлері жобаның алғашқы күнде 18 отбасына көмек көрсетіп үлгерді», – деді ректор. Ректордың айтуынша, университетте жоба мұқтаж отбасылар туралы мәліметтер базасы құрылған көрінеді.

Осыдан соң жобаның үйлестірушісі, Сорбонна-Қазақстан институтының  қосалқы директоры Айнұр Сәбитова жоба қызметінің барысы мен болашақ жоспарлары туралы жан-жақты айтып берді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ректор Такир Балықбаевқа, жобаны ұйымдастырушыларға және еріктілерге мұқтаж жандарға көмек көрсеткендері үшін алғысын айтты. Жоба жұмысына сәттілік тілей отырып, ол мемлекеттік органдар мен мекемелердің барлық қызметтері ашық және айқын болуы керек екенін атап өтті. Алик Шпекбаев болашақта жобаның елдің барлық аймақтарында жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

Дәл осы күні Алик Шпекбаев «Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жобасы аясында жұмыс жасайтын «Парасат» орталығының ашылуына қатысты.

 

Римма ЖАНБАЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *