ХРАПУНОВТЫҢ ҚАЛПАҒЫН ҚАЙЫРЫП ЖІБЕРГЕН ҒАЛЫМ

2

Бүгінгі тұлғаның, зиялының басты міндеті не? Меніңше, басқасын былай қойғанда, ол ең алды­мен отаршылдық зардаптарынан арылумен, оны жоюмен күресуі керек. Бұл сұмдықтан біздің кешегі, бүгінгі өміріміздің қай саласы да сау емес. Бүлінбеген ештеңе қалмаған. Бүгінгі ғалымынан гөрі залымы көп заманда, бұл – мәселенің мәсе­лесі. Бізді бұдан құтқаратын да – шын ғалым. Ал бізде шын ғалым, оның ішінде тұлғалық биікке көте­рілген ғалым көп пе?

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

«…Түпнұсқа мәдениет менде, ал сен кӨшірме мәдениеттің Өкілісің»

 

«Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң, ұлт мүд­десі, мұраты туралы үлкен сөз қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмай, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың».

Соңғы күндерде телеарнаға, қазақ радиосына сұхбат бергенімде жүргізушілер «Шал мен Шын­дық» атты кітабымда («Арна» баспасы, 2016 жыл) айтылған осы сөзімді есіме түсірді. Әрине, кісінің аузына сөз салатын да, қолға қалам алдыратын да өмірдің өзі ғой. Қазақ тұлғасыз емес. Тұлғалар бар. Бірақ, өзін тұлға қатарына да қосатындар бар. Еңбекқор адам мен талантты адамның бағасы бірдей қазір. Тұлғаның аты – тұлға. Ол әлдебі­реулердей танымалдығымнан ажырап қаламын деп жанталаспайды, жылтыңдап әр жерден көрін­бейді. Бара жатқанның балтасына, келе жатқан­ның кетпеніне жармасып сөйлемейді. Айтатын жерінде айтады, сөйлейтін жерінде сөйлейді, оған «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида тән. Бірақ, ол өрекпіп, кектеніп сөйлемейді. Тұла бойы тұнған мәдениет, парасат, озық ойлы, кемел екенін білдіріп жүреді.

Айттық қой, қазақ кеше де, бүгін де тұлғасыз болған емес. Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібековпен пікір­­лескен, сырласқан күндер еске түссе, тұла бойыңды бір серпіліс сазы, рух кернейді. Сондай бірегей тұлғаның бірі – Салық Зиманов еді. Ол кісі өмірден озғанша қай жерде сөйлесе, қай жерде кездесу өткізсе қалмай барып жүруге тырыстық. Сондай тағы бір тұлға – бүгінгі Амангелді Айта­лы. Қай кезде де айтары бар Айталының сұхбат­тарын, мақалаларын, кездесулерін құр жіберген емеспіз.

Бүгінгі тұлғаның, зиялының басты міндеті не? Меніңше, басқасын былай қойғанда, ол ең алды­мен отаршылдық зардаптарынан арылумен, оны жоюмен күресуі керек. Бұл сұмдықтан біздің кешегі, бүгінгі өміріміздің қай саласы да сау емес. Бүлінбеген ештеңе қалмаған. Бүгінгі ғалымынан гөрі залымы көп заманда, бұл – мәселенің мәсе­лесі. Бізді бұдан құтқаратын да – шын ғалым. Ал бізде шын ғалым, оның ішінде тұлғалық биікке көте­рілген ғалым көп пе? Бұл тұрғыдан келгенде тағы да ұяттымыз. Санай қалсаңыз, он саусақтан зорға асып жығылуы мүмкін. Міне, осы талап тұрғы­сынан келіп қарағанда тарихшы Мәмбет Қойгелдінің есімі бірден еске түсері сөзсіз. Мен бұл кісінің ғалым, азамат ретіндегі өзім білетін екі қасиетін айтайын.

Қазір Алматыда ЮНЕСКО-ның шешімімен Алматының мыңжылдығы тойланып жатыр. Осы мыңжылдықты дәлелдеу үшін мың күнге татитын алапат тартыстар жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. Әу баста осы мыңжылдықтың басына су құйып, 150 жылмен шектелуді көздеп, соған бар күш-жігерін жұмсаған Храпунов бастаған биліктің бишікештері болған. Бұлар бұл мәселеде баяғы империялық тәсілмен астыртын, зымиян жұмыстар жүргізді. Ең алдымен тарихшыларға мақұлдатып, үшкіртіп алу үшін түрлі айла-амалдарға барды. Мәмбет ағамыз ол кезде Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры болатын. Сол күндері билік бас тарихшыға қолқа салып, әбден айнал­дырды. Дұрысы, бүгінге дейін жұртқа аса мәлім бола қоймаған сол оқиға жайында ғалымның өз аузынан естіп барып, ойымызды қорытайық.

– Алматы қаласының тарихы, аты ауық-ауық дискуссия тақырыбына айналып отырады. Бұл, әрине, кездейсоқ нәрсе емес. Қаланың ел өмірінде алатын ерекше орнына байланысты болса керек. Ал бұл мәселенің ар жағында мәдениеттер егесі тұр. Осы жағдайға байланысты еріксіз XXІ ғасырдың алғашқы жылдарындағы латынамерикалықтар мен еуропалықтардың арасында орын алған бір дау еске оралады.  Еуропалықтар Америка континенті ашылуының 500 жылдығын атап өтуді ұсынды. Бұл ұсынысқа латынамерикалық жергілікті халықтар үзілді-кесілді қарсы шықты. Аргументтері: еуропа­лық­тардың аяғы тигенге дейін-ақ дамыған өрке­ниеті болған (ацтек, инктер, ж.б.) халықтар өмір сүріп жатқан континентті қалай ашу мүмкін? Латынамерикалықтардың уәжі негізді болған соң аталған дата күн тәртібінен түсіп қалды.

Сол сияқты, қазақ жері – көне мәдениеттер тамыр жайған мекен. Мәселен, Шу өзенінің бойын­дағы Баласағұн аталатын шаһарда Жүсіп Баласағұн деген ғұлама ғалым және ақын «Құтадғу білік» сияқты ғажап, данышпандыққа толы еңбек жазды. Адамзаттың игілігіне айналған кітап. Өзекті идеясы – мемлекет, оның халқы қайткенде бақыт­ты өмірге жетеді? Автордың пікірі бойынша, ондай болашаққа білім мен парасат қана жол ашпақ. Осы жағдайдан мәліметі жоқ кісілер сіздерге мемлекеттілік мәдениеті мен дәстүрін біз алып келдік дейді. Мұндай пікірмен келісе салуға әрине, болмайды.

Сол сияқты, қала құру мәдениетін де бәзбіреу­лер иеленгісі келеді, бізге қимайды. Есімде, 2003 жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институына жоғарғы билік орындары­нан хаттар келіп жатты. Оларда сол кездегі Алма­ты қаласының әкімі В.Храпуновтан қаланың 150 жылдық мерейтойын өткізу туралы ұсыныс жасағанын, соған байланысты институттан тарихи негіздеме беру туралы айтылған еді. Мен ол кезде институттың директоры қызметіндемін. Бір күні қала әкімінің орынбасары шақырып жатыр деді. Әкім орынбасары кірген бетте алдыма бір парақ қағазға жазылған қаланың 150 жылдығына байла­ныс­ты тарихи негіздемені тастап, қол қой деді. Мен көз жүгіртіп шықтым да, қол қоя алмаймын дедім. Құжаттың астарында саяси пиғылдың жатқанын айттым. Жұмысқа келген бетте Елбасының атына хат жаздым да, тез арада жөнелттім. Арада бірнеше күн өткен соң Алматыға келген сол кездегі Мемлекеттік хатшы И.Тасмағамбетов шақырып, жоғарғы бұрышына Елбасының пікірі жазылған хатымды көрсетті. Елбасы «мәселені ғалымдармен кеңесе отырып шешуді» ұсынған екен. Менің ризашы­лығымда шек болған жоқ.

Баяндалған пиғыл ненің көрінісі? Күні өткен тәкәп­парлықтың, «түпнұсқа мәдениет менде, ал сен көшірме мәдениеттің өкілісің» деген білімсіздіктің көрінісі. Француз жазушысы Эрве Базен «Еуропа жер­дің үлкен қызы емес» деген мақала жазды. Жазу­шы мақаласында «Мен ақшалы Еуропаға сенбеймін, ол үшін көпұлтты Еуропа жамылғы ғана… Мен әлемді билеу пиғылынан бас тартқан, сондай-ақ, өзінің ауызбірлігі арқылы өзін басқаға билетпейтін Еуропаға сенемін» деген ойды айтты. Меніңше, бұл барлық елдерге ортақ ұстаным болуға лайық пікір.

 

Алматыны қорғаған Тойшыбек батырды

білесіз бе?

 

Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Қазір тарихты жазғыштар көбейді. Демек, бізде тарихпен шенеуніктер де айналыса береді деген сөз. Егер М. Қойгелдінің орнында ғалымды­ғы­нан гөрі директор-шенеуніктігі басым біреу болса, мыңжылдық тарихы қалай шешілген болар еді. Бізде тарихты «жеңген» халық жазып келген, ал Хра­пуновтар сол «жеңген» халықтың өкілі. Олар тарихты өзі келген жерден бастайды. «Жауды жеңуге болады, құртуға болмайды» деген тәмсіл бар. Құрымайтыны сол, ол түрлі жағдайда сенің алдыңнан осылай шығып отырады. Осы жолы алдымыздан шығып еді, абырой болғанда Мәмбет Қойгелдіге жолықты. Олай болмаған күнде не болар еді? Ойлаудың өзі қандай қорқынышты?!

Американың Э.Эбби деген философы «Әрбір шынайы патриот елін шенеуніктерден қорғауы керек» десе, шотландық жазушы Н.Дуглас «Ше­неу­нікке сенімсіздік білдіру – әр адамның азамат­тық борышы» деген көрінеді. Демек, бастық айтты екен деп бас изей беретін құлдық психология бұл кісіге сол кездің өзінде жат еді. Бізде білімді адамдар болды, бірақ, сол оқыған-тоқығанын хал­қының қажетіне жұмсай алмаған мұң­лықтар да болды. Сонша­лықты білімді, зейін­ді бола тұра, мінез бермеді. Ә.Бөкейхан айтпақ­шы, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» екенін ескермей, ұланғайыр білімі бола тұра мінезсіздіктің кесірінен көбіне билік­тің сойылын соғып кеткені де рас. Әсіресе, жергілікті жердегі шексіз биліктің иелерімен күресу де екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан да Храпуновқа Ұлттық Ғылым академиясының корреспон­дент-мүшесі, Қазақстан тарихшылары қауымдас­ты­ғының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми ортада мойын­далған М.Қойгелдіні кезіктіргеніне мың да шүкір дейсің.

Храпуновтың қалпағын қайырып жібер­геннен кейін біршама уақыт өткен соң тарих­шы Алматы тарихына ерекше бір құлшыныс­пен кірісті. Кезінде Жетісу өңірінде Алмалы бекінісін (Алматы деп түсініңіз) патшалы Ресей империясының жендеттерінен қорғаған Тойшыбек батыр туралы «Алматы ақша­мына» тың деректерге негізделген сұхбат берді. Тойшыбектің тоғыз ұлы болыпты. Олар әкесінің ерлік істерін жалғастырды. Соның ішінде Байсейіт деген жаужүрек баласының Шапырашты Сұраншы батырмен бірге қосы­лып соғысуы орыстарды қатты састырды. Байсейітке арнап Сүйінбай ақын өлең жазған. Тойшыбек батырлығымен қатар би болған, Кенесарыны Жетісуға келгенде шатыр тігіп күтіп алған адам. Бұл Алматы­ның тарихын Верный бекінісінен бастайтын­дарға дер кезінде қойылған тосқауыл еді. Осы­дан кейін барып мыңжылдықтарға терең­деп, Алматы – үйсін мемлекетінің орталығы болғанын дәлелдейтін тарихи дерек, дәйек­термен негізделген мақалалар шоғыры беріле бастады. Сөйтіп, «бұл «мәселені ғалымдармен кеңесе отырып шешу керек» деген мемлекет басшысының тапсырма-нұсқауы іс жүзіне асы­рылып, Алматының мыңжылдығы көп ұзамай халықаралық конференцияның тақы­рыбына айналды.

Біздің тарих жылдар бойына қолдан жасалып келгені қазір ешкімге де жасырын емес. Біз тарихты жасайтын тұлғаларды тәрк етіп, тек бесжылдықтар тарихын оқыдық. Біз­дің жүйе жүйкені жұқартуда жанкешті жұ­мыс істеді. Одан кейін тарихымыз да жұқар­ды. Қадырдың «Біздің тарих ол-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дегені де содан. Мәмбет Қойгелді неге мұндай қадамға барды, неге ғазиз басын бәйгеге тікті?!. Оның көп себебінің бірі мынау: ол әдебиетті жақсы білетін ғалым. Ол тарихи шындыққа көркемдік шындық арқылы да қараған тарихшы. Осы ойымызды аңғартқа­ны­мыздағы ғалымның оған берген жауабын оқысаңыз, көп нәрсеге көзіңіз жетеді.

– Жалпы көркем ойлау барлық елдерге тән қасиет. Ол қасиет біздің елде де бар. Біздің дала­лық мәдениеттің бір ерекшелігі – өлеңде­тіп сөйлеу қазаққа жақсы дарыған. Әкем аз сөйлейтін кісі еді, содан ба екен, бала кезімде ол кісіден естіген сөздерім бүтіндей сол күйінде жадымда жатталып қалыпты. Бір айтқан сөзі: үш-төрт аттылы жігіт серуен құрып келе жатып қырға шықса, төменде біреулер киіз үйдің сүйегін көтеріп жатса керек, сонда бір жігіт:

– «Ал, жігіттер» десе керек, сонда екіншісі іліп әкетіп, «Жүйрік атқа жарасар жал жігіт­тер» десе, үшіншісі «жыртық үйін соншама жамайды кеп» десе, төртіншісі «орманында жоқ па екен тал жігіттер» деп аяқтаған екен.

Көркем айтылған сөз, ой арқылы ғана сол қоғамның ішкі әлемін, құндылық ұстанымдарын түсінуге мүмкіндік туады. Зерттеуші ретінде өткен ғасырдың алғашқы ширегіне қатысты көркем шығармаларды оқуға тура келді. Сонда байқағаным, мәселен, қазақ жазушылары «Қор­ған­сыздың күні» деген сөз тіркесін көп пайда­ланған екен. Мұхтар Әуезовтің, тіпті, осы атты әңгімесі де бар. Осы сөз тіркесін Ж.Ай­мауытұлы да, М.Дулатұлы да жиі айналымға қосқан. Ұлы қаламгерлердің мұраларын ақтара отырып байқағаным, бұл сөз тіркесі олар өмір сүрген сол бір тарихи кезеңнің жабулы есігін аша­тын кілт міндетін атқарады екен. Қорғансыздың күнін кешкен, бұл – қазақ халқы еді. Көркем шығарманың, талантты жазушы фантазиясының құдыреті де осында, қайта­ланбас жеке уақыттың, заманның жинақы бейнесін образды сөз, ой арқылы беруінде.

Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі» де осы қатардағы шығарма. Сол аласапыран уақыт­тағы ұлттың күйін тереңірек түсінгіңіз келсе, «Ақбілек» романы  — таптырмайтын құрал. XX ғасыр басындағы қазақ көркем ойы ғаламат даму сәтін басынан кешірді. Орны толмайтын өкініш сол, сол қанатын қомдаған самұрыққа мергеннің оғы тиді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қайраткер­лерінің ұлттық автономияға қол жеткізу әрекеті сәтсіз аяқталды. Алашорда үкіметін алдымен ақгвардияшылар, Колчак үкіме­ті жойды. Одан кейін Кеңес үкіметі жойды. Осы жерде сұрақ туындайды? Қайсысының заңдық негізі күшті? Мынау патша үкіметі ме, уақытша үкімет пе, кеңес пе, алашорда үкіметі ме? Құқықтық заңдық негіз дегенде, бұлардың ішіндегі құқықтық тұрғыдан негіздісі – Алашорда. Өйткені, ол үкімет 1917 жылы желтоқсанда Орынборда болып өткен ІІ жалпықазақтық съезінде сайланған болатын. Оған 80-нен астам адам қатысты. Қазақ­станның барлық аймағынан қазақ ұлтының өкілдері болды. Солар қазақ ұлтының өміріне қатысты, болашағына байланысты мәселені талқыға салып, қаулы қабылдады. Сол қаулыны іске асырады деп Алашорда үкіметін сайлады. Ал кеңес үкіметін сайлауға қазақ халқынан ешкім қатыспағаны белгілі. Олай болса, Алашор­даны жоюға, заңсыз үкімет тануға ондай құқықты оларға ешкім берген жоқ. Осы мәсе­лені қарастырған уақыт­та Алаш қозғалысы жеңілгеннен кейінгі Алаш қайраткер­лерінің көңіл күйін ешқандай құжаттық материал­дар­дан, архив материалдарынан таба алмай­сыз. Жоқ. Оларды тек қана көркем әдебиет­тен, көркем шығармадан табуға болады. 1923 жылы Мәскеудегі Шығыс баспасынан Байтұр­сынұлының даярлауымен 23 жоқтау жарық көрді. Бұл – осы баспадан жарық көрген алғаш­қы еңбек. Неге олар осы еңбекті шығаруды ұсын­ды? Кіріспесінде «қазақ тілінің құнарын тануға көмектесетін шығармалар» деп жазылған. Шын мәнінде жоқтау арқылы олар өздерінің көңіл-күйін көрсеткісі келді. 1924 жылдың соңында Мәскеуде жүрген Мағжан Жұмабаев «Алқа» аталатын жазушылардың ұйымына арнап, «Табалдырық» деген манифест жасады. Соны қолдау үшін бірнеше шығарма өмірге келді. Мәселен, Жұмабаевтың «Жүсіп­хан» поэмасы, Жансүгіровтің «Құлагер», «Күйші» деген шығармалары. Әуезовтің «Хан Кене» драмасы, 16-жылғы көтеріліске арналған «Қилы заман» сияқты шығармалар өмірге келді. Бұларды оқып отырып байқауға болады, бұл – қарсылық әдебиеті. Жаңа больше­виктер билігі ұсынған социалистік реализм аталатын концепцияға қойылған олардың шығармашылық концепциясы. Бұларды түсіну үшін тарихшының көзі керек. Әдебиетші де болу керек, әрине. Өткен замандардағы, өткен өміріміздегі күрделі тарихи процестерді түсіну үшін бірден-бір тиімді құрал – көркем әдебиет. Бұлардың арасындағы тікелей байланыс деген осы. Өйткені, көркем әдебиет халықтың жаны, халықтың сезімі. Көркем әдебиетсіз тарихи процесті түсіну мүмкін емес. 

 

Ол неге алашшыл?..

 

Бірінші Петр туралы роман жазған Алексей Толстойға патшаның киімін, қалай киінгенін, тіпті, түймесін де суреттеу қажет болады. Осы бір деталь арқылы ол әлдебір тарихи жағдайға оқырманның көзін жеткіз­гісі келеді. Жазушы фантазиясына салайын десе (менің кейіпкерім екі-үш беттен соң маған бой бермей кетеді дегенді осы кісі айтқан болуы керек), ақиқаттан алыс кетеді. Не істеу керек? Содан бір танысы таяуда Санкт-Петерборда патша­ның мұражайы ашылатынын есіне салады. Мұражайға барған жазушы бәрін өз көзімен көреді де, өз ойына қанағаттанған жауап алады. Кейіннен осы туындыны оқыған орыс тарихшыла­ры­ның алдынан көп іргелі және іңкәр ізденістерге жол ашылады.

Атақты суретші Әубәкір Ысмайылов ағамыз да тарихқа өте жетік еді. Солай бола тұра ол кісі Кенесарының портретін салғанда Әуезовке, Есенберлинге, Бекмаханов­қа да көп жүгінгенін айтатын.

Қазір Ресейде Иван Грозныйға ескерткіш орнату-орнатпау жөнінде орыс тарихшыла­рының арасында тартыс жүріп жатыр. Бұл ретте олар орыс әдебиетіне, өнер туындыла­рына көбірек иек артып отыр. Демек, көркем әдебиет, көркемдік шындық — тарихи шындық­тың ең қозғаушы факторы, іргетасы екенінің бір дәлелі бұл. Жалпы, орыс әдебиетіне орыс бейнелеу өнерінің ықпалы зор болды. Кезінде Италия мәдениеті қайта өрлеу дәуірін (ренессанс) қалай бастан кешсе, орыс бейнелеу өнері де одан бір сәт те төмен болған жоқ. Әрі-берісін айтпағанда, әлгі И.Грозныйдан бастап, орыстың тарихындағы тұлға­лардың бейнелеу өнерінде көрініс таппағаны кемде-кем. Әрине, бұл өзі бір үлкен тақырыптың арқауы. Алайда, көктей шолып айтсақ, орыс әдебиеті мен бейнелеу өнерінің орыс тарихшылары үшін ең басты ізденіс көзі болғанына ешкім дау айта алмайды.

Мәмбет Қойгелді де осы бағытты ұстанған тарихшы. Оның алашшыл болатын себебі де содан. Өйткені, Алаш ардақтыларының бұл мәселеге келгенде осалы болмаған. Қазақтың ежелгі батырлар жыры, эпикалық әдебиет – тарих­тың таптырмас қайнар көзі болған. Осындай әдебиет­пен рухтанған Алаш оқымыстылары қасиетінің М.Қойгелді бойынан табылуына да енді таңырқаудың еш қажеті жоқ. Тарихты зерттеудің бір тың әрі ұтымды тәсілі ретінде қазақ тарих ғылымында қалыптасқан осы үздік үрдісті дамытушы, алтын үзікті үзіп алмаушылардың бірі де бірегейі – Мәмбет Қойгелдінің ғалымдық болмыс-бітіміне осы кеңістіктен келіп үңілуге әбден болады.

Д.Дидро деген француз философы «Мен халқымды бақытты ету үшін философ болдым» деген екен. Әрине, мамандық, кәсіп таңдау да алдымен Тәңірден берілетін нәрсе. Алайда, М.Қойгелдінің тарихшы болғаны да халқы үшін бір бақыт демеске әддіміз жоқ. Себебі, кешегі алағай да бұлағай күндерді былай қойғанда, бүгінгі тарихшының қателесуге хақысы жоқ. Тарихы түгенделмеген халық – ер-тұрманы бүтінделмеген тұлпар тәрізді. Осыны терең түсінетін, позициясы айқын, принципшіл, алашшыл, «атқа жеңіл телпекбай» емес тарихшылар ғана тарихқа есесі кеткен халықты бақытқа бөлей алады.

Алаш ардақтыларының табанының ізі қалған, қазақтың байырғы зиялыларының қасиетті мекені Алматының тарихын төтеннен төнген қауіптен құтқарып қалған тарихшы туралы да осындай тұжырымға тоқтасақ, ақиқаттан алыстай қоймаспыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close