Қимаймын…

Нұржамал ӘЛІШЕВА

…Ауыр ойдан бір аялдама өтіп кетіппін.

Сонадайдан ойнап жүрген көп баланың ішінен екі құлынымды көзім бірден шалды. Күндегідей емес, жүрегім өрекпіп, екеуіне жеткенше асықтым.

Қызым алыстан қолын бұлғай бірінші жүгіріп жетті. Күндегідей емес, құшағыма қатты-қатты қыстым. Қайта-қайта сүйе бердім сосын. Қолымдағы нан салынған пакетті ұстап жатқан кіп-кішкентай қолын алақаныма салып сыртынан да сүйіп-сүйіп қояммын.

Екінші болып арсалаңдай жеткен ұлым жанарымның неге жасаурап тұрғанын түсінбей абдырап қалды, жалтақтап қарай берді сосын.

Ал мен өзім өмірі көрмеген Денисті, өзін қазақпын деген қалақтай баланы, қазақтың Туын әлемнің төріне шығарған Денис Тенді өлімге қимай тұр едім…

Айналайын-ай!..

Бүкіл елдің жүрегі сыздап тұрғанда, ата-анасының жүрегі не болды екен?!.

***

…Інім екеуміз, туған-туыс жоқ, дәу Алматыда қол ұстасып, септесіп өмір сүргенбіз бір жылдары. Ол – студент, мен енді ғана жұмысқа араласа бастағанмын. Алқымнан алған нарық уақыты-тын.

Сол кездерді кейі-і-і-ін, отбасылы болғанда еске алып отырғанда інімнің айтқан бір әңгімесі есіме орала берді бүгін.

– О-о-ой, тәте, сен дым да білген жоқсың ғой! Мен сенің жүрегіңді сақтап жүргенмін ылғи. Біздің бастан не өтпеді?! Бірінші курста талай рет «физкультурниктерден» де оңбай таяқ жегенбіз. Кафеде отырған жерімізде, бізбен отырған баланы ағасына кіжінген біреу келіп пышақтап та кеткен. Бәрі қашып жоғалғанда, үстімдегі футболкамды жыртып жіберіп қансырған жерін де таңғанмын. Талай жерде, талай рет жігіттерде есем кеткен. Талайын астыма басып алып, беті-басын мылжалап тастағым келіп төне берген сәттерде көз алдыма милиция есігінің алдында жылап жүрген сені елестетіп үлгеретін едім, – дегені бар.

Қазіргі жастарда өзгеге емес, алдымен өз отбасына деген жүрегі, ілтипатықұрметі жетпей жатыр. Жазықсыз адамды талтүсте көліктің айнасы үшін пышақтай салғандар тым болмаса үйінде отырған ата-анасын неге елестетпеді екен көз алдарына?!.

Сенің АЙНАҢ – жүрегің!

***

(Кеше Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис ТЕН 25 жасында пышақ жарақатынан қайтыс болды. Отбасына, туған-туысына қайғырып көңіл айтамыз).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *