ЕР ЖIГIТ ЕКI СӨЙЛЕМЕУI ТИIС

Нұржұман Байжұманұлы Ықтымбаев 1941 жылғы 14-мамырда дүниеге келген. Ауылда туып, шалғайда өскен ол болашақта өзiнiң қазақ кино өнерiнiң  қайраткерi атанарын сезген де жоқ едi. Бәрi де ойда жоқта басталды. 1966 жылы өзi тұрып жатқан ауылға «Мазасыз таң» атты фильмдi түсiрiп жатқан топ мүшелерi келе қалады. Топ мүшелерiне бөгде жұртты жатырқамайтын, ашық та ақжарқын, өнерлi, сүйкiмдi бозбала Нұржұман ұнай кетiп, оны фильмге түсуге шақырады. Алғашқы фильмдегi өзiне тапсырылған рөлiн сәттi ойнап шыққан Ықтымбаевты сол кезден бастап «Қазақфильм» киностудиясына штаттағы актер етiп жұмысқа қабылдайды. Осы кезден-ақ  Нұрекеңнiң актерлiк өмiр жолы басталған болатын.

Араға уақыт салып «Мәншүк туралы ән», «Жетi қат көк» атты фильмдерде көңiлдi, өмiрге құштар, iзденiмпаз бозбаланың рөлiн сәттi етiп шығаруы оның шығармашылық тағдырына кең жол ашқан едi. Актердiң басты жұмыстарының бiрi – 40-жылдардағы Қазақстанға қоныс аударылған әртүрлi ұлттардың тағдырын бейнелейтiн Асанәлi Әшiмұлы мен Игорь Водияненконың  «Тұзды көл жағасындағы үй» атты фильмде басты рөлдi ойнауы. Бұл фильмде Нұржұман Ықтымбаевпен қатар Асанәлi Әшiмұлы, Светлана Светличная, Владимир Толоконников сынды елге танымал актерлер де өнер көрсеткен-дi. Әлемге танымал Армен Джигарханян Гиннестiң рекордтар кiтабына 250 фильмде әртүрлi рөлдердi сомдағандығы үшiн кiрген екен. Бiздiң елiмiзде Джигарханянға теңдесетiн жалғыз адам – осы Нұржұман Ықтымбаев ағамыз. Ол осы уақытқа дейiн 200-ге тарта фильмге түсiп, өзiне жүктелген соншама рөлдi көрерменiнiң көңiлiнен шығатындай етiп сомдай бiлдi.

Қалың қауымға актерлiк шығармашылығымен таныла бiлген азаматтың еңбегiн елi де шама-шарқынша бағалап жатты. Соның нәтижесiнде ол Қазақстан Республикасының Халық әртiсi,  КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атанды. Оған «КСРО Мемлекеттiк сыйлығы» Мұратәлиевтiң киноэпопеясына орай түсiрiлген «Нан дәмi» атты фильмдегi сәттi сомдаған рөлi үшiн берiлген болатын. Нұржұман аға Голливудта түсiрiлген фильмдердiң 150-ден астамында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ екендiгiмен де әлемге танымал. Жыл сайын өтiп тұратын «Шәкен жұлдыздары» атты фестивальде Нұржұман Байжұманұлының шығармашылық табыстары еленiп, «Жылдың ең үздiк актерi» деп танылып, кино өнерiн алға дамытуға қосқан үлесi үшiн арнайы құрметтi сыйлықтарды иелендi. Аталмыш сыйлықтарға ие болардан сәл уақыт бұрын ағаға Бүкiламерикандық өнердi қолдау бiрлестiгi де осы тақылеттес сыйлықтар мен марапаттаулар тапсырғанын ел бiледi. Сонымен қатар, Нұржұман аға 2007 жылы өткен «Адал жүрек» атты кинофестивальде «Жол тексерушi» фильмiндегi рөлi үшiн Бас жүлденi жеңiп алды. «Сталинге сыйлық» атты фильмдегi көрсеткен өнерi Чебоксарыда өткен Халықаралық кинофестивальде оған «Ең үздiк еркек рөлiн сомдаушы» атты жүлденi алып бердi.

200-ге тарта фильмге түскен Нұржұман ағаның сомдаған кейiпкерлерiнiң мiнез-құлықтары әртүрлiлiгiмен ерекшеленедi. Әртiс «Адамдар арасындағы бөлтiрiк» атты фильмде көзсiз қатыгездiкке барса, «Сталинге сыйлық» фильмiнде мiнезi биязы, кезi келгенде нық шешiм қабылдай алатын, өзiне сенiмдi жан болып көрiнедi. Ал, «Дозор» фильмiндегi Зоор рөлiнде шығысқа тән көзге соншалықты ұра бермейтiн кемеңгерлiк пен қарапайымдылықты шынайы көрсете алады. Жуырда  қазақ киноөнерiнiң қара нарымен жолығып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

– Нұржұман аға, Ұлы Отан соғысы басталар тұста дүниеге келiпсiз. Сол жылдарда туылған ұрпақтың балалық шағы ауыр жағдайда өткендiгi баршаға мәлiм. Уақытты бiршама керi шегерiп, сол балалық шағыңызға орала кетсеңiз…

– Алматы облысындағы Гвардия ауда­нынына қарасты Алтынемел деген жердегi 3-ферманың жайлауында дүниеге келiппiн. Шешем марқұм менi босанарда бес күн бойы толғатыпты. Толғақ қиындай түскен соң, әкем оны Алтынемелдегi ауруханаға алып келедi де, мен сол жерде жарық дүние есiгiн ашқан екенмiн. Толғақтың қиын болуына менiң аса алыптығым себеп болса керек. Қазақта «уызға жарымаған» деген сөз бар емес пе? Сол айтпақшы, мен туған соң iле-шала сұм соғыстың басталуы анамның уызын қанып iшуге де мұрша бермептi. Мұндай хал сол кездегi барша жұрттың басына түскен ауыртпашылық едi.

Соғыс бастала салысымен-ақ әкемдi әскер қатарына алып, көп ұзамай броньмен елге қайтарады. Елге келген әкемдi жұмыс барысымен Көксу ауданына қарасты Өндiрiс деген ұжымшарға жiбередi. Сол кездерi әкем елдегi белсендiлердiң бiрi едi. Ауылдағылар бар тапқан-таянғанын соғыстағы солдаттарға деп ауыздарынан жырып, өткiзiп жататын. Менiң балалық шағым сол Өндiрiс ауылында өттi. Әрине, ол кездегi ұрпақтың балалық шағын қазiргi балалардың басындағы күнмен салыстыру­ға келмейдi. Қыбырлап жұмысқа жарай­тындардың барлығы да бос отыру дегендi бiлмейтiн. Бала кезiмiзден ауыр жұмыс­тарға жегiлiп өстiк.

– Әкеңiздiң кiндiгiнен тараған неше бала едiңiздер?

– Әкемiзден он үш бала болдық. Мен солардың ең кенжесi едiм. Барлық аға-әпкелерiмдi де көрдiм. Жаңа жұмыс барысымен әкемдi Көксу ауданындағы Өндiрiс ауылына жұмысқа ауыстырды деп айттым ғой. Бiз бұрын таулы жерде тұрғанбыз. Бұл көшiп келген жерiмiз сазды екен. Сазды жерде безгектiң масасы болатын көрiнедi. Алдыңғы бауырларым­ның көпшiлiгi осы безгектен қайтыс болды. Ол кезде безгектi емдеп жазарлықтай жағдай да жоқ па екен, бәлкiм. Осы он үш баладан Алланың құдыретiмен Нұрсейiт деген ағам екеумiз ғана аман қалдық.

– Өзiңiздi кино өнерi әлемге танымал еттi. Осы өнер бойыңызға қайдан келiп қонды екен?

– Балалық шағым өткен Өндiрiс ауы­лындағы әйел атаулының бәрi де шетiнен әншi болатын. Ер азаматтары да олардан қалыспай ән айтып, домбыраны күмбiрлете тартатын күйшi едi. Шағын болса да өнер қонған осындай киелi ауылда тұру менiң бағым болған шығар. Әкем әңгiмешiл­дiгiмен бүкiл жұртты аузына қарататын. Осы актерлiк әкем жағынан да келген шығар деп ойлаймын. Мендегi әншiлiк – нағашыларымнан келген қасиет. Ауылдағы осындай өнерлi ұстаздарымның бiрi – Омар Қазанбаев сол кезде аудандағы бiрден-бiр консерватория бiтiрген күйшi, домбырашы кiсi едi. Мен де соған елiктеп, өнер жолын қуғым келдi. Жетiншi сыныпты бiтiрген соң Алматыға келдiм. Ол кезде орысша да бiлмеймiн. Аралап жүрсем, бiр оқу орнының маңдайшасында «Хорео­графическое училище» деп жазулы тұр екен. Хор дегенiң ән айтқызып, домбыраға үйрететiн шығар деген оймен құжат­тарымды сонда тапсырдым. Емтихан тапсырар күнi құжаттарымда шикiлiк шығып, маған емтиханға кiруге рұқсат етпей қойды. Себебi, менiң оқу бiтiрген қағазымда фамилиям Байжұманов, ал туу туралы куәлiгiмде Ықтымбаев деп жазылған.

– Сонымен оқуға түсудiң ауылы алыс қалды ма?

– Жоға, бар қызығы әлi алда. Емти­ханға кiргiзбеген соң ол жердегiлерден: «Мұны кiм шеше алады?» – деп сұрадым. Олар: «Мәдениет министрi»,– деп жауап бердi. Iздеп жүрiп министрлiктi де тауып алдым. Сол кездегi министр Iлияс Омаровтың кабинетiнде қабылдауды күтiп отырған болатынмын. Ол кiсi ары-берi өтiп жүрiп менi байқап қалған бiр сәтiнде: «Мына бала не iстеп отыр?» – дедi хатшысына. Хатшы қыз: «Бұл бала сiзге кiрсем деп отыр», – деп жауап бердi. Содан ол кiсi кабинетiне кiргiзiп, не жағдаймен жүргенiмдi сұрады. Мен болған жайды айтып бердiм. Хатшысын шақырып алған министр менiң атымнан арыз жаздырды да, жоғарғы жағына өзiнiң сәлемдемесiн жазып, менiң қолыма ұстатты. «Осыны училищенiң директорына табыс ет», – деп қоя бердi. Әлгi арызды алып директорға бердiм. Бет-әлпетi өзгерiп кеткен директор өзге де мұғалiмдердi шақырып алды да: «Мына баланы емтихансыз оқуға қабылдаңдар!» – деп тапсырма бердi. Сонымен мен осылайша студент атанып шыға келдiм.

– Сонда хореографиялық училищеден бишiлiк мамандықты алып шықтыңыз ба?

– Ойбай-ау, қайдағы! Сабақ басталар күнi оқуға қабылданған барлық балаларды бiр залға жинады. Әлгi залдың жан-жағы­ның барлығы айна. Жиналған балаларды шетiнен шешiндiре бастады. Дене сипатын көрiп, кiмнiң неге ыңғайы бар екендiгiн байқайын дегендерi шығар. Ауылдан келген маған олардың бұл қылықтары ерсi көрiндi. Арамызда қыздар да жүр. Содан мен ойбайды салып, шешiнбей қойдым.

Алматыдағы ең жақсы бiлетiн жерiм  көкбазар болатын. Сол жаққа бет алып келе жатқанмын. Алдымнан Дүңгенбай аға шыға келдi. Бұдан бұрын да бiздiң училищеге келiп-кетiп жүргенiн талай мәрте көргенмiн. Белгiлi композитор екенiн де естiгенмiн. Сол кiсiге жабыса кетiп, болған жайды айтып бердiм. Олардың шешiндiру себебiн де арасында сұрап қоямын. Сөйтсем ол кiсi: «Сенiң түскен мамандығың би жағы ғой. Сондықтан да олар сендердiң дене-тұрпаттарыңды да көрiп байқайды», – деп түсiндiрiп жатыр. «Ойбай-ау, маған бидiң керегi жоқ. Мен домбыра тартып, ән айтқызатын оқуды iздеп жүрмiн», – деп оның алды-артын  орап, жiбермей тұрмын. Бiр кезде ол: «Жарайды, қоймадың ғой. Өз бағыңнан көрерсiң. Түсе алсаң бағыңның жанғаны, түсе алмасаң, ауылыңа қайтасың!» – деп менi саябақта орналасқан шiркеудiң алдындағы жазғы эстраданың мекен-жайына алып барды. Онда үш адам отыр. Бiреуi Рүстембек Омаров, тағы бiрi Ұлықпан Мұхитов, үшiншiсi Ғарифолла Құрманғалиев екен. Менi соларға тапсыр­ды. Ертесiне конкурсқа қатысып, бес жүз адамның iшiнен 7 бала сәтiмен өттiк. Сөйтiп, Ұлықпан ағаның қарама­ғында домбыра класында оқитын болып қабылдандым.

Бiр күнi ыңылдап ән салып отырғанда даусымды жанымнан өтiп бара жатқан Ғарифолла аға естiп қалыпты. Қасыма жақындап келiп: «Әй, сен қай жақтың баласысың?» – деп сұрады. «Талдықорған жақтан келгенмiн», – дедiм жөнiмдi айтып. «Ол жақта да әншi бола ма?», – деп қарқылдап күлiп алды да, Ұлықпанға ертiп барып: «Мына баланы мен алайын. Өзiнiң ән айтуға қабiлетi бар екен. Маған ұнап қалды», – дедi. Ұлықпан аға оған қарсылық бiлдiрген жоқ. Осылайша мен Ғарекеңнiң қол астында бiр жылдай оқыдым. Сөйтiп жүрген шағымда әкем ауырып, қайтыс болды. Нұрсейiт ағамның: «Оқуыңды тастама», – дегенiне болмай, бiрбеткейлiгiм ұстап, бiржола ауылға қайттым. Ауылға келген соң шопырлық курсты бiтiрiп, машина айдап жүрдiм. Арада екi-үш жыл өтiп кеткен болатын. Мектепте жүрген кезiмде ұстазым болған Баяхмет Құсайынов деген кiсi кездесiп қалды да: «Әй, сен өнер қонған бала едiң. Өнер дегенiң де киелi нәрсе. Ұшырып алсаң, қайта қондыра алмайсың. Балалыққа салынбай, жолыңды тапқаның дұрыс», – дедi. Бұл мәселе өзiмдi де толған­дырып жүрген-тiн. Содан Жаркенттегi музыкалық училищеден бiр-ақ шықтым. Онда Нұрмақ Шегебаев деген директор құжаттарымды, мақтау қағаздарын көрiп отырып: «Мынаны қандай өнерiң үшiн алдың?» – деп сұрады. «Мен ән айтамын. Ән байқауларында маған берген мақтау қағаздары ғой», – деп жауап бердiм. Ди­рек­тор сол жерде Ынтанов деген мұғалiмдi домбырасымен алдырды да, мектептiң дәлiзiне шығарып: «Ал, қане, айт әнде­рiңдi!» – дедi. Мен әуелi Ғарекеңнiң терме­сiнен бастап, айдап ала жөнелдiм. Ән айтқан кезде көзiмдi жұмып алатын әдетiм бар едi. Төрт-бес әннiң басын қайырған соң көзiмдi ашып қалсам, мектеп дәлiзi адамға лық толып кетiптi. Ән айтып болғанда, халық менi қолпаштап, қол шапалақтады. Осыдан кейiн Нұрмақ аға менi кабинетiне ертiп келдi. Барлық құжаттарымды алып, жанында тұрған сейфiне салып қойды да: «Ал, бала, ендi осы оқуды бiтiрмей саған ешқандай да құжат берiлмейдi. Оқуыңа дұрыс қарайтын бол!» – деп шығарып салды. Сонымен, тағы бiр студенттiк өмiрiм басталды. Десе де, мен олардың сенiмдерiн ақтап, училищенi қызыл дипломға бiтiрiп шықтым. Сонымен қатар, сол училищеде мұғалiм болып та iстедiм. Сол жерде жүрiп отбасын да құрдым.

– Жеңгемiзбен қалай таныстыңыз?

– Жұбайым Шолпан өзiмнен екi-үш курс төмен оқитын-ды. Онымен училищеде танысып, қырындап жүрдiм. Модангүл деген ұлты ұйғыр апайымыз болды. Сол кiсi менiң Шолпанға қырындап жүргенiмдi байқап қалып: «Әй, сен бала, осы қызға үйлен. Сенiң жағдайыңды жасайтын жақсы адам болады», – дедi. Бiр жағынан сол сөз де менi қамшылаған шығар. Жеңгең – Петропавл жақтың қызы, Сәбит Мұқановпен аталас туыс болып келедi. Сәбит атамыздың кiтабында Аткелтiр деген кiсi жайында жазылады. Сол Аткелтiрдiң Асхат деген ұлының тұңғыш қызы – менiң жұбайым Шолпан.

– «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп жатады. Сондай шақтарда қайсысыңыз бiрiншi болып мәмiлеге келуге ұмтыласыздар?

– Қашанда тектiнiң аты – тектi ғой. Оның бiр мықты мiнезi – сабырлылығы. Мұнысы менiң бағым да, бақытым да шығар. Мен болсам, қызба, шыдамсыз адамдардың қатарына жатамын. Быж-тыж болып жатсам да, жеңгелерiң сол сабырлы қалпынан бiр танбайды.

– Отбасыңыздағы әкелiк өмiрде өзiңiздi қалай ұстайсыз?

– Шындығын айтқанда, мен балала­рыма қатты болдым. Өйткенi, Алматы дегенiң үлкен қала, баланы көзден сәл таса етсең, өзге жолға түсiп те кетуi мүмкiн. Сондықтан да оларды қабағымнан тани­тындай етiп тәрбиеледiм. Ұлдарым айтқа­нымнан шыққан емес. Қызым Лаураны ұл баладай еркелетiп өсiрдiм. Қанша ерке болса да, қызым менiң алдымды кесiп өткен емес. Бұл күндерi балаларым бiр-бiр отбасының иелерi. Үлкен ұлым Ермек пен Балжан атты келiнiмнен Данияр деген немерем бар. Қызым Лаура Әзия атты жиенiмдi тәрбиелеп өсiрдi. Кiшi ұлым Батыржан мен келiнiм Гүлмира екеуiнен туған Нұрасыл атты немерем бiр жастан асты. Бұлар Шолпан екеумiздiң қырық бес жылдық отбасылық өмiрiмiзде қол жеткiзген табыстарымыз.

– Кино өнерiне келуiңiзге кiмдер ықпал еттi?

– 1962 жылы Мәскеуде көркемөнерпаз­дардың байқауы болды. Сол байқауда мен ән айтудан бас жүлденi жеңiп алдым. Сол жақтан оралған соң өзiмнiң жеке есеп беру концертiмдi өткiзiп жатқан болатынмын. Менiң дайындалып жатқан бөлмеме бiр әдемi келiншек iздеп келдi. Ол кезде Сара апамды танымайтынмын. Танысып, бiлiс­кен соң менi ол киностудияға ертiп барды. Ол кезде киностудия қазiргi Орталық концерт үйiнде орналасқан-ды. Менi сол жерде Мәжит Бегалинмен таныстырды. Бiр қолы жоқ кiсi екен. «Тұлпардың iзiмен» атты фильмге дайындық жасап жатқан кездерi көрiнедi. Кешке дейiн сол жерде болдым. Киностудиядағылардың бәрi шетiнен темекi тартады екен, студия iшi көк түтiн. Ойыма «Киноактерлер осындай болса, онда маған қол болмайды екен» деген ой келдi де, тартып кеттiм. Содан кейiн менi Сара апамыз жоғалтып алған едi.

1966 жылы Жаркентке тағы да кино түсiретiн бiр топ әртiстер келiп жатты. Менiң шәкiрттерiм соларға барып жүрiп шекiсiп қалыпты. Сол себептi де менi ұстазы ретiнде шақыртыпты. Жағдайды бiлуге барсам, бiр тұстан Сара апам шыға келдi. Менi көре сала құшағын жая ұм­тылып: «Ал, ендi сен менен құтыла алмай­сың. Ендiгi тағдырың маған байлаулы болады!» – деп бауырына қысып жатты. Түсiрiлгелi жатқан фильмнiң Абдолла Қарсақбаевтан кейiнгi екiншi режиссерi көрiнедi. Сол күнi Құрманбек Жандар­бековтың туған күнi екен. Сара апам менi сонда ертiп апарды. Кiлең әртiс, әншiлер жиналған. Шеттерiнен ән салып, тойды дуылдатып жатыр. Бiр кезде Сара апам: «Ендi ауылдың алты ауызын да тыңдай отырайық. Мына мұғалiм жiгiтке домбыра берiңдер!» – дедi. Домбыра қолыма тиген соң Құрманбек Жандарбеков айтатын «Бозжорға» әнiне бастым. Байқап отырмын, елдiң делебесi қозып кеттi. «Тағы да, тағы да!» деген қолпаштаудан соң бiрнеше әндi айтып тастадым. Сол жерде Құрекең Абдоллаға бұрылып қарап: «Әй, Абдолла, сен әнеукүнi бiр батырақтың рөлiн ойнайтын жiгiт керек деп жүр едiң ғой. Мынадан артық саған қандай жiгiт керек. Өзi бiр жанып тұрған от қой!» – дедi. Құрекеңнiң ұсынысын Қанабек Байсейiтов те қостай кеттi. Осы ұсыныстардан кейiн бас тартуға  мұршам келмей қалды. Ертеңiне кино түсiрiп жатқан алаңға апарып, «Қилы кезең» атты фильмдегi Қапанның рөлiнде ойнатып, осылайша менi киноактер етiп шығара салды.

– Ғұмырыңыздың көп бөлiгiн кино саласына сарп еттiңiз. Қазiргi кезде қазақ киносына қатысты сындар көбiрек айтылуда. Осыған сiздiң көзқарасыңыз қандай?

– Бұл жерде мен мынаны баса айтқым келедi. Әркiм өз шамасын байқағаны жөн болады. Мысалы, ән айта алмай тұрып, әншiге сын айтуға болмайды. Әншi  – әншiге, киногер – киноға сын айтып жатса, мен оны түсiнер едiм. Сынар саласын бiлмей тұрып сын айту – «Тисе терекке, тимесе бұтақ­қаның» керi. Бұлайша өнердiң сағын сындыруға келiспеймiн. Рас, барлық киноларды мiнсiз деп айта алмаймын. Сол мiндi сынайтын саланың бiлгiрi айтып жатса, аталы сөзге тоқтамайтын арсыз­дыққа ешкiм де бара қоймас деп ойлай­мын.

– Елiмiзде Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдары түсiрiлiп жатқан фильмдерге көңiлiңiз тола ма?

– Көрермен ретiнде кейiнгi кейбiр киноларға көңiлiм тола бермейтiнi рас. Ар, намыс дегендi жоғары ұстап үйренген жанмын. Сол себептi де қазақтың арына, намысына тиетiн фильмдердi көргiм де келмейдi. Өзiм туындыларына тұшына алатын режиссерлер де жетерлiк. Мысалы, Рүстем Әбдiрәшевтiң «Сталинге сыйлық» атты фильмi, Жәнiбек Жетiруовтың «Дүние жарығы», Сәбит Құрманбековтiң «Шекерi» –  тәп-тәуiр дүниелер. Қазақ халқы өнерлi ұл-қыздан кенде емес. Сондықтан да ал­дағы уақыттарда көрермендерiнiң көңiлiнен шығатын көптеген фильмдердiң туатынына үмiтпен қараймын.

– Пайғамбар жасынан асып, жетпiске де келiп жеттiңiз. Осы жасқа жеткенде өмiрден ненi ұғып, қандай қорытынды түйе алдыңыз?

– Жас кезiмiзде онша мән бере бермейдi екенбiз. Ес жиып, етек жауып жатқан тұста бiле бастадық қой, адам ең алдымен, өз арын таза ұстауы керек екендiгiн түсiндiм. Ер жiгiт екi сөйлемеуi тиiс.

–Ал, жастардың қандай болғанын қалайсыз?

– Мен дүние жүзiнiң бiрнеше елiн аралаған адаммын. Сондағы байқағаным, әлемде қазақ халқындай ешқандай ұлт жоқ! Дастарханында еншiсi бөлiнбеген бiр елдi тауып бере алар ма едiң?! Бiздiң әдет-ғұрпымызға ешбiр елдiң салты теңесе алмайды. Сондықтан да, жастарымыздың әдет-ғұрпымызды, асыл қазыналарымызды ұмытпағанын қалар едiм.

– Елiмiздiң болашағын өз қиялыңызда қалай сипаттайсыз?

–Елiмiздiң бай да қуатты болуы үшiн барлық мүмкiндiктер бар. Жерiмiздiң асты да, үстi де байлыққа толы. Соны игерiп, елдiң әл-ауқатын көтеруге күш салар бiлiмдi ұрпақтарымыз да, құдайға шүкiр, жетерлiк. Осындай байлықты өз халқы­мыздың мүддесiне жұмылдыра бiлер болсақ, бiзден асқан бай, күштi, әлеуеттi ел болмайды. Әлемдi тұлпарының тұяғымен тiтiреткен ұлттың ұрпағы өзгелерден оқ бойы озық боларына кәмiл сенемiн.

– Олай болса, сенiмiңiзге сызат түс­пеуiне бiз де тiлектеспiз, Нұржұман аға!

Әңгiмелескен –

Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *