ЕСКІ МЕН ЖАҢА ТОҒЫСҚАН ЕКІ КІТАП

Жуықта Алматыдағы «Достық үйінде» ақын, аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлының екі прозалық жинағының таныстырылымы өтті. Оның бірі «Өлместің суы бар ма?» деп аталып, онда ескі мен жаңа қатарласа жазылып, оқырманына «өлместің суын» ұсынғандай әсерге бөлейді. Кітапта баса суреттелген екі нәрсенің бірі – Отан, екіншісі — ана бейнесі.

Автордың өзі кейіпкерге айна­лып, көзі көрген, жүрегінде сақталған оқиға­ларды, қоғамды толғандыратын ойларға орап оқырманына ұсы­ныпты. Ғалым Әлімжан Тілеуал­ды: «Бұл еңбек біз дағдыланған әдеби форма­ларға аса бағына бермейді, өзінше тәсіл тауыпты. Оның тартымды болғаны өмірге барынша жақын­дығы әрі сезімдік бояуларының қанықтығы» десе, жазушы Гүлзат Шойбек: «Әңгіме-эсселердегі оқиғалардың оқыр­манға әсері күшті. Онда біз осы күнге дейін естімеген, оқымаған нәрселер бар. Мысалы, «жан беру» деген бөлімі адамды қатты ойлан­дырады. Салт па, әлде шариғат үкімі ме? Оқырманын ілестіріп шығарма желісіне тартып кіргізе алатыны арқылы ерекшеленеді», – деген мазмұндағы ойын білдірді.

Екінші кітап «Төлеген оқыған хат» деп аталыпты. Бұл шығарма туралы да ғалымдар мен қалам­герлер ризалықпен пікір білдірді. Ғалым Нұрдәулет Ақыш: «Екі кітаптың жанры екі түрлі. Сөйте тұра, екеуі де бір автордың еңбегі болып отырғаны бізді қызық­тырады. Бұл нәтиже қаламгердің талғамы мен шеберлігі деуге тура келеді. Әдеби қорға қосылған жаңа сөздер кезігеді», — десе, ҚЖО проза кеңесінің төрағасы Қуан­дық Түменбай: «Ақынның қос кітабынан түйгеніміз, оның проза жанрында да өз жаңалы­ғымен еркін қалам тербей алаты­нын көрсетті, — деді.

Тағы да сөз алғандардың бірі, ғалым Төрәлі Қыдыр: «Жазба әдебиет қалыптасқан кезден бас­тап  біртіндеп өмірге келген жанр түрлерінің бірі, шығыс әдебиетіне тән «Махтубнама» болатын. Ол орта ғасыр кезінде дамып, жоғары деңгейіне жеткен, алты хат, он хат, кейіндеп он бір хатқа дейін өскен еді. Орта ғасырлардан соң ол  өз алдына жанр ретінде көп көрінбей қалғаны анық. Дәу-ағамыз сол тарихи жанр түрін қайта жаңғыр­тып, бүгінгі оқырмандарына ұсынғаны қызық болып отыр. «Төле­ген оқыған хат» 33 хаттан тұратын махтубнама жанры екені анық. Мәселе оның формасында ғана емес, рухани үндестігімен де оқшауланып тұр», – деп сарап­тама жасап, талдап көр­сетті.

Жазушы-дра­матург Ахмет­жан Ашири мен ақын Рафаэль Ниязбек «Бұл тұсаукесер шығар­маны шынайы талқылап баға беру болды. Бұл еңбектерде рухани-имани құндылықтар, адамдық көзқарастар, автордың дүние­танымы қатар өріліп жатады. Сонсоң түркілік бірлік, достық, сүйіспеншілік, кісілік келбет көрініс тапқан» деген тұжырымды ойларын ортаға салды. Сөз алған өзге де Ж.Әшімжан, Ш.Қали, С.Солтанкелді  секілді шешендер кітаптың өзге қырларына тоқта­лып, бүгінгі уақытқа, жастардың жан-дүниесіне дәл келетін кітап екенін айтып жатты.

Жиында сөз алған Мәлік Отар­баев Қазақстан халқы Ассам­блеясы  төрағасының  орын­басары Ж.Түймебаевтың атынан құттықтап, авторға  «Мейірім» медалін тақса, «Төле би қорының» атқарушы директоры Оралжан Масатбаев ақсақал «Бауыржан Момышұлы» төсбелгісімен мара­паттады. «Талантқа тағзым» шығар­машылық клубы иығына шапан жапты.

Басқосуда кітаптың сапалы шығуына мұрындық болған Алматыдағы «САМҒА» баспасы­ның бас редакторы Қанат Ибра­гимов пен директоры Әбдилазиз Махмутов  мырзалар баспаға айтылған оңды пікірлерді тыңдап, ескертпелерге назар аударды. Қос кітаптың таныстырылымын айтыс­кер ақын, Қазақ радио­сының Алматы бөлімшесінің директоры, жинақтың алғашқы оқырманы Бақыт Жағыпар мырза шынайы, мазмұнды, тартымды етіп жүргізіп отырды. Соңында оқырмандар қолтаңба қойдырып, жаңа кітаптарды автордың өз қолынан алды. Біздің байқаға­нымыз, басқосуға адам көп жи­налды, жұрттың ықыласы жоғары, кездесу сүйіспеншілікке толы, заманауи еркін формада ғибратты болғанын көрдік.

 

Шұғыла ОЛЖАС.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *