ЕЛШІ ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

78Мәңгілік ел идеясы жан дүниемізді жылытып,  жан-жағына жарық сеуіп, маз­дап жанған от секілді. Ол — біздің сеніміміз, ол — біздің  үмітіміз, ол — біздің басты мақ­сатымыз. Сондықтан да, Қазақ­стан аза­маттарының қай-қайсысы да оның жылуын сезініп, бағытын айқындап, күш-қуат алары сөзсіз.

Мәңгілік ел мәңгілік қозғалыста бола­ды. Алыс-жақындағылармен арала­сып, достық, туыстық қарым-қатынасын нығай­тып, тарихи тамырын тереңге жайып, мәдени байланыстарын өркендете береді. Міне, осы ретте, әдебиетіміз бен өнеріміздің әлемдік кеңістікке шығып, өзге елдерге та­ра­лып, жалпы, адамзат баласы­ның рухани игілігіне айналуы аса маңызды әрі үздіксіз жалғаса беретін мәңгілік шаралар болып табылары хақ.

Өткен жыл бізбен қоштасып, тарих жолындағы бір белес болып артта қалар тұста, нақтысын айт­сақ, 29 желтоқсан күні Қазақстан Республика­сының Түр­киядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ж.Түйме­баевтың бір топ қазақстандық қаламгер­лермен кезде­сіп, түрік тілінде жарық көрген қазақ қаламгерлерінің шығармаларын таныстырып, кітап авторлары мен мерейтой иелеріне, БАҚ өкілдеріне арнайы мара­паттар тапсыруы — Елбасымыз ұсынған Мәң­гілік Ел идея­сының аясында атқарылып жатқан елеулі іс-шаралардың бірі екендігі анық.

Кездесу барысында сөз сөйлеген елші мырза Қа­зақстан мен Түркия арасындағы саяси, сауда-эко­номикалық қарым-қатынастардың жоғары дәрежеде дамып отыр­ғандығына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар мәдениет пен өнер саласындағы байланыс ар­насының күн өткен сайын кеңейіп келе жатқандығын атап өтті. «Ұлы дала елі» ұстанған сындарлы саясаттың маңызды бір бағыты ретінде туысқан түрік халқына мәдени-әдеби құндылықтарымызды таныту ісіне ерекше көңіл бөлініп отырғандығын айта келіп, осы мақсатта өткен жылы Түркияда бірқатар мәдени шаралардың ұйымдас­тырылғанына баса назар аударды. Мәселен, қаңтар айында Ыстамбұл, Анкара, Ескишехир, Болу сынды ірі қалаларда қазақтың бұлбұл әншісі, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бибігүл Төлегенованың қатысуымен «Қазақстан мен Түркия достығы» атты концерт ұйымдастырылғанын баян­дап өтті. Кеш барысында Қарағанды облысы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық оркестрі және «Аққу» бишілер тобы өнер көрсеткен. Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне ар­налған басқосулар мен бірнеше концерттік бағдарламалар да түрік жұртшылығының көңілінен шыққан елеулі шаралар ретінде есте қалды. Ал Анкара, Қыршехир, Ақсарай қалаларында «Сүйінбай сазы» ансамблінің қатысуымен халық ақыны Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына арналған мерекелік концерттер болды. Түр­кияның астанасы  Анкарадағы бір көркем саябақ Сүйін­бай Аронұлының есімімен аталып, оның ашылу салта­натына Кечиөрен әкімі Мұстафа Ақ, Қазақстанның Түр­киядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түр­кия парламентінің депутаттары, танымал ақын-жазушылар, қоғам және өнер қайраткерлері, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастап барған арнайы делегация қатысты.

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған бірқатар жиындар мен халықаралық конференциялар ұйымдас­тырылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздік мерекесіне орай есімі өнерсүйер жұртшылыққа жақсы таныс скрипкашы Айман Мұсақожаева бастаған 180 кісілік шығармашылық топ шақырылды. Олардың Ыс­тамбұл, Анкара қалаларында өткен  концерттерінде әлем композиторларының танымал туындылары орын­далды.

– Біз қазақ әдебиетін шет елге таныстыру мақсатында жасалған аудармаларды, ең алдымен, Абай атамыздан бастадық. Ағартушы, философ ақынның 170 жылдығына орай өлеңдері мен қара сөздері жеке том болып жарық көрді. Қазақ хандығының 550 жылдығына және Ілияс Есенбер­линнің 100 жылдығына байланысты түрік және қазақ ға­лым­дарының атсалысуымен «Көшпенділер» роман-трило­гиясының үш томдығы түрік тілінде әзірленді. Мұқағали Ма­қатаевтың өлеңдер кітабы да Зафер Кибардың тың­ғылықты еңбегі арқылы тәржімаланып, тұсаукесері Қазақ­стан Жазушылар одағында  өтті. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы «Ғарасат майданы» деген атпен оқырман қолына тиді. Шығарманы түрік тіліне аударған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы Гүл­зада Теменова. Бұл кітаптардың бірқатарының ерекшелігі – қазақ және түрік тілінде қатар шыққаны.

Біздің әдебиетіміз өте бай, тарихымыз терең. Сондықтан көздеп отырған басты мақсатымыз – құнды мұрала­ры­мызды жүйелі түрде насихаттау, таныту арқылы Қазақ­станның мәртебесін көтеру, – деді жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев.

— Жаңа жыл қарсаңындағы тағы да бір жағымды жаңалық – Түркияның астанасында көрнекті қаламгер Мархабат Байғұттың түрік тілінде жарық көрген «Дауыс­тың түсі» атты әңгімелер жинағының тұсаукесер рәсімі болып өткендігі.

Көрнекті жазушының әңгімелер жинағы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі тарапынан қаржыландырылып, Еуразия Жазушылар одағының «Бенгу» баспасынан басы­лып шықты. Бұл кітапты аударған ғылым докторы Эльмира Қалжанова, баспаға ұсынған Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Мәлік Отарбаев. Аталмыш шараға халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Еуразия Жазушылар одағы, Түркі дүниесі өнерпаздары мен қаламгерлер қауымдастығы, Әлем жазушылары және зиялылары қауымдастығы, Түркі дүниесі сәулетшілері мен құрылысшылар қауымдастығы сынды шығармашылық орталықтардың өкілдері, бір топ зиялы қауым және журналистер қатысты. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ түркі әлемінде Мархабат Байғұт сынды қаламгерлердің көп емес екендігін, сондықтан да, мұндай талант иелерін әрдайым қадірлеп, қастерлеу керек екендігін баса айтты. Қазір Түркияда қазақ әдебиетін зерттеумен айналысып жүрген бірқатар ғалымдар бар. Солардың бірі – Гази университетінің ғылым докторы Жәмила Кынаджы. Оның қазақ романдары мен әңгімелерін арнайы зерттеп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Міне, осы кездесуде ол «Дауыстың түсі» кітабындағы әңгімелерге арнайы талдау жасап, Мархабат Байғұт шығармаларының ерекшелігіне тоқталды.

— Түркия мен Қазақстан арасындағы саяси-эконо­микалық қарым-қатынастардың дамуына қарай мәдениет және әдебиет саласындағы байланыс та күн өткен сайын нығайып келеді. Мәдени байланыстардың ішінде әдебиеттің орны ерекше екенін атап өту керек. Туыс әрі бауырлас екі халықтың әдебиетін бір-біріне таныстыру, екі елдің қаламгерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын жиындар мен басқосулар, әдеби кітаптардың аударылып шығуы әдеби байланыстарды одан әрі күшейтетіні белгілі, — деп атап өтті Жәмила Кынаджы ханым.

Түркияда шыққан жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне арнайы барып  қайтқан белгілі қаламгер Көлбай Адырбек: «Жазушы көп те, шын суреткер аз. Мархабат Байғұт сол суреткерлердің бірегейі. Ол екі дәуірдің жазушысы. Социа­листік қоғам мен Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық қатынасқа қалыптаса бастаған адамдардың тағдырын жан дүниелерінің құбылыстары арқылы тамаша жеткізеді. Қазақ оқырмандарына кеңінен танымал Мархабат Байғұттың әңгімелері мен повестері түрік оқырмандарының көңілінен шығары анық» деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің түркітілдес туысқан елдердің мәдениетін сақтау және дамыту мақ­сатында құрылған халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бірқатар жұмыстарына, соның ішінде өз елімізге қатысты іс-шараларының барлығына қолдау білдіріп отыратын­дығын айрықша атап өткеніміз абзал. Мәселен, Сүйінбай ақынның 200 жылдығына орай «Сүйінбай Аронұлы» атты өлеңдер мен эссе-зерттеулер жинағы түрік тіліне ауда­рылып, құрастырылды. Бұл қомақты еңбекті жазушы-ау­дармашы Мәлік Отарбаев дайындады. Еуразия Жазушылар одағы ай сайын шығарып отыратын «Кардеш Каламлер» журналының шілде айындағы саны тұтастай Сүйінбай ақынның өмірі мен шығармашылығына арналды.

Ғаббас Қабышұлының 80 жылдық мерейтойы қар­саңында «Көңілдің көгінде» атты кітабы және Әзиз Несин­нің 100 жылдығына орай кезінде осы Ғаббас ағамыз тәр­жімалаған түрік сатиригінің бір топ әңгімелері «Нау емене?» деген атпен жарық көрді.

Ақын Темірхан Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» атты өлеңдер жинағы түрік, қырғыз және қазақ тілдерінде жеке том болып шықты. Оны қырғыз, түрік тілдеріне аударған – қырғыз ақыны Қожагелді Құлуев пен жазушы, аудармашы, республикалық «Серпер» жастар сыйлығының иегері Мәлік Отарбаев.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2015 жылды түрік жазушысы әрі драматургы  Халдун Танердің және хакас жыршысы Семен Кадышевтің жылы деп жариялағаны түркітілдес елдерге жақсы мәлім. Міне, осы шаралардың аясында түрік қаламгері Халдун Танердің «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» атты кітабы тұңғыш рет қазақ тіліне тәр­жімаланып, жеке кітап болып жарық көрді. Түрік жазу­шысының бір топ әңгімелері мен пьесасын белгілі жазушы Нұрғали Ораз бен Мәлік Отарбаев тәржімалады.

Елші мырза жыл бойы атқарылған іс-шараларды қоры­тындылай келе, оларға  атсалысқан азаматтарға алғыс біл­діріп, Халықаралық «Алаш» және Махмұд Қашқари атын­дағы сыйлықтардың иегері, жазушы, драматург Нұрғали Оразға «Халдун Танер» атындағы, жазушы Ғаббас Қабыш­ұлына және Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы елшісі Мәлік Отарбаевқа «Қазақстан мен Түркия достығы» медалін табыс етті. Сондай-ақ, «Қаламгер-медиа» ЖШС-нің бас директоры Ж.Әшімжан, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Ж.Кенжалин, «Ана тілі» газетінің бас редакторы С.Ибраим, «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп және бас редактордың бірінші орынбасары Б.Бейсенұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қ.Сәрсенбай және бас редактордың бірінші орынбасары Ә.Әуелбек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Ш.Паттеев, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы А.Есали, «Жас өркен» ЖШС бас директоры Ж.Қорғасбек, «Балдырған» журна­лының бас редакторы Д.Мағлұмов, «Ақжүніс-Астана» журналының бас редакторы С.Әбединова, «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Ж.Елшібаеваны және басқа да БАҚ өкілдерін арнайы алғысхаттармен марапаттады.

Кездесуде белгілі қазақ қаламгерлері Ғаббас Қабышев, Смағұл Елубаев, Рафаэль Ниязбеков, Мархабат Байғұт, Ғалым Жайлыбай, Берік Шаханов, Мамытбек Қалдыбай, Әділғазы Қайырбеков сөз сөйлеп, елшіге шын жүректен алғыс айтты.

Ж.ЫНТЫҚБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close