Елбасы Алматыдағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда сап түзеген Құрметті қарауылмен бірге 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ Мемориалындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына бір минут үнсіздік арқылы тағзым етті.

Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушы­ларға арналған құттықтау сөзінде қазақстан­дықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Қазақстаннан майданға 1 миллион 800 мың­нан астам жауынгер аттанды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл еңбеккерлері майданға қару, азық-түлік және керек-жарақ жөнелту үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.

– Біздің аталарымыз революция мен репрес­сияны, әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Ал біздің ұрпақ бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен еркін әңгімелесті.

– Сіздер жанымызда жүргенде, біздер – балаларыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіздерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуге дайын болуды  үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және жақсылық тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *