Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Александр Винокуров пен Зүлфия Чиншанлоны Олимпиададағы iрi жеңiстерiмен құттықтады

Лондон – қазақ спортшылары үшiн өте сәттi басталды. Екi күнде екi алтын. Өңiмiз түгiлi, түсiмiзге кiрiп-шықпаған дүние. Олимпиаданың соңғы күндерiнде ғана жарқ ете қалатын алтын дуы басым доданың шымылдығы түрiлген күннен-ақ қоржынға түсе бастады. Оны атақты велошабандоз Александр Винокуров пен қаршадай ғана зiлтемiршi Зүлфия Чиншанло еншiледi. Қазақ спортшыларының әлеуетiн көру үшiн Лондонға аттанған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «су жаңа» Олимпиада чемпиондарын қабылдап, құттықтап үлгердi. Қазақ спортшыларына демеу беруге арнайы Лондонға аттанған «нөмiр бiрiншi жанкүйер» Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жүлденiң ыстығы басылмай жатып, Александр Винокуровқа:

«Мәртебелi велододада топ жарғаныңмен құттықтаймын. Сен тек Олимпиададағы алғашқы алтынды сыйлап қана қоймай, барша қазақ спортшыларын жүлде үшiн таласуға жiгер бердiң. Қаншама қазақ жанкүйерлерiнiң үмiтiн ақтадың», – дедi.

Винокуровтың жеңiсiнiң iзiн суытпай, кезектi алтын медальдi иеленген Зүлфиямен кездесуде:

«Сенi ХХХ Олимпиада ойындарындағы сенiмдi жеңiсiңмен құттықтаймын. Сен өз қарсыластарыңнан озып қана қоймай, әлем рекордын да жаңарттың. Сенiң табандылығыңның арқасында қазақ спортшыларының алтын медалi еселене түстi. Күллi қазақ жұрты сендей спортшысымен мақтанады. Саған болашақта тек жеңiс тiлеймiн», – деп жылы лебiзiн бiлдiрдi.

Лондондағы халық «Қазақстан деген мықты ел бар екен» деп таңданысып жүр дейдi. Екi күнде екi бiрдей алтын алып, Әнұранымыз әуеде қалықтап тұрса, таңданбағанда қайтсiн?! Бұл – Лондондағы алғашқы жетiстiктерiмiз деп бiлейiк.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *