Есіктеріне құлып салынбайтын ауылда өскенбіз

Карантинде тәртіпке бағынып, елдің амандығын тілеп үйде отырмыз. Қарап отырмай, байырғы әдетіммен кітап оқимын. «Алматы ақшамы»газетін де оқуды ұмытпаймын. Теледидар қараймын. Үйде отырған соң өткен-кеткен оқиғалар да еске орала береді. Сіздерге сонау алыста қалған балалық шағымның сағынышқа айналған бір сәтін әңгімелеп берейін.
Мен Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін үш айдан соң өмірге келіппін. Елдегі жағдай ауыр. Ер адамдардың бәрі майданға кеткен. Ауылда үлкен кісілер, әйелдер, бала-шаға ғана. Олардың өзі жасына, нәзіктігіне не кәрілігіне қарамастан, таңның атысынан қас қарайғанша қара жұмысқа жегілген.
Есімде, біздің ауылға да ат арбамен басқа этнос өкілдері көптеп келе бастады. Орыс, шешен, кәріс, неміс дейсіз бе, бәрі де арып-ашқан. Бәрінің жетегінде кішкентай балалар.
Менің әкем теміржол бойында бастық болып істеді. Үйге сырттан келетін мейман, шенді адамдар өте көп болатын. Қонақ үзілмейтін. Шешем балалары жас болғандықтан, үй тірлігіне үлгермейтін көрінеді. Бір күні әкеммен бірге істейтін кісі біздің үйге «балаларым жас, үй шаруасына көмектесетін адам керек деп жүр едіңіз ғой» деп бір бейтаныс, жүзі бөлек әйелді ертіп келді. Жалғызілікті бұл әйел өз елінде бір генералдың үй қызметшісі болған екен. Соғыс өрті тұтанып, біздің елге бас сауғалап келген беті.
Шешем дереу әлгі әйелдің үстіне дұрыс киім беріп, беті-қолын жуғызып, тамақ ұсынады. Сосын не істейтінін түсіндірді. От жағады, үйдің ішін жинайды. Әкем марқұм өте кірпияз, мұнтаздай тазалықты сүйетін адам еді, анама сиырды өзің сауып, бауырсақты өзің пісіресің дейді екен. Анам орысша білмейді, орыс әйелі қазақша білмейді. Бірақ екеуі жақсы тіл табысып кетеді. Анам біздің ескі киімдерімізді сол әйелге жаматып, тіккізіп, жуғызып, үтіктетіп, нашар тұратын көпбалалы отбасыларға бергізеді екен. Сонда орыс әйел таңғалатын көрінеді. «Өздері де жуып алады ғой, қайта осыны бергеніңізге қуансын», – десе, шешем: «Жуып, үтіктеп, таза берсең, олар да таза, ұқыпты киетін болады», – дейді екен.
Біздің ауылдағы сырттан ауып келген шешен, ингуш, әзірбайжан, татар, башқұрт халқы біраз уақыт жоқшылық көрді. Қазақтар оларды жерінен, елінен босып келді ғой деп аяп, нан, сүт беретін. Біздің үйде екі-үш сиыр болатын. Күзде екеуі бұзауласа, үшіншісі көктемде бұзаулайды. Біз оларға ешқашан сүт сатқан емеспіз. Мейрам күндері әйелдер балаларын ертіп шелпек, бауырсақ жинап әкететін. Өздері солай жүрсе де, ауылда ұрлық не төбелес болмайтын. Ауылымызда бірде-бір үйдің есігіне құлып салынбайтын. Біздің тарапымыздан ешкім оларды қайыршылар деп кемсітпейтін. Оларға кетіңдер, бөтенсіңдер деп бала да тас атқан емес. Қазақ деген ұлттың тектілігі осында жатыр.
Жүректерден иман кетпесін деп тілеймін.

Райхан СЫЗДЫҚОВА,
зейнеткер, Еңбек ардагері.
АЛМАТЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *