Халық қасiретiнiң шынайы көрiнiсi

«Ана тiлi» баспасынан Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң «Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару» бағдарламасы бойынша «Мерейтойлық әдебиет» сериясымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының иегерi Өтеш Қырғызбаевтың «Созақ қасiретi» тарихи романы жарық көрдi.

Жазушының бұл көлемдi көркем туындысы қазақ халқының өткен кезеңдегi ақтаңдақ, атышулы Созақ көтерiлiсiнiң нақты деректерiне негiзделiп жазылған. Кезiнде тағдыр тәлкегiне, қуғын-сүргiн зобалаңына ұшыраған қарапайым халықтың басынан өткерген азапты өмiр жолы шығармада шындықтың шеңберiнен алшақ кетпей, айшықты суреттеледi. «Асыра сiлтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» ұранымен жүргiзiлген солақай саясаттың соңы халықтың жаппай бой көтеруiне ұласып, ел қызыл қырғынға, ашаршылыққа ұшырайды.

Сол жылдары Созақ елiнiң тең жартысы атамекенiн тас­тап, босып кетедi. Көтерiлiске қатысқандар аяусыз жазаланып, жаншылған соң, олардың отбасы мүшелерi, туған-туысы «Жеке отыр» қара тiзiмiне iлiнiп, «Дуана­да­ғы» жазалау лагерiне айдап әкелiнiп, тұтқында ұсталады.

Созақ көтерiлiсiнiң басқарушы ұйымы, штабы мен ақ туы, қару дайындайтын ұстаханасының болуы бұл халықтық қозғалыстың тосыннан болған стихиялы қимыл-әрекет емес екенiн дәлелдейдi. Көтерiлiске үш жүздiң адамдары, өзге ұлт өкiлдерiнiң қатысуы, жалпы­халықтық сипатқа ие болады.

Жазушы көтерiлiстiң бас сардары, құралайды көзге атқан Салықбай мергеннiң шырғалаң жолы арқылы бүкiл оқиға желiсiн алға тартып, соңына дейiн оқырманды қызықтырып отырады. «Халық жауы» ретiнде он жылға кесiлiп, жазасын алғашқы бесжылдықтың екпiндi құрылысы – Беломор-Балтық каналында алты жылда өтеп, туған жерiне қайтып оралған мерген жақындары­ның қолынан қаза табады. Мергеннiң жары Ұлбала да «халық жауының» әйелi ретiнде жер аударылып, сүйегi жат жерде қалып қояды. Тағдыр тәлкегiне түскен мер­геннiң отбасындағы қасiретi кешегi отыз жетiншi жылғы «қызыл қырғын» нәубетiмен тығыз байланысты болып келедi.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *