Ерте анықталған аурудың қатері аз

 

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

4 ақпан – Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай Алматы қала­лық Онкология орталығында қала тұрғындарына арналған Ашық есік күні өткізілді. 

%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%b5-%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%ba%d1%82%d0%b0%d0%b3%d0%b0%d0%bd

Қатерлі ісікке шалдыққан адамдардың саны жыл сайын азаюдың орнына  артып келеді. Бұл дерттің, әсіресе, жастар мен балаларға,  әйел-аналарымызға  көптеп ауыз сала бастауы осы сала  мамандарын  алаңдатып отыр.  Көп науқастар  дәрігерге  ауруы асқынып кеткенде ғана  келеді, ал ондай  қатерлі дертті ауыздықтау өте қиынға түседі, – дейді  Алматы қалалық Онкология орталығының директоры, медицицна ғылымының докторы,  профессор Дамир Дәулетбаев. Орталық  мамандары  Ашық есік күніне келген алматылықтарды тексеріп қана қоймай, оларға қатерлі дерттің алдын алу, алдын-ала диагностикалау, тексерілу жолдарын түсіндіріп, ақыл-кеңес берді.

– Елбасы өзінің  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында «онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталықтар құру қажет. Халықаралық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуі тиісті», – деген болатын. Біздің Орталық жұмысы осы бағытта қазіргі таңда тиімді жұмыстар атқарып, қатерлі дерттің алдын-алу мен емдеудің озық тәжірибелерін ендіру үстінде.   Алыс жақын шет елдердегі әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынастар орнатып,  қауіпті дертті ауыздықтаудың жаңа тәсілдерін,   аурудың пайда болуының себеп-салдарын, алдын алу жолдарын зерттеу жұмыстарын бірлесе атқарып келеміз.  Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның ең басты мақсаты – қатерлі ісікті ерте анықтау, алдын алу мәселелері бойынша қала тұрғындарының ақпараттануын арттыру, сонымен қатар, тегін скринингтік тексерулерден уақытылы өту қажеттілігі туралы тұрғындарды хабардар ету, – дейді Орталықтың  басшысы Дамир Абайділдаұлы.  Орталық басшысы, сондай-ақ, Алматы қаласында  жаңа онкологиялық орталық салынатындығын қуана жеткізді.  Тұрғындарының  саны екі миллионға жуықтап қалған   Алматыдай алып қалаға   жаңа орталық салу  ауадай қажет.   Бүгінде Алматы қаласында қатерлі ісікке шалдыққан 17 мың адам есепте тұрады екен. Үш мыңнан астам әйел сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі дертіне шалдықса, соның 500-і қайтыс болатын көрінеді. Соңғы жылдары қала тұрғындары арасында терінің қатерлі ісігі, өкпе және тік ішектің қатерлі ісігіне шалдыққан адамдар саны арта түсіпті.  Күн сенбі болғандықтан болар, Ашық есік күніне келушілер қарасы көп болды. Барлығы өздеріне қажетті тексерулерден тегін өтіп, өз денсаулықтарын бір таразылап алды.   Онколог дәрігерлер алдын алған аурудың қаупі де аз болады дегенді жиі айтады. Дәрігерлердің айтқанын тыңдап, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидаға құлақ қойсақ, аурудың саны да, аурушаңдық та азаяр еді-ау, бірақ  көбіміз сол аурудың алдын алуды ескере бермейтініміз жаман. Айтпақшы, сіз скринингтік тексеруден  өттіңіз бе,  өтпесеңіз міндетті түрде барыңыз, бұл тәсіл сізді қауіпті аурулардан сақтайтын бірден-бір жол болмақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *