Үгіт-насихат науқаны қарқын алды

Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірген өкілдері өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамаларын түсіндіруде.

ҚР  Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері  Алматыда  бірнеше   кездесулер  өткізді.

Олар үміткердің сайлауалды бағдарламасы туралы және жеңіске жеткен жағдайда оның өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды қалай жоспарлайтыны туралы айтып берді. Кандидаттың  республикалық қоғамдық штабының басшысы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, елдің барлық азаматтары мүліктік жағдайы мен мәртебесіне қарамастан заң алдында тең болуы тиіс. Ешкім заңнан жоғары бола алмайды. Бұл – үміткердің негізгі ұстаным­дарының бірі. Қасым-Жомарт  Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын тыңдауға жергі­лікті бизнес  өкілдері де жиналды. Кандидат бағдарла­масында кәсіпкерлер үшін жеке бап – табысты кәсіпкерлік  мәселесі бар. Онда бизнестің несие­лерге қол жеткізуін кеңейту және тауар өндірушілер үшін шығындардың бір бөлігін субсидиялау туралы айтылған.

– Біздің кандидаттың нақты, айқын экономикалық бағдарламасы бар. Ол барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру үшін елдегі экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев үміткердің атынан «Хабар»  телеарнасының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде. – Бағдарлама бірқатар бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, бұл отандық тауарлар өндірісін ынталандыру. Қазақстандық нарықты отандық тауарлармен толықтыратын уақыт келді. Бұл үшін отандық бизнеске жүйелі қолдау көрсетілетін болады. Екінші – ауыл бизнесін, агроөнеркәсіп кешенін қолдау. Үшіншіден, бұл қаржы секторын дамыту. Төртіншіден, инфрақұрылымды дамыту. Яғни осы бағыттардың барлығы одан әрі экономикалық өсуге және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деп толықтырды спикер.

ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыру аясында   Түркістанға барды.

Оның қолдаушылары өлкенің тарихи орындарына автокеруен ұйымдастырды. Кандидаттың  сенімді өкілі Әзиз Әсетовтың  айтуынша, Сәдібек Түгел халықтың тағдырына немқұрайлы қарамайды, ол ондаған жылдар бойы ана тілін ұлықтап келеді.  Ұлттық спорт түрлерін дамытуды, бабаларымыздың сан ғасырлық даналығын дәріптейтін дәстүрлерді сақтауды жақтайтын нағыз патриот. Керуенге қатысқан жас спортшылар кандидаттың сайлауалды бағдарламасын тыңдады. Жеңіске жеткен жағдайда Сәдібек Түгел адамгершілік тәрбиені, мемлекеттік тілді және қазақ спортының түрлерін дамытуды жоспарлап отыр.

– Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық экономика дамып келеді және Қазақстан бүкіл әлем  мойындайтын  елге айналды, – деп атап өтті Сәдібек Түгел «Хабар»  телеарнасының тікелей эфирінде. – Алайда, қазақстандық экономиканы әлсіретіп, тұралататын  мәселелер де бар екені анық. Олардың бірі – экономикамыздың дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлық. Қазақстаннан заңсыз шығарылған миллиардтаған активтерді қайтарып, оларды  қазақстандықтардың игілігіне жұмсау қажет. Оған қоса, әрбір қазақстандық Норвегия мен Араб Эмираттарындағы сияқты  мұнай ресурстарынан, газдан өз үлесін алуы тиіс.

Мені жастар арасындағы жұмыссыздық, жеке баспаналы болу проблемасы және қазақстандықтардың ипотекалық несиелері қатты алаңдатады. Жеңіл және ауыр өнеркәсіпті дамыту есебінен біз жас қазақстандықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ете аламыз, ал қазақстандықтардың рухани дамуын қолдау есебінен республиканы дамытатын боламыз, – деп толықтырды кандидат.

Президенттікке кандидат Аманкелді Таспихов өз сайлауалды бағдарла­масында қатардағы қызметкерлер мен басшылар арасындағы жалақы айырмашылығын азайту  мәселесіне маңыз берген. 

Бұл туралы үміткер  Атырау облысының сайлаушыларымен кездесуінде  айтты. Ал оның сенімді өкілдері Алматы облысының  жұртшылығымен кездесулерде де осы  мәселе  жөнінде әңгіме қозғады. Үміткердің пікірінше, көп жағдайда кәсіпорын басшылары бүгінде кәсіподақ құрудан бас тартады, өйткені жауапкершілік көтергісі келмейді. Негізінен заңды түрде бекітілген норма және ұжымдық шарттардың болуы қажет. Сайлау кезінде  А.Таспихов жеңіске жеткен жағдайда, бірінші кезекте, кәсіпорындарда лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуді қатаң қадағалайтын кәсіподақтардың санын арттыруды жоспарлап отыр. Әрбір қабылданған заң кәсіпкерлердің жағдайын жақсартудың орнына, керісінше азаматтардың талап-арыздарын шектейді, – деді кандидат «Хабар»  телеарнасының тікелей эфирінде  өткен теледебат барысында.  Қазақстан экономикасы жақсы дамып келеді. Осыған орай жаңа шаралар қажет. Олар: экономикадағы мемлекеттің пайызын қысқарту, әкімшілік кедергілерді жою, монополиямен күрес және бәсекелестікті дамыту.

Сонымен қатар, спикердің айтуынша, стратегиялық бағыттарда шетелдік компаниялардың үлесін қысқарту және бұл қаражатты халықты қолдауға бағыттау қажет. Ауылдық жерлерде бизнеспен айналысқысы келетін адамдарды  қолдау керек және алғашқы бес жылда оларды салықтан босату қажет. Сондай-ақ, ауылдардан үлкен қалаларға келетін жастарға жағдай жасау қажет. Оларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Бұл бағытта мемлекеттік орган­дардың жұмысы нәтижесіз,  қиындықтардың туындайтыны да сондықтан.

Үміткердің  айтуынша, ауыл шаруашылығында кәсіпкерлер әлі күнге дейін қажетті субсидияларды ала алмайды, ал ережелер жыл сайын өзгеріп отырады және ауыл тұрғындары тиісті қолдау алу үшін  мемлекеттік органдар  ғимарат­тарының  табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

ҚР Президенттігіне кандидат Дания Еспаеваны баспана алу, тұрғын үй ипотекасы мәселесіндегі  шешуі қиын шарттар алаңдатады.

Павлодарлық сайлаушылармен кездесуде Дания Еспаева осы мәселелер төңіре­гіндегі ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, «7-20-25» аясында ипотекалық қарыз алу мәселесін 20 пайыздық  мөлшерлемелік бастапқы жарна болмаса шешу мүмкін емес. – Ана капиталын қолданысқа енгізіп, соның есебінен жас от­­басыларға бағ­дар­ламаны пайдалануға мүмкіндік беруге болар еді, – деп есептейді Дания Еспаева. Үміткер  жас  отбасыларынан басқа, бизнесмендерді де қолдағысы келе­ді, ол үшін несиені субсидиялаудан бастау  қажет деп есеп­тейді.  Қазір оны тек шағын және орта бизнес өкілдері ғана пайдаланады. Сондай-ақ, спикер  салық пен коммуналдық қызмет тарифтерін төмендетумен айналысуды да жоспарлап отыр.

– Экономика мен саясаттың кез-келген дамуының басты жауы – моно­полизация, – деп мәлімдеді «Хабар» телеарнасының эфирінде кандидаттың   республикалық  қоғамдық  штабының басшысы  Азат Перуашев. – Адал бәсе­келестік жоқ жерде табысты экономика болмайды. ЖІӨ-дегі ұлттық компа­ниялардың үлесі 60–70%-ға дейін жетеді. Олар бұрын бір-бірімен бәсекелескен жеке кәсіпорындарды ығыстырды. Банктердегі мөлшерлемелерге пайыздық ставкаларға  әуестілікті  қысқарту кере. Е-банктік қаржыландыруды қор құрал­дары арқылы дамыту және экономиканың басым, соның ішінде инновациялық салалары үшін ҚҚС ставкасын төмендету қажет. Тіпті, ең сапалы деген бөтен тауарлармен сауда жасау  өзімізде  адал  өндірілген өнімнен  әлде­қайда тиімді.  Бәрі керісінше болуы керек, – деп санайды А.Перуашев.  Шетелдік жер қой­науын пайдаланушылардың мемлекеттік сатып алуы мен сатып алуларын қоса алғанда,  Отандық кәсіпорындардың нақты басымдығын қамтамасыз ету қажет. Өндіруші өңірлердегі ШОБ деңгейінің төмендігі  сонша, шетелдік инвесторлар құрал-жабдықтардан бастап киімге дейін шет елден сатып алады, – деп мәлімдеді  Азат Перуашев.

ҚР  Президенттігіне кандидат  Төлеутай Рақымбеков Маңғыстау облысын еліміздің аграрлық орталығы жасауды ұсынды.

«Ауыл»   партиясынан  үміткер өңірдің өзекті мәселелерін   судың сапасын қамтамасыз ету және әкелінетін жеміс-көкөніс өнімдерінің импорты арқылы шешуге ниетті. Оның пікірінше, облыста жылыжай шаруашылығын дамыту орынды болар еді. Өйткені, Маңғыстаудағы барлық азық-түлік тауарлары сырттан және тиісінше өте жоғары бағамен әкелінеді.  Осыған байланысты Төлеутай Рақымбеков қазіргі заманғы технологияларды пайдалануды ұсынады: бұл ең алдымен – тамшылатып суару. Суару мәселелерін шешу үшін кәріз  суын тазартуды қолға алған жөн. Президенттікке үміткер аймаққа ауа райына төзімді жылыжай кешендері қажет екеніне сенімді. Ал маңғыстаулық мал өсірушілер түйелерді өсіре отырып, сүт өнімдерін ала алады, – деп санайды  кандидат.   Төлеутай Рақымбековтың  атынан теледебатта Әли Бектаев сөз сөйледі. Ол ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі екенін мәлімдеді.

– Өз халқын қажетті тауарлармен толық қамтамасыз ететін ел ғана өзін тәуелсіз деп санай алады, – деп мәлімдеді спикер. – Бір кездері уақыт келеді және газ бен мұнайды үнемдеуге тура келеді. Бірақ ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының дамуының драйвері бола алады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және құрылыс индустриясын дамыту үшін мультипликативті әсер береді. Өйткені, аграрлық секторда үлкен резервтер бар. Ауыл шаруашылығында үлкен экспорттық әлеует бар. Тіпті, көршілес Қытай мен Ресейге 5 млрд. теңгеден астам сомаға жергілікті өнім жеткізуге болады, – деп атап өтті спикер.

Еліміздің үш өңірінде ҚКХП ұсынған  ҚР Президенттігіне кандидат  Жамбыл Ахметбековты  қолдау мақсатында мотокросс өтті.

Жамбыл Ахметбековтың идеяларын алға жылжыта отырып, оның сенімді тұлғалары бірден үш аймақты: Атырау, Павлодар және Талды­қорған  өңірлерін  қамтыды. Мотокросстан кейін олар  пролетариат көсемі  – Владимир Лениннің  ескерткішіне барып, мәңгілік алауға гүл шоқ­тарын қойды. ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулет­қазиевтің айтуынша, Жамбыл Ахметбековтың бағдарламасы қазақ­стандықтардың әл-ауқатын жақсартуға, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, үлкендерге құрмет көрсетуге, ұлттық құндылықтарды наси­хаттауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, – деді ол.

– Бүгін әлемдегі  ережелер олигархтар, трансұлттық корпорациялар, тонаушылық пайыздар мен делдал-алыпсатарлар мүддесіне қызмет етеді, – деп мәлімдеді Ахметбеков теледебатта. – Біз қарт адамдардың зейнетақысы  мен  қарапайым азаматтардың салымдарын  ұрлаған  қашқын олигархтар мен қылмыскерлердің Қазақстанға қайтарылуын, олардың ісінің сотқа берілуін  талап етеміз  және соған қол жеткіземіз. Бұл үшін заңнаманы қатаңдату және еңбек қауымдастығымен өзара іс-қимылды жандандыру қажет. Бүгінде капитал жалған құндылыққа айналып, ал адам оның көлеңкесінде қалды. Отандық өндіруші мен тұтынушы арасындағы алыпсатарлық делдалдықты жою қажет. Көршілеріміздің  нарығына шығуымыз  керек. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың және «Бір белдеу – бір жол»  жобасының дамуын қолдаймыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта қоғамның материалдық бөлінуі үдеп барады, жұмыссыздар қатары көбеюде, еңбекке қабілетті халықтың жартысы жұмыс істемейді. Бұл ретте біздің өнімдеріміз үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен көрші Қытай нарықтары ашылды. Бұл бізге елімізді экономикалық жағынан дамыту үшін  табиғи  мүмкіндік, – деп атап өтті кандидат.

ҚР Президенттігіне кандидат Әміржан Қосановтың  сайлауалды штабның  өкілдері Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен кездесті.

Олар жиналған  тұрғындарды  үміткердің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды,  кандидатты қолдауға шақыратын үнпарақшалар мен  үгіт-насихат қағаздарын таратты.

«Ұлт тағдыры»   қозғалысы  ұсынған  кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерді дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударады.  «Хабар»  телеарнасының тікелей эфирінде  өткен теледебатқа қатысып, сөз алған  Әміржан Қосанов экономика – кез-келген елдің тәуелсіздігінің негізі екенін айтты.

– Адамдар үкіметтің жұмысын  тек  халықтың  әл-ауқатының  деңгейі бойынша бағалайды, – дейді кандидат. – Әрбір адам Үкіметтің есептеріне емес, тоңазытқыштарында  не бар екенін және тауардың бағасы қалай өсіп келе жатқанын бағамдауға  тиіс. Бізде нарықтық экономика өмірімізге дендеп енді, бірақ екі үлкен өзекті мәселе    бар – монополизм және олигархизм. Барлығы мұнай бағасына келіп тіреледі. Қолжетімді несиелердің  болмауы, салықтардың өсуі және басқа да кедергілердің өсуі шағын және орта бизнес үшін үлкен қиындық туғызып отыр.

Әміржан Қосановтың пікірінше, сыбайлас жемқорлық кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіреді. Сонымен қатар, биліктің барлық тармақтарының теңдігі, көппартиялы парламент, БАҚ бостандығы және шенеуніктерге бағынбайтын сот қажет.

–  Экономика халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс, – деді ол, – ал басты шешімдерді халықтың өзі қабылдауы тиіс. Бұл үшін сайлауға қатысатын барлық партиялар халық алдында өзінің әлеуметтік бағдарламасын таныстыруға және қорғауға тиіс, ал қандай бағдарламаны қолдайтындығын  халық өзі  шешеді. Тек халықтық экономика  ғана  біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді кандидат Әміржан Қосанов.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *