Ескерткіштер қалтарыста қалмаса

Алдағы 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны, философ әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын бүгін бар, ертең ұмытылатын өткінші жауындай науқанға айналдырмай, Тәуелсіз елімізбен, бізбен және  келешек ұрпақпен бірге өмір сүріп жатқандай мазмұнды да мағыналы, тағылыммен атап өткен ләзім.

Жасыратыны жоқ, науқаншылдық, дабырашылдық біздің бойымыздағы дертіміз, сүйекке сіңіп бара жатқан ауруымыз. Абай тойынан жоғымыз түгенделіп, жартымыз бүтінделіп, бүкіл қазақ жұрты рухани нәр алып, қоғам серпіліп, мемлекетіміз еңсесін көтеріп, тіл, діл, дін, мәдениет дүр сілкінсе – онда  Абай тойында ең басты миссияның орындалғаны деп білемін.

Ұлттық сананың өзгеруі үшін ең әуелі әрқайсымыздың санамыз сілкінуі тиіс. Ойшыл Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «Адам баласы үш нәрседен: надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан қор болады, нағыз кісі болудан қалады», – деп нағыз адам болу жолын көрсетті. Рухани жұтаңдыққа ұшырамас үшін әрбір қазақ «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлеңіндегі осы жолдарды баршамыз ұран етіп жадымызда жаттап алуымыз керек. Өзбек ғалы­мы Абдулла Рустамов Абай­ды «адам жанының емші­сі» деп атаған еді, бұны сәл-пәл өзгертіп, «Абай – қазақ жанының емшісі» десек те артық айтқандық болмас.

Абай атамыз салған жерден философ, ақын, ойшыл болып аспаннан түсе қалған жоқ. Оны даланың өзіне тән өмір салты, ажырғымен алысқан асау заманы, жұдырықтай жүрегіндегі «жалғыз мыңмен алысқан» зор уайым-қайғысы өз дәуірінен алысқа есейтті, күпті көңіліне келешекке деген үкілі үмітін медеу тұтты. Ауқатты, текті әулеттен шыққан ұлы Абай 14 жасынан бастап қараша халыққа әділ билік жүргізіп, қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпын, үкім-кесімдерін жетік меңгерген дала биі, қабырғалы қайраткер ретінде шыңдалды, қоғамдық-саяси өмірдің ащы-тұщысын көріп, ыстық-суығында шыңдалды. 18 жыл ел басқару ісіне ара­ласып, 12 жыл бо­лыс, екі кезек би болды. Өз заманында Абай 70 шақты билік айтқан, сол кездегі қазақтың әдеп-ғұрпына негізделген «Қарамола» ережесін құрастырды, оның үкім-ке­сім­дері басқаларға үлгі болған.

Абай рухы әрбір қазақтың жүрегінде дүрсілдеп, жаһанданған әлемде әрбір алаш өкілі Абайша дүниетанымды темірқазық қылып, абайлық мінезді дарытуы, Абайдай болмысты сіңіруі керек. Сонда ғана Абай арманын, Абай аңсарын, Абай әруағын разы қылмақпыз.

Менің ойымша, Абайға – қара сөздер мен өлеңдерді оқып немесе жаттап әдемі сөйлеу емес, әрбір қазақтың «басқа шауып, төске өрлегені», «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» дегеніндей, қалың қазақ жұртының дінде, тілде, ділде, мәдениетте, кәсіпте, саудада, білім-ғылым бәсекесінде озғаны керек.

Ұлы Абай қалдырған руханияттың нышандары әр қазақтың жүрегінде, әрбір үйде, түзде, әрбір бұрышта, әрбір көшеде, сайын далада сайрап жатуы керек. Абай мұрасы рухани-мәдени ғана емес, күнделікті көзбен материалдық дүние де болуы керек. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Абай атымен аталатын аудандар, ауылдар мен елді-мекендер, әрбір қалада көшелер баршылық. Бірақ атаулар әркез Абайдың ұлылығын, рухын, руханиятын, баға жетпес мұрасын сезіндіре ме? Егер Абайдың қадіріне жете білсек, елді-мекен, көше атаулары телегей-теңіз Абай рухани қайнарымен сусындатқан болар еді. Сондықтан да хакім Абайдың ғақлия ойлары мен сыршыл сөздері Абай даңғылының бойында әрбір бағанда жазылып, көкірекке сәуле құйып тұруы керек. Абай мұрасын ғалымдар мен зерттеушілеріміз терең зерттей бергені ләзім, дегенмен жалпы халыққа оны күрделендіріп түсіндіруі керек емес шығар, оны жалпақ тілмен жеткізсек, әрқайсымыздың жадымызға жатталып, жүрегімізге орнығады.

Осыдан 24 жыл бұрын ЮНЕСКО аясында 1995 жылды «Абай жылы» деп бекітіп, әлемнің 25 елінде Абайдың 150 жылдығы тойланған еді. Сол кезден бастап әлемдегі Будапешт, Тегеран, Стамбұл, Мәскеу, Пекин, Ренн қалаларында Абай ескерткіштері салтанатты түрде ашылып, оған ондаған шаһарларда, атап айтқанда, Киевте, Краматорск, Днепропетровскіде, Душанбеде, Берлинде, Каирде, Ташкентте, Бішкекте, Делиде, Бакуде көше атаулары берілді. Бұл – тәуелсіз еліміз үшін асқақ мәртебе. Дегенмен, Абайды ұлықтау ескерткіш ашып, көше атауын берумен шектелмейді, сол жерлерде үнемі халықаралық сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақтың ән-күйі үздіксіз ойналып тұрса деймін. Ескерткіштер қалтарыста қалмай, айналасы абаттандырылып, мәдени іс-шаралардың қайнаған ортасына, алтын қазығына айналуы керек. Былайша айтқанда, Абай ескерткіштері мен көшелері «Қазақстанның бұрышы» секілді мәдени-рухани тұрғыда тоқтаусыз жұмыс істеуі керек деген ой келеді. Биылғы 2019 жылдың жаз айында жоғарыда аталған қалалардың ішінде Алматымен бауырлас қарым-қатынастағы Францияның Ренн қаласына бір топ делегат ат басын тіредік. Сол Ренн қаласының мэриясымен тығыз жұмыс жасап, Алматы мен Ренн қаласының арасында алтын көпір болып жүрген Жанар Төребаева қарындасымызбен етене жақын таныстық, екі ел арасында достық қарым-қатынасты жоғары деңгейге жеткізу жолында барын салып еңбек етіп жүрген оның ерік-жігеріне, мемлекетшіл мінезіне, ыстық ықыласына  дән риза болдық. Өз мамандығы бойынша дәрігер, жолдасы Франция азаматы бола тұра, туған елі мен жерінің абыройын асқақтату жолында осындай халықаралық мәдени шараларды ұйымдастырып, қазақ елін Франция жерінде барынша дәріптеп жүрген Жанар қарындасымыз бізді бір топ Ренн қаласының азаматтарымен бірге қарсы алды. Олардың бізге деген көңілдері мен құрметтеріне риза болдық. Екі күн демалтып қыдыртқаннан кейін Жанар қарындасымыз мұрындық болып қала басшыларымен кездестіріп, арнайы қабылдауда болдық. Сол кездесуде болашақта атқарылатын біраз жұмыстар  жоспарланды. Енді сол Ренн қаласының бір әдемі паркінен екі елдің достық қарым-қатынасы мен екі қаланың бауырластығының кепілі ретінде  Абай атамызға арнайы орын беріліп осыдан біраз жыл бұрын мүсін қойылған екен, басқа елде ұлы Абайдың ескерткіші аспанмен таласып тұрса, бұдан асқан мәртебе бола ма біз үшін? Ести сала бәріміз тайлы-таяғымызбен алып ұшып бардық, гүлімізді қойып, суретке түсіп, мәре-сәре болдық. Әрине, рахмет сол ескерткішке орын беріп құрметтеп жатқандарына. Дегенмен, менің көңіліме сәл кірбің ұялатқан екі нәрсе болды, біріншісі тұрған жері парк ішінен өтіп жатқан каналдың бойына қойылуы өте қораштау көрінді, екіншісі өзі төменде тұрған мүсін өте аласа боп қалыпты. Ұлы Абайды өз қолымыздан осыншама төмендеткенімізге қарным ашты. Қазақстан ғана емес, әр елден келген  қонақтарды қу жаны қуырдақ болып күтіп алып шығарып салып жүретін Жанар Төребаева қарындасымыз қонақтарды міндетті түрде Абайдың ескерткішіне алып барып, өз ұлтын елі мен жерін мақтанышпен таныстырады екен. Міне, нағыз елін, ұлтын сүйген патриот дер едім. Осы Жанармен бірге Қазақстан тарапынан жұмыс жасап, қомақты шаруалар атқарып, Алматы мектептерінде француз тілі курстарын ашып,  жастар тәрбиесімен айналысып жүрген  Айгүл Қасымбекқызы, Жеңісгүл Сатаева, Әлиям Айтахунова, Гүлшат Дәуленбаева, журналист Гүлмария Барманбекова  сынды және тағы да басқа жерлестеріміздің екі ел арасындағы бауырластықты жалғастыруда атқарып жатқан ұшан-теңіз еңбектерін айтпай кетуге болмас. Келесі жылы болатын мерейтой алдында осы Ренн қаласындағы Абай ескерткішін канал бойынан парк ішіне ауыстырып, теріп жан-жағына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, түнде самаладай шамдар жанып тұратын болса, нұр үстіне нұр болар еді. Сол жерде Абай өлеңдері аудио жазба түрінде қазақ-француз тілінде оқылып, арнайы аудармасымен әдемі әріптермен жазылып ілініп тұрса, сол қаланың тұрғындары бұдан әлдеқайда көп мағлұмат алып, қызығушылықтары артқан болар еді.

Өз басым, дана Абай айтқан «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген сөзін әрбір қазаққа қарата айтылған керемет өсиет деп санаймын. Осы сөз әр қазақтың үйінің төрінде, көшедегі дарбазадай билбордтарда, мектеп оқулықтарының мұқабасында, әр түрлі мекемелерде, қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде ілініп, жарқырап тұрса, артықтық етпейді. Жалпы, хакім Абайдан қалған әрбір сөз әрбір қазаққа қарата айтылған аманат сияқты. Ал аманатқа қиянат жасамас болар.

 

 

Бақыт БӨКЕБАЕВ,

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры,

Мәдениет қайраткері, мәдениеттанушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *