«Халық театрының қалыбынан шықтым»

Қазақта «Ұстадан зат қалады, ғалымнан хат қалады» деген сөз бар. Күні кеше арамызда жүрген әріптес дос-жарандарымыздың соңында қалған мұраларына көз сала қалсаңыз, өзін көргендей сезімге бөленетініңіз бар. Қаламының ұшынан сезім өріліп түскендей көрінетін көрнекті қаламгер, жазушы-драматург, марқұм Талаптан Ахметжанның қол боста айналысқан әуестіктері жайында айтқан әңгімесі кезінде баспасөзде жарияланып еді. Дүниеден қайтқанына он жылдың жүзі болған досымыздың маған айтқан әңгімесін сол қалпында оқырмандар назарына да ұсынғанды жөн көрдім.

– Бала кезімде көп нәрсеге әуес болдым. Ең әуелі су­ретші болғым келген. Әсіресе, жылқының суретін салғанды жақсы көретінмін. Қиялымдағы сәйгүліктің кербез, сұлу  бейнесін қағазға түсіре алмай әуре боп отырушы едім. Шешем жарықтық менің суреттерімді төрдегі фото­суреттердің қасына іліп қойып, келген-кеткендерге «біздің ұлдың салғаны ғой» деп мақтанып отыратын.

Бір күні қыс ішінде әкем екеуміз атшанамен Құй­ғандағы әкемнің қарын­дасының үйіне бардық. Сол үйдің жалғыз ұлы – Кеңес аға он саусағынан өнері тамған шебер екен. Өзі – мектепте мұға­лім. Бос уақытында сандық, шкаф сияқты заттарды жасайды екен. Сандығы қандай, шіркін! Өрнектері ғажап! Адамның қолынан шықты дейтіндей емес. Таң-тамаша болдым. Сандықтың әрбір өрнегін саусағыммен сипап көрдім. Осындай сандық жасасам ғой деген ой түсті көңіліме…

Келген бойда сандық жасауға кірісіп кеттім. Тақтайдан қорабын жасауын жасадым-ау, бірақ сандықтың сыртын қаптайтын қаңылтыр табылмай сарсаңға салды емес пе. Біздің ауылды қойып аудан орталығы Күршімнен табылмады ғой. Менен де, әкемнен де тыныштық кетті. Әр ауылдан келіп-кетіп жататын қонақ­тардан: «Жұқа қаңыл­тыр бар ма ауыл­дарыңызда?» деп сұраудан жалықпайды әкем жарықтық. Бірақ қаңылтыр жоқ болып шығады. Енді жатсам-тұрсам ойлайтыным, қаңылтыр болды. Шіркін-ай, ары-бері өткен шопырлардың машина­сынан шыға келсе ғой деп армандаймын. Сөйтіп жүргенде, бір күні шешем дүкеннен қаңылтыр қалбырдағы абрикос компотын алып келіпті. Соны ішіп отырғанда қаңылтыр қалбыр көзіме оттай басылғаны. «Таптым!» деппін қуанып. Қалбырды тезірек босатып, қаңылтырын кесіп алдым. Сандыққа апарып өлшеп көрсем, дәл осындай он қалбыр қажет екен. Шешем бесеуін ғана алып беруге келісім берді. Қалған төртеуін өзгелердің үйінен іздестіруіме тура келіп еді…

Қалбырдың қаңылтырымен қапталған сол сандықты Үміт деген апайым әлі күнге дейін ұстап жүр. Араға бірер жыл аралатып ауылға барған сайын апайым: «Мына сандықты сен жасап едің ғой» деп есіме салып қояды…

***

– Студент кезімде халық театрына қатыстым. Ол кезде Өскеменде қазақтар аса көп емес. Өзге ұлттың балалары топ-топ болып келе жатады да, саяқ жүрген біз сияқ­тыларға соқтыға жөнелетін.

Металлургтер Мәдениет сарайында «Маздақ» халық театры жұмыс істейді екен дегенді естіп, әдейі іздеп бар­дым. Қазақтың әнін, күйін сағынып бардым. Аты дабы­радай болғанмен, әртістерінің бәрі өзім сияқты өрімдей жастар екен.

Көбі пединституттың, педучилищенің студенттері, біздің институттан да бір-екі жігіт жүр. Төлеухан деген режиссердің көзі жанып тұр. «Қазақтарды ояту керек!» дейді. Бізді қайрай-қайрай сөйледі. «Өзгелерге кім екенімізді танытуымыз керек!» дейді. Оның бұл сөздері «қышыған» жерімізге дөп тиеді.

Біз театр сахнасын Қ.Мұхамед­жанов­тың «Бөлтірік бөрік астында» спектак­лімен аштық. Студенттер көрермен залына сыймай кетіп еді. Облыстық газет, телевизия, радио жарыса насихаттап  жатты. Өскеменнің қазақтары халық театрын өздері іздейтіндей дәрежеге жетіп қалып еді.

Бұдан кейін М.Әуезовтің «Қарагөзін», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуын», М.Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-айын», Ә.Нұршайықовтың «Сөнбеген шоғын», т.б. көптеген спек­такльдер қойдық.

Бізді осы «Маздақ» өсірді. Сол қара шаңыраққа кірген кезде ғана өзімізді ұлт сезінетінбіз. Қайырбек Айжігітов, Ахмет Дауытов, Ерлес Сағымбаев деген метал­лург аға­ларымыз келетін театрға. Қайыр­бек ағамыз «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері еді. Ахмет пен Ерлес аға­лардың да орден-медальдары көп бола­тын. Сол ағалар ыстық цехта жұмыс істеп шығып, кешкісін халық театрына келіп қатысатын. Бір үйдің адамдарындай болып кетіп едік. Олар бізге ақылдарын айтатын. Реті келгенде бізбен құрдас­тарындай әзілдесетін. «Қазақтың өнерінің өлгені – өзінің өлгені» дейтін Қайырбек аға. Үшеуі де нағыз кәсіби актер деңгейіне көтеріл­ген өнерпаздар болатын. Әттең, кезінде өнер қууға мүмкіндіктері болмай қалған ғой. Сағынамын сол ағаларды…

***

–  Мен домбыра шерткенді жақсы көремін. Елтіп, ән салып қоятын да әдетім бар. Онда да жақын дос-жарандардың ортасында ғана.

Халық әндерін жаным сүйеді. Әсіресе, Жәнібек Кәр­меновтің, Бекболат Тілеу­хановтың, Рамазан Стамғазиевтің, Дәлел Уашевтың үнтаспаға жазылған әндерін жиі тыңдаймын.

Мектепте оқып жүрген кезімде хат жазу мен күнделік жүргізіп отыруды жақсы көруші едім. Әкем жарықтық соны білетін де, маған Қырым-Қытайдағы туған-туысқандардың бәріне хат жазды­ратын. 6-сыныптан бастап 10-сыныпқа дейін жазған күнде­ліктерім сақтаулы тұр. Кейін күнде жазып отыруға уақыт болмай кетті. Қазір анда-санда кейбір ойларымды ғана түртіп отырамын.

Мен не картаға, не шахматқа, не бильярдқа қызық­паппын. Одан гөрі кітап оқығанды жақсы көремін. Табиғатқа шығып серуендегенді ұнатамын. Ұйықтар алдында қиялыммен Алтайдың тау-тасын аралап, бір рахаттанып қаламын. Күр­шімнің сыңғырлаған әсем үнін естіп жатқандай күй кешемін…

Құлтөлеу МҰҚАШ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *