Ғибратты ғұмыр кешкен ғалым

Түркология саласында татымды еңбектер жазып, кейінгі ұрпақтың оқып-тоқуына және ізденуіне өлшеусіз еңбек қалдырған Әжібай Керімұлы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен оның еңбекқорлығы есімізге түседі. Өмірден кеткенше қолынан қаламы түспей, артына мол мұра қалдырып кеткен ғалымның ғибратты жолы шындығында кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала беретіні сөзсіз. Сексенге қараған шағында өмірден өтсе де, тың, сергек қалпында елдің ішінде өсиетті әңгімесін айтты. Дос, бауыр, жолдас, ағайыннан қол үзген жоқ. Сыйлы болды. Еңбегі ғылым-біліммен көрінді.
Болашақ ғалым 1967 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетін бітірді. 1967–1969 жылдары Созақ ауданына қарасты Жамбыл атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берді. 1969–1972 жылдары ҚазКСР Ғылым академиясының Тіл білімі институтында аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1972–1975 жылдары осында аспирант болды. 1976–1980 жылдары аталған институттың түркітану және қазақ тілі тарихы бөлімінде кіші ғылыми қызметкері ретінде еңбек етті.
Әжібай Керімұлы 1980 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жалпы тіл білімі кафедрасына доценттік қызметке шақырылды. Қазақ әдебиеті мен тіл ғылымының көрнекті өкілдері З.Қабдолов, Б.Кенжебаев, М.Жолдасбеков, К.Аханов, М.Маманов, М.Балақаев, О.Төлегеновтермен жұмыс істеді. 1993 жылға дейін осы аталған ұлағатты ұстаздарының біразымен қызметтес болған ол 1993 жылдан 2000 жылға дейін Қазақ ауылшаруашылық институтындағы Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ал 2000 жылдан 2002 жылға дейін Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіндегі Қазақ және орыс тілдері кафедрасында доценттік қызмет атқарды. Ал 2002 жылдан кешегі күнге дейін Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтында жетекші ғылыми қызметкер болып істеді. Филология ғылымының кандидаты, доцент, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры атанған Ә.Керімұлы еңбекқорлығының арқасында елге ерте танылды. Оны қазақтың көне сөздері қызықтырды. Осы жолда біраз еңбектер де жазды. Ғалым қансоқта, мір, мәр, шер, машайық, оразы, ұша сияқты оннан астам сөздердің этимологиясын ашты. «Жығасы жығылды» тіркесіндегі «жыға» сөзінің төркіні туралы жазылған мақаласы «Жұлдыз» журналының 1972 жылғы №8 санында жарыққа шықты.
Өмірден түйген бір нәрсе – жақсы адамның жанында ылғи жақсылар жүреді. 1973 жылы Алматыға ғылыми іссапармен аты әлемге әйгілі түркітанушы Әмір Нәжіп келді. Тіл білімі институты қызметкерлеріне ХІ–ХІV ғасырларда араб әрпімен жазылған әдеби мұралар туралы дәріс оқыды. 1973 жылы Әбдуәлі Қайдаров Әжібай Керімұлын танымал түркітанушы Әмір Нәжіпке шәкірт етіп, Мәскеуге жібереді. Ә.Нәжіп шәкіртіне «Ескі түркі ескерткіштері тіліндегі сөз жасайтын жұрнақтар (ХІV ғасыр)» деген тақырып беріп, оны ойдағыдай қорғатады. Ә.Керімұлының бұл еңбегі Әмір Нәжіптің редакторлығымен қазақ (2005 ж.) және орыс (2009 ж.) тілдерінде жеке кітап болып, жарық көрді.
Оның Ісмет Кеңесбаевпен бірге жазған ««Мухаббат-наме» ескерткішіндегі қазақ тіліне қатысты кей элементтер жайында» деп аталатын мақаласы «Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары» жинағында жарияланды. Әр жылдары әр түрлі ғылыми басылымдарда жарық көрген «Алтын Орда аймағында жазылған ескерткіштер», «Қ.А.Яссауи зерттелу тарихынан», «Сүлеймен Бақырғани мұрасының зерттелуі», ««Нәһжул-фәрадис» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар», «Құтадғу білік» жәдігерінің зерттелуі мен тілі туралы қысқаша мағлұматтар» деп аталатын мақалаларының өзі тарихи танымы зор еңбек деп айтуға болады. Ғалым ағамыздың мұнан да басқа ғылыми ізденіске толы еңбектері жетерлік.
Әжібай Керімұлы 75 жасқа толғанда филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли ол жайлы «Түрколог ғалым» атты мақала жазды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Әдеби жәдігерлер» атты серия бойынша 20 томдық басылым жарық көргені белгілі. Осы құнды басылымға Сәйф Сарайидің «Гүлстан би-т-түрки» («түркіше Гүлстан») шығармасы мен Құтбтың «Хұсрау мен Шырын» дастаны да енген болатын.
«Гүлстан би-т-түрки» шығармасы – парсы-тәжік әдебиетінің классигі Сағдидің «Гүлстан» дастанының еркін аудармасы. Шығарманы парсы тілінен ескі түркі тіліне, яғни қыпшақ-оғыз әдеби тіліне алғаш аударған Алтын орданың астанасы Сарай қаласында тұрған талантты ақын Сәйф Сарайи. Аударма 1391 жылы Мысырда жасалған. Көлемі – 372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Қолжазба Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы. Бұл ескерткішті Әжібай Керімұлы қазақ тіліне толық аударып шықты», – дейді профессор Нұргелді Уәли.
Әжекең өмірден өткенде оның өмір жолы мен ғылыми еңбектері туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, филология ғылымының докторы Берікбай Сағындықұлы «Түркологияның білгірі еді» атты мақала жазды.
Бүкіл саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ғалым ұстаз Әжібай Керімұлы шындығында ғибратты ғұмыр кешті. Жолдасы Амангүл екеуі төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Екі қызын ұзатты. Күйеу балалары да аталарын сыйлап қызмет етті. Қыздарының барлығы да жоғары оқу орнына түсіп, қазір әр салада жемісті еңбек етіп жүр.
Қашан көрсең, ақ пейілмен әңгімесін айтып отыратын ағамыздың өмір жолы ғылымда ізсіз қалған жоқ. Отбасында өнегелі әке болды. Түркология саласында өнімді еңбек етті. Білімді шәкірт тәрбиеледі. Артында өлмес мұра қалдырды. Соған шүкіршілік етеміз.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.