ЕРІКТІЛЕР: «ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСУГЕ ДАЙЫНБЫЗ!»

Мемлекет басшысының әскери міндеттілерді аумақтық арнайы жиынға шақыру туралы Жарлығы қоғамдық ортаның ерекше белсенділігін оятқандай. Мәселен, шетелдік «Азаттық» радиостансасы «бір азаматтық белсендінің» пікірін келтіріпті. Ол «билік әлеуметтік желілердегі наразылықты көріп отыр, сондықтан, бұл шақырудың негізгі мақсаты – ашық қарсылық көрсететін белсенділердің жолын кесу. Оларды әскерге шақыру арқылы әлеуметтік желілерден алыстату. Егер армияға шақырудан бас тартса жаза белгілейді», деп «қауіптенеді».

Алайда «белсенді» «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң талаптарын ескергісі де келмейді, азаматтық борыш жолындағы міндетке мән де бермейді. Заңға сүйенсек, «арнайы жиындар – төтенше жағдай режимін енгізу жəне қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар мен олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды орындау мақсатында жəне Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де жағдайларда өткізілетін əскери жиындар түрі болып табылады», — деп көрсетілген. Демек, дәл қазір бұл норманы сынақтан өткізетін нағыз қолайлы шақ.

Бұл жерде әскери комиссариат әлеуметтік желі әлемінде билікті сынап, белгілі бір пікір айтқаны үшін әлдекімді әскери жиынға күштеп алып кетіп, оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери киімін зорлықпен кигізгені жөнінде бірде бір оқиға тіркелген жоқ. Оның есесіне, біздер, журналистер, жоғарыда аталған Жарлық шыққан бойда, оған қарсылық білдірмей, қайта бұл шараны бірден қолдаған адамдарды көп кездестірдік.

«Эпидемияға қарсы күресте әскерилердің де бұл жұмысқа тартылуы – заңдылық»

     Мәселен, Эрали Ишимовті алайықшы.Ол 1979 жылы туған. Ішкі әскерлер сержанты. Тоқсаныншы жылдардың аяғында шұғыл әскери қызметін өтеп қайтқан азамат. Ол сол кезде де — осыдан 22 жыл бұрын да әскер қатарына өз еркімен сұранып, әскери комиссариат қызметкерлерін таң қалдырған еді. Өзінің азаматтық белсенділігін ол сол кезде де, қазір де «өзімді сынап көргім келеді», әскери тәжірибе алсам да, әскери билетке қойылатын белгі де (ол бұған дейін сержант атағын алыпты) болашағым үшін қажет әрі тиімді болады деп түсіндірді.

Бүгінде ол табысты заңгер, отбасы, үш баласы бар, әрі қарай кәсіби өсу мен жеке даму үшін үлкен жоспарлары бар. Жарлық туралы естіген бойда ол бірден Медеу әскери комиссариатына қоңырау шалып, өз еркімен жиынға барғысы келетінін айтып, өтініш білдірген.

Эрали отбасымен қаланың Наурызбай ауданында тұрғанымен, өзі Медеу ауданындағы анасы тұратын мекен-жайда тіркелген. Арнайы іріктеуден өтуге ниет білдіргенімен, әскери комиссариат қызметкерлері үш баланың әкесі болғандықтан, оның бұл жиынға шақырылмайтынын айтқан екен. Бірақ ол өзінің кандидатурасы өтеді деп үміттенеді.

— Түсініңіз, мұндай Жарлықтар бекерден бекер берілмейді. Мемлекеттің басқа да құрылымдары сияқты, эпидемияға қарсы күресте әскерилердің де бұл жұмысқа тартылуы – заңдылық. Ал мен армияның не екенін жақсы білемін. Қатаң тәртіпке құрылған бұл мектепті де өттім. Өмірлік-кәсіби тәжірибем жетеді, ағымдағы кезеңнің барлық күрделілігін түсінемін. Сондықтан осындай қиын кезеңде әскерилер қатарына тұрып, Отан алдындағы борышымды өтеуге дайынмын. Мұның өзі баға жетпес тәжірибе. Айта кету керек, карантин бізге бұрын пайдаланылмаған ресурстарды ашып берді. Мәселен, «қашықтықтан» жұмысты жақсы орындауға болады, әріптестермен бейне-конференциялар жүйесін меңгеруге болады. Менің ойымша, коронавирус індетінің беті қайтқан соң, бұл тәжірибе өміршең болады, кеңінен қолданылады. Өкініштісі, карантин режимінің талаптарына жауапсыздықпен қарайтын адамдар әлі де бар. Меніңше, коронавирус індетіне бұлайша бейқамдық танытуға болмайды,бұл барып тұрған жауапсыздық.

Эралимен әңгімелесіп отырғанымызда «Хан тәңірі» тұрғын үй кешенінің ауласына патрульдік қызмет атқарып жүрген үш жас полиция қызметкерлері келді. «Әне, көрдіңіз бе, Отан алдындағы борыштарын атқарып жүр олар. Таңертеңнен кешке дейін тік тұрып жұмыс істейді. Олардың бұл жанкешті қызметін ешкім бағалап жатқан жоқ . Тамақтандырса дұрыс болар еді-ау. Бәлкім жұбайыма айтып, жеңіл-желпі тіске басар бір «перекус» ұйымдастырармын…»,- деді ол ағынан жарылып.

«Ел басына күн туған шақта үйде қол қусырып қарап

отыра алмаймын»

   Эрали Ишимов сияқты азаматтар алматылықтар арасында аз емес. Запастағы лейтенант Архат Әбдікеров те біздің алғашқы кейіпкерімізбен жасты. Мамандығы – экономист. Логистика саласында халықаралық тасымалға маманданған фирмасы бар. Өзін арнайы жиынға жіберуін өтініп, Алматы қаласының Бостандық аудандық әскери комиссариатына өтініш жазыпты. «Жарлық шыққан екен, коронавирусқа қарсы күреске армия қатарына барып көмектесейін деп бел шештім,»- дейді Архат.

«Сіздің бұл ерікті шешіміңізге отбасыңыз қалай қарады, шаңырақ құрыпсыз, бір ұл, бір қызыңыз бар екен,»- деген сауалымызға оның жауабы қысқа да нұсқа болды: «Олар менің шешіміме құрметпен қарайды!».

— Қазір бүгінгі түсінікті себептерге байланысты менің бизнесім тоқтап тұр. Біз салық төлейміз, нақты жалақымыз бар . Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін экономикалық өмір жолға қойылғанымен, ешкімге бірден оңай болмайтыны түсінікті. Мысалы, біздің серіктестеріміздің қатары сиреп қалды, демек серіктестікке басқаларды іздеуге тура келеді. Қалыптасқан әрекет алгоритмінің өзгеретіні де, әдеттегі табыстың бұзылатыны да рас. Мүмкіндігің болса неге мемлекетке, қоғамға көмектеспеске. Ел басына күн туған шақта үйде қол қусырып қарап отыра алмаймын. Одан да елім үшін пайдалы іспен айналысқаным жөн,жас жағынан саптық қызметке жарамдымын, — деді Архат.

 «Әркімнің бойында патриоттық рух болуы керек. nБүгінгідей қиын жағдайда ел қорғаны бола алмайты азамат қандай азамат?»

 

Алмаз Басымбеков Эралидан да, Архаттан да тура бес жас кіші. Оның да отбасы, жеті жасар қызы бар. Запастағы аға лейтенант. Оқу орнын бітіргеннен кейін екі жыл әскер қатарында қызмет етіпті, бірнеше полигондық жаттығуларға қатысқан екен. Парашютпен секірудің реті келмегеніне әлі күнге дейін қынжылады. Жауынгерлік іс-қимыл болған жағдайда рота командирінің орынбасары қызметін атқарып, қажет болған жағдайда   рота командирін алмастыра алады деген мәртебесі бар. Ол да Эрали мен Архат сияқты арнайы жиынға шақыру басталған бойда Алмалы әскери комиссариатына өтініш жазыпты.

— Отан үшін қызмет етуге әркез дайынмын. Мен сияқтылар аз емес, еріктілер бар. Алайда, медиктер мен химиктерге сұраныс көп екен. Оның үстіне көктемде дембельге шығатындар жазға дейін әскер қатарында қалады деген де әңгіме айтылып жатыр. Бәлкім біз де керек боп қалармыз. Әркімнің бойында патриоттық рух болуы керек. Бүгінгідей қиын жағдайда ел қорғаны бола алмайтын азамат қандай азамат? Президентіміздің Жарлығы шыққанын естіген бойда әскери комиссариатқа барып, өтініш бердім,- дейді Алмаз Басымбеков.

Бір білгеніміз, екі күннен кейін еріктілердің бірінің туған күні екен. Ал, ол азаматтық  борышын өтеу үшін бәрін ысырып қойып, қатаң әскери тәртіпке бағынып,сапқа тұруға әзір. Үш азаматтың да таңдауы құптарлық. «Сырт көзге байқала бермейтін, осынау адами болмыстарының өзі қандай да бір құрметке лайық-ау олардың» деген ой түйдік іштей. Әнебір әнде айтылатындай, «Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі…».

Міне, нағыз жігіттер!

                                                                            Т. ДЕРБІСАЛИН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *