ДОСЫ КӨП ЕЛ – МӘҢГІЛІК

Қазақстанда тұратын  өзге ұлт өкілдерінің  халықтық өлең-жырлары

44Оразақын АСҚАР

 

ТАТАР  ХАЛЫҚ  ЖЫРЛАРЫ

ЖЫРЛА,  ЖЫРЛА

Жырла десең мен жырлайын,

Тыңда десең тыңдайын.

Айтқаныңды орындауға,

Айтшы мендей кім дайын?

 

Дәмді асқа да бір тоярсың,

Жырды қайтып қоярсың.

Келістіріп кел жырлайық,

Ұйқыдан қыз оянсын.

 

Жырдың мәнін жас аңғарсын,

Жырлауға ол да қамдансын.

Сайрағанын қоя салып,

Бұлбұл тыңдап таңдансын!

 

Не жетеді бұл өнерге,

Жаққан оты сөнер ме?

Жырлап-жырлап біз кетерміз,

Жырға ажал төнер ме?!

 

Өнерім бұл жаста үйренген,

Құралған еске түйгеннен.

Ақындықпен жырлағам жоқ,

Жырладым сізді сүйгеннен.

 

Алтыннан да болар жүзік,

Күмістен де болар жүзік.

Қыз көркіне қызыққанда,

Жырлап жіберер жігіт!

Көптен кезек бір тигенде,

Ғашық боп жүрек сүйгенде.

Мен жырламай кім жырлайды,

Сіз тыңдап бас игенде?!

 

Жыр да дертіңді дауалар,

Қайғы-мұңды қуалар.

Жылап көңіл жұбанбайды,

Жырлап қана жұбанар!

Жырлар ауылдың жастары,

Қосылғанда бастары.

Ой жіберген аңғарады,

Жырдың да бар астары…

Жырым салса бір ой саған,

Мен қуанып жай табам.

Сөзбен айта алмағанды,

Жырмен саған айта алам.

Сыймайтын мол жыр кенішім,

Болса да қанша кең ішім.

Жырлап, жырлап жіберемін,

Жылап жібермеу үшін.

Бас қостырды той бағымыз,

Кездесерміз тағы біз.

Біз жырламай кім жырлайды,

Жырлайтын жас шағымыз.

Жол бойында  тұр бәйтерек,

Саясы күнде керек.

Жырлап өтпеген өмірің,

Айтшы, кімдерге керек?

Елге керек жыр қашанда,

Мәртебе боп жүр маған.

Үш күн, үш түн жырласам да,

Бір жырды екі жырламан.

Көйлегім де аппақ шығар,

Ақ киетін шақ шығар.

Жырлап жүрсем көңілім бүгін

Әлденеге шат шығар.

 

Г А Р М О Н Ш Ы

 

Алуан түрлі әнге бассын,

Гармон қолдарыңызда.

Раушан гүлдер шешек атсын,

Жүрген жолдарыңызда.

Ақ жейдеге ерекшерек,

Жарасады ақ бәтес.

Нағыз жігіт болу керек,

Не гармоншы, не әртіс.

Гармоншы, тым жақсы ойнайсың,

Ойнап кімді ойлайсың?

Тыңдаудан біз жалықпаймыз,

Сен де ойнауға тоймайсың.

Талян гармон тартып жатыр,

Жастар өзен бойында.

Қыз көп киген қызыл, жасыл,

Бір ғана сен ойымда.

Гармоншылар гармон тартып,

Еділ бойын бойлайды.

Әуеніне бойым балқып,

Сені ойлатпай қоймайды.

Гармоншылар қалдырып таң,

Гармондарын тартады-ақ.

Олардың он саусағынан,

Сорғалайды махаббат.

Гармоншылар гармондарын

Ойнайды тартып-тартып.

Жетпейді оған бұлбұлдарың,

Гармоншы одан тіпті артық.

 

Гармоншы әсем киім киер,

Алғысқа да малына.

Гармоншыны күндеушілер,

Ие болсын жарына.

Қолдарында гармон бар,

Гармоншыда не арман бар.

Қыздарыңа сақ болыңдар,

Айрылып қалмаңдар!

Қолға жаңа гармон алып,

Бардым дария бойына.

Сен қосылсаң әнге салып,

Шаршау келмес ойыма.

Біздің гармон нені айтар,

Нені ойласаң соны айтар.

Гармон тартпай гармоншылар

Қыздарды неге мұңайтар?

 

С А Й Р А,  С А Й Р А

 

Сайра, сайра, сандуғашым,

Үніңе орман жаңғырсын.

Қайғы, уайым, мұң қалмасын,

Жас жүрекке жан кірсін.

 

Сайра, сайра, сайра бұлбұл,

Сайра, бұлбұл, бақшада.

Сәл де болса көңіл құрғыр,

Жақсы ғой тыным тапса да.

Сандуғаштар сайрар таңда,

Қонақтап жас бұтаққа.

Сырласатын күн болар ма,

Кіріп ыстық құшаққа.

Жем шашып ем сандуғашқа,

Келді кілең көгершін.

Жігіт кеп жүр сенен басқа,

Өзің қашан келерсің.

Сандуғаш көшер бірден-бірге,

Қайың, тал, терегіне.

Сағыныш көшер жүздеріме,

Жүзімнен жүрегіме.

Сандуғашты тыңдай, тыңдай,

Толқып мұңлы жас жаным.

Сағынып сені ойлай-ойлай,

Өзім сайрай бастадым.

Сандуғашым, сайра, сайра,

Сайрауың жанға пайда.

Сайрағанда айтып сайра

Сүйіктім менің жүр қайда?

Сандуғашың мен болайын,

Сайрап саған қонайын.

Айлық емес, жылдық емес,

Өмірлік жар болайын.

Сандуғашым, сен гөзелім,

Көрмей қалай төземін.

Сен есіме түскен кезде,

Үзіле жаздар өзегім.

Сайрап сандуғаш болайын,

Төстеріңе қонайын.

Екеуіңе бірдей жаным,

Қайсысыңа болайын.

Қарлығаш келер ызғар кетсе,

Сандуғаш келер жер кепсе.

Ұлдар келер уақыт жетсе,

Қыздар келмес бір кетсе.

Қара қасым, қарлығашым,

Сайраған сандуғашым.

Күннен-күнге мың құлпырып,

Жүректі жандырасың.

Біз өкше билеп құртпасын,

Үйіңнің едендерін.

Шымшық болып шықпасын,

Сандуғаш дегендерің.

Сандуғаштың балапаны,

Қонып сайрар тал таппас.

Көңілім сені жаратады,

Сенен артық жар таппас.

Сайра, сайра, ей сандуғаш,

Сайрап мұңлы көңілді аш.

Сайрауыңнан гүл жымисын,

Шешек атсын алма ағаш.

 

Басы өткен санда.

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *