ИТТІҢ ӨЛІМІ

Бала күнімізде малшы ауылда тұрдық. Нақтырақ айтсам, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан қос қоржын там еді. Ол Шиеліден 20 шақырым жерде болатын. «Су бар жерде, ну бар» дейді емес пе, үйіміздің айналасы қоршаған тораңғыл, ешкі тал және жейде ағашы. Әсіресе, көктемде қызғалдақ пен сарғалдақтар құмда гүлдегенде, құдды бір кілем жайып қойғандай көрінетін.

Үйдің арты биік мұнар-мұнар құм­дар. Оны «Бес құм асу» дейтінбіз. Көз алдыңызға баяғы қазақы ауыл елес­тейді. Көрші үйде атамның қарындасы тұратын. Ол кісіні апа деп атайтынбыз. Апамның ері – жезде атамыз (солай атаушы едік) қақпан, тұзақ құрып, кейде мылтықпен аң-құс атып әкелетін. Ал апам болса түйе, жылқы, сиыр сауатын, құрт пен май, ірімшік, айран мен қатық дейсіз бе, бәрі табылатын үйінен.  Қазан­жаппаны (нан) дәмді пісіретін. Шір­кін-ай, дәмі әлі күнге таңдайымда тұрады!

Олар ірі қараны көптеп өсіретін. Ал менің әке-шешем уақ мал және біршама сиыр ұстайтын. Дарияның жағасы болғаннан кейін бе, екі үй де бау-бақша­лықпен айналысты. Өрік, шабдалы, шие, жүзім  қандай тәтті еді десеңізші! Онымен қоса, табиғат берген даланың итмұрыны, саңырау­құлағы, жабайы жуасы болатын.

Жездемдерде бала көп. Ер жет­кен­­дері де, мектеп жасындағы­лары да бар. Ал біз – екі қарындасым, ата-анам, көкеміз Абылайхан, алтауымыз тұратынбыз. Кей-кейде атамның анасы – дәу әжеміз келетін. Жаз күндері киіз үй тігіп, ішінен жертөле қазып, айран-суымызды сонда салып қоятынбыз. Ол – қазіргі тоңа­зытқыш. Сол кездегі өміріміз құдды бір белгісіз аралда күн кешіп жатқан кино іспетті еді.

Бір күні жезде атам ұлдарымен аңға шығып, жолшыбай қақпанға түскен қасқырларды әкелді. Біздер баламыз ғой, қайдан білейік, оларды күшік деп ойлап таяқ, тас лақтырып қашамыз. Ол үйдің балалары да қызық үшін әлгі қасқырларды қамшы­мен ұрып, күрзі етікпен теуіп, зәбір көрсе­тетін.  Түз тағыларының аяқ-қолдары құрсауланған. Сонда біздің үйде Тузик пен Рекс дейтін екі итіміз бар-тын.  Тузик орта бойлы, бірақ мығым, қытайдың пандасына ұқсас келетін. Өте ызақор, әрі намыс­шыл. Ал Рекс бұған қарама- қайшы. Ірі денелі, қоңыр түсті, бірқалыпты болатын. Екеуіне де ортақ мінез – қарсыласқаннан қан шығармай қайтпайтын да еді.

Жезде атамдардың әкелгендері енді ғана жетіліп келе жатқан қан­шық пен еркек қасқыр екен. Біздің иттер алғаш­қы  күндері қасқырларға тиіспеді. Бірақ түнімен абалап, жатпайтын болды. Үшінші күні жездемдер еркек қасқыр­дың терісін алды. Екіншісін арғы күні соямыз дескен. Сол түні қаншық түнұ­заққа ұлумен болды. Иттер де күнде­гісінен әлдеқайда тынымсыз үрді. Таң қылаң бере тыныштық орнағандай.

Көкем ерте тұрып, қойды өріске айдайтын. Сол әдеті бойынша қораға барса, екі-үш қойды қылтанақтан бауыздап кетіпті. Дереу әкемді оятты. Болған оқиғаны баяндады. Әкем жүгіріп көрші үйге кетті. Бар­са, жезде атам да да ояу, мазасыз­данып жүр екен. Сөйтсе, олардың жабағысының құйрығын жара­лапты. Ал әлгі ұрғашы қасқыр босанған бойда қастық қылып үлгеріпті. Сол қашқаннан мол қашты.

Ол үйдің қос иті үй іргесінде жатыр. Бейқам. Ал біздің Тузик пен Рекс көрінбейді. Қарасақ, екеуі әбден болдырған, үстері қан-қан, малқора түбінде екен. Сірә, екеуі болмағанда, ендігі қорадағы бар қойдан айырылар ма едік, кім білсін. Үйдегілер қаншама рет білтелі мыл­тықтарын оқтап, әбден іздесе де, қаншықты таппады. Онан бері бірнеше ай өтті.

Бір күні кеште, біздің иттер көрін­бей қалды. Ымырт жабылып, көз байланып қалған-ды. Үрген иттің үні естілді. Шуылдаған жел бір естіртіп, бір естіртпейді. Дауыс тоғай жақтан шықты. Әкем екеуіміз тоғайдан қазан-ошақтың астына деп отын әкелуге кетіп барамыз. Аспан түнеріп келеді. Біз жүрген сайын дауыс та жақындай түсті. Әкемнің орманға шықса арқасында мылтығы жүретін әдеті бар болатын. Абалап, қиқу­лаған жаққа беттеп келеміз. Әсіре­се, Тузиктің даусы ерекше шығуда. Рекс те қалысар емес. Ырылдасып, құтты бір соғыс болып жатқандай. Біз де жеттік. Қанжығыс, баяғы қаншық екі итке дес бермеуде. Намысқой Тузик барынша қарсы­ласып бағуда. Үсті-бастары қызы­л­ала қан. Екі тарап та қалжыраған. Мен «Тузик, қой» деп айғайлап қалдым. Тузик маған жалт қарап қалған сәтте, қаншық қылта­мақтан тістеп алып, байғұс итті жазым қылды. Мылтық оғы қаншықты жайра­тып салды. Жел де тоқтап, аспанның түнергені қараңғылыққа ұласты. Бір бұта түбінде Рекс  сілейіп жатыр. Оны көтеріп үйге әкеттік. Бірақ Тузиксіз.

Осыдан кейін көп уақыт Тузикті есімнен шығара алмай жүрдім. Оның шағал, мәліммен айқасын білетінмін. Дегенмен, қасқырмен арпалысуын алғаш көруім. Өзі де қартайған ит еді. Егер де фольклорлық аңыздағыдай «Сырттандар» ертегісінде қасқыр иттен жеңіліс тапқан болса, бүгінде иттің «мысы» басым болар ма еді деп ойланып қаламын. Осы оқиғадан көп ұзамай  менің Шиелідегі жаңа оқу жылым бас­талды. Тек демалыс уақытында малшы ауылға барып тұрдым. Бұрынғы Рекс те ажалы жетіп тоғайда өліпті. Оны кейіннен жездемдер көрген. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» дегені осы шығар. Есесіне екі күшік асырапты. Бәлкім, баяғы зәбір көрсетіп тепкілеу, оның үстіне қаншықтың өзінің сыңарына деген «махаббаты»  осы жәйттердің болуы­на алып келді ме, кім білсін. Адамның ісінен өзге жануарлар жапа шекпесе екен деймін…

 

Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *