Итпен бiрге тұру дегендi түсiнбей-ақ қойдым

«Алматы Ақшамында» қала тазалығы туралы көп жазылады. Қала Әкiмiнiң шаһар экологиясына баса көңiл бөлуi және оны ұдайы назарында ұстауы да көңiл қуантады. Бұл тұрғыдан келгенде мақсатты түрде қолға алынып жатқан жұмыстарды айтуға болады және одан хабардармыз.

Алайда менi мына бiр мәселе көп ойландырады. Таяуда интернеттен оқыдым ғой деймiн. Иттерге арналып үй салыныпты. Ал, бiздiң қаладағы қоқыстардың маңайында жүретiн қаңғыбас иттердi былай қойғанда, көп қабатты тұрғын үйлерде ит ұстайтындарды түсiнбей-ақ қойдым. Итпен бiрге тұру дегендi сiз қалай қабылдайсыз? Өз басым миыма кiрмейдi.

Мәселен, менiң қарсы тұратын көршiмнiң тайқардай итi бар. Бiрде әлгiнiң үйiне кiре қалып едiм, иттiң нәжiсiнен шыққан иiс қолқамды жарып, отыра алсамшы. Әлгiнiң өзi тәп-тәуiр, оқыған азамат.

Сондай-ақ, әлгi ит көршiдегi талай адамға қауiп төндiрдi. Қорқып қалған балалар да бар. Бұрын аузы ашық жүретiн. Қазiр бiрдеңе кигiзген болды. Көршiлер талай мәрте тиiстi орындарға шағымданды. Ешқандай нәтиже жоқ. Итпен бiрге тұрған адамның мiнезi де өзгерiп кете ме деймiн. Әлгi иттiң иесi бiздiң өтiнiшiмiзге жүре қарап, кейде «арс» ете қалады.

Сонда немене ит екеш итке де шамамыз келмей ме? Жарайды, иттi жетi қазынаның бiрi дейiк. Әйтсе де әр нәрсенiң өз жөнi болуы керек қой.

Бұл ештеңе емес, ендi таяу күнде жер қарайып, күн жылиды. Бұрын қардың астында жатып аса көзге түспейтiн иттiң боғынан аяқ алып жүре алмай қаламыз.

Айтайын дегенiм, қалада ит ұстаудың тәртiп жолдары, заңдылықтары қандай?

Менiң түсiнiгiмде жер үйде болмаса, коммуналдық пәтерлерде ит ұстау қалай болады? Қанша дегенмен бiр подъезде, бiр үйде, бiр совхоздың адамы тұрмай ма? Көпшiлiкпен санасу керек қой.

Ж.САНАТОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *