ФУТБОЛДА ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР

12 маусымда Бразилияда футболдан кезекті – ХХ әлем чемпионаты басталады. «Алматы ақшамы» қашанғы дәстүрі бойынша дүниедегі ең танымал спорт мерекесінің өткеніне үңіліп, тарихын таразылауды бастамақ. Бұл жолы біз әлемдік доп додаларындағы ең тосын, ең оқыс, ең қызық оқиғаларды шолып өтпекпіз. Бүгінгі баян – ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы қызықтар жайында.

555Сәкен СЫБАНБАЙ

1950 ЖЫЛ. АЛТЫН КУБОКТЫ ЖЫРТЫҚ ЕТІКТЕ САҚТАПТЫ

ФИФА 1942 жылы өтуге тиіс әлем чемпионатын ұйымдастырушы елді анықтаймын деп жүргенде, жарты әлемді шарпыған екінші дүниежүзілік соғыстың өрті лап етті… Соғыс бітіп, Еуропа елдері ес жия бастаған соң, 1946 жылы ФИФА басшылары өзара бас қосты. Конгрестің күн тәртібіндегі басты мәселе, әрине, әлем чемпионаттарын өткізуді қайта жалғастыру-тын. Дода 1950 жылы Бразилияда өтетін боп шешілді. Талқылау басталар алдында Италия футбол федерациясы басшыларының бірі Отторино Барасси ежелгі гректің Жеңіс құдайы – Нике бейнеленген «Алтын кубокты» ФИФА президенті Жюль Римэнің қолына табыс етті. Бұл да конгреске қатысушылардың көңілін көтеріп тастады. Өйткені, жеті жылға созылып, қарт құрлықты қатты қалжыратқан қанқұйлы соғыстан соң «баяғы кубок аман қалды ма екен?» деп сұраудың өзі ешкімнің ойына кіріп те шықпаған еді. Расында да, әлем кубогын сонша жыл сақтау оңай болмапты. Соғыс жылдары Италияның фашистік өкіметінің адамдары Барассидің кеңсесін, үйін қайта-қайта тінтіп, «Алтын Никені» әбден іздеген екен. Бірақ, сол күйі таба алмапты. Себебі, Барасси оны кереует астындағы ескі-құсқы шүберектердің арасында жатқан жыртық етіктің ішіне тығып сақтапты!

World Cup Quarter-Final, 1954. Berne, Switzerland. 27th June, 1954. Hungary 4 v Brazil 2.  Brazilian goalkeer Castillo leaps high amongst a crowd of Hungarian players to catch the ball.1950 жылғы додаға 13-ақ команда қатысты: Түркия сонау жер түбіне барудан бас тартты, Шотландия іріктеуде ағылшындардан ұтылып қалғанына намыстанып, бармай қойды. Ал Азия аймағынан үздік шыққан Үндістан футболшылары «біз бутсымен ойнап үйренбегенбіз, сондықтан ФИФА бізге жалаңаяқ ойнауға рұқсат етсін!» деп қиғылық салған көрінеді. Халықаралық федерация, әрине, мұндай таңқаларлық өтінішті қанағаттандырмаған.

Англия құрамасы өз қарсыласы – АҚШ-ты тіпті көзге де ілген жоқ. «Әлемде доп тебе алмайтын екі-ақ ұлт бар, олар – эскимостар мен америкалықтар» деп келеке етті матч алдында британдық газеттер. Ал 1950 жылдың 29 маусымында «Англия – АҚШ – 0:1» деген ақпарат келген кезде, олар әуелде түкке де түсінбепті. Сосын «е, телетайпшы қыздан қате кеткен ғой, 10:1 шығар, сірә» деп кей газеттер солай жаза да салыпты. Сосын барып, ағылшындардың шынымен-ақ ұтылып қалғаны анықталады! Кіл әуесқойлар мен студенттерден құралған АҚШ сөйтіп нағыз сенсация жасаған.

Финалда бүкіл Бразилия ұлттық құрамадан жеңіс күтті. Күтіп қана қойған жоқ, солай болатынына сенді де. Сенгені емей немене, команданы таң атпай оятып алып, шіркеуге апарып, құттықтау сөз тыңдатып қойғаны! Олар түскі асын да дұрыстап іше алмаған: елдің танымал саясаткерлері «болашақ чемпиондарды» алдағы «жеңістерімен» құттықтауға асыққан екен. Ал «Мундо» газеті сол күнгі санының бірінші бетіне Бразилияның 11 футболшысының суреттерін тұтас басып, «Бұлар – әлем чемпиондары!» деген тақырыппен шығыпты!

Мұның бәрі Уругвай ойыншыларының намысына тиеді. Расында да, ойын әлі басталған жоқ, ал бразилиялықтар бұларды адам құрлы көретін емес! Алаңға шықпай жатып алдағы жеңісті тойлап кеткен! Уругвайлық капитан О.Вареланың тіпті ызасы келеді. Ол әлгі газеттердің біразын сатып алып, өз жігіттері орналасқан қонақ үйдегі… әжетхананың писсуарларына жапсырып тастайды. Түскі астан соң, әдеттегідей осында бас сұққан футболшылар… кіші дәретін газеттегі әлгі «чемпиондарға» бағыттайды.

Финалда, әрине, ашуға мінген Уругвай жеңіп кетті.

 1954 ЖЫЛ. КӨЗІЛДІРІКТІ ҚАҚПАШЫҒА – 9 ГОЛ

1954 жылы тұңғыш рет әлемдік доп додасы ойындарынан ішінара телетрансляциялар жүргізілді және осы чемпионаттан бастап футболшылардың жейдесіне нөмір жазылатын болды.

Алтын жүлдеден бірден-бір үміткер саналған Венгрия құрамасы финалдық турнирді тамаша жеңіспен бастады: олар Оңтүстік Кореяның қақпасына жауапсыз 9 доп соқты! Сорына қарай корей қақпашысы Хон Дук Еннің көзі алыстан көрмейді екен, сондықтан да көзілдірік тағып ойнапты. Бұл – күні бүгінге дейін созылып келе жатқан «рекорд»: мұны тек 1974 жылы югославтардан ұтылған (0:9) Заир мен 1982 жылы венгрлерден жеңілген (1:10) Сальвадор футболшылары ғана «қайталай» алды.

Жалпы 1954 жылы әлемдік доп додасы болғанын білмейтін бейсауат адам жәй ойын нәтижелеріне ғана көз жүгіртсе, чемпионат футболдан емес, хоккейден өткен екен деп ойлап қалғандай еді: кілең 8:3, 7:2, 7:0, 6:1, 4:4… «Доп қарша борады» деп, сірә, осындайда айтылатын болар…

557Дегенмен, қарша борағанның көкесі ширек финалда басталды. Швейцария мен Австрия қақпаны ашық-шашық тастағандай боп, өзіміздің аула футболын еске түсіретіндей бейғам ойын көрсетті. 20-минутта Швейцария 3:0 есебімен ұтып жатты. Бірақ, арада 7 минут өткен соң-ақ есеп 3:3 боп қалды, ал шотланд төрешісі Фолтлестің соңғы ысқырығы естілгенде таблодағы есеп 7:5 еді (австриялықтардың пайдасына). Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп доп соғылған ойын (12 гол).

Венгрия – Бразилия ширекфиналдық матчы әлемдік чемпионаттар тарихында «Берндегі шайқас» деген атпен қалды. Соңғы 20 минуты футболдан гөрі бокс жекпе-жегін көзге елестеткен кездесуде ағылшын төрешісі Эллис әуелі өзара шекісіп қалған венгр Божик пен бразилиялық Нилтон Сантосты алаңнан қуып шығуға мәжбүр болды, араға алты минут салып олардың соңынан Сантостың әріптесі Умберто да кетті. Төрешінің өзі ойын біткенде полицейлердің көмегімен алаңды әрең тастап шықты. Нағыз қырғын төбелес те осы кезде басталды. Жарақаты жазылмай, әріптестерін алаң жиегінде жігерлендіріп отырған Пушкаш аяқ астынан ашуға булығып, жуынатын бөлмеге кетіп бара жатқан бразилиялық Пиньейроны басынан бөтелкемен жіберіп ұрған. Сол-ақ екен, ойыншылар, бапкерлер, массажшылардың қатысуымен нағыз шайқас басталды да кетті. «Ережесіз төбелес» ақыры полицияның көмегімен әрең басылды.

 1958 ЖЫЛ. ТАКТИКАДАҒЫ ТӨҢКЕРІС

Бұл доп додасы шын мәнінде футбол тактикасына төңкеріс әкелді. Бұған дейін командалар негізінен 3 қорғаушы – 2 жар­тылай қорғаушы – 5 шабуылшы, яғни, «дубль-вэ» тактикалық жүйесімен ойнап келді. Ал Бразилия құрамасы 1958 жылғы турнирдің алғашқы ойынынан бастап-ақ алаңға 4-2-4 жүйесімен шығып, қарсы­ластарын да, мамандарды да таңқал­дырды. Қақпада Жилмар тұрды, ор­тада бұрын­ғыдай жал­ғыз емес, екі бірдей қорғаушы орналасты (Беллини мен Ор­лан­до), ол екеуі тылды берік ұстағандықтан қос қапталдағы қорғаушылар (Де Сорди мен Нилтон Сантос) шабуылға жиі-жиі араласып жүрді. Артқы шеп қимылының әлдеқайда ширағанын команданың жартылай финалға дейін қақпа құлпын берік ұстауынан байқауға болады. Алаң ортасын Диди мен Зито билеп-төстеді, ал шабуыл шебіне бас бапкер Висенте Феола әуелгі екі ойынға Жоэл, Алтафини, Дида және Загаллоны қойды.

Екінші ойында Англияны ұта алмаған соң (бұл финалдық турнирлер тарихында 0:0 есебімен аяқталған тұңғыш матч еді), ардагер футболшылардың кеңесіне сүйенген Феола алғы шептегі үш жігітті ауыстырып, олардың орнына 17 жасар Пелені және Гарринча, Вава сынды талантты ойыншыларды шығарды. Кей деректер бойынша оны бұл қадамға Гарринчаның: «Не алдағы ойында мені алаңға шығарасыз, не мен елге қайтамын!» – деген талабы да жетелегенге ұқсайды. Қалай болғанда да, бұл шешім өзін жүз пайыз ақтады: аталған шабуылшылардың өте шебер ойынының арқасында бразилиялықтар КСРО құрамасын 2:0 есебімен ұтты.

Айтпақшы, КСРО командасы іріктеу сынына алғаш қатысқанына қарамастан бірден рекорд жасады: 1957 жылдың 15 тамызында Хельсинкиде Финляндия құрамасын 10:0 (!) есебімен ойсырата ұтты. Әлем біріншілігінің Еуропа аймағындағы іріктеу сындарында бұл көрсеткіш тек 40 жылдан соң ғана қайталанды (Лихтенштейн – Македония – 1:11). Өкінішке қарай, доп додасы басталардан жарты жыл бұрын «қыз зорлады» деген айып тағылған Эдуард Стрельцов абақтыға жабылды, оның сыбайластары саналған Борис Татушин мен Михаил Огоньков та құрамадан аластатылды.

Үш үздік ойыншысынан айырылғанына қарамастан, КСРО құрамасы әлем чемпионаттарындағы алғашқы қадамын сәтті бастап, Англия құрамасын ұтып кетті. Негізі, Англия да осал команда емес-ті. Алайда, оларды турнир басталардан үш ай бұрын әуе апатына ұшыраған «Манчестер Юнайтед» клубының қасіреті күйретіп кетті. Бірнеше жетекші ойыншыларынан айрылған ағылшындардың топтан шыға алмауы соған да байланысты еді.

Австриямен ойын айдай әлемге Лев Яшиндей қақпашыны танытты. Алдыңғы кездесуде ұтылып қалған австриялықтар бұл ойынға барын салып кіріскен-ді. Алайда, орыс қақпашысы қарсылас бағыттаған доптың бәрін қабыланша қақшыды. Тіпті, екінші таймда белгіленген пенальтиді де дарытпады.

* * *

Келесі бейсенбіде ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы додалардың қызықтарын әңгімелейміз. «Алматы ақшамын» оқып жүріңіз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *