Денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыс көп

№5 емханада сайлауалды жиын өттi

Президент сайлауы күн санап жақындаған сайын соңғы айналымға iрiктелiп шыққан мемлекет басшысына үмiткерлер сайлауалды үгiт-насихат жұмыстарының көрiгiн қыздыра түстi. Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өткен БАҚ өкiлдерiмен кездесуiнде өзiнiң сайлауалды жарнамалық насихатымен айналыспайтындығын, Тәуелсiздiктiң 20 жылдығында атқарылған қыруар шаруалардың арқасында қол жеткен экономикалық жетiстiктер қалың жұртшылықтың көз алдында екендiгiн айтты. Дегенмен, елiмiздiң қай өңiрiнде болмасын қарапайым халық әлеуеттiң әл-ауқатының артуын бүгiнгi Елбасының атымен тығыз байланыстырады.

Қазiргi таңда алып шаһар тынысына тынбай үлес қосып жатқан көптеген мекеме-кәсiпорындарда Президенттiкке үмiткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаған қалалық қоғамдық штаб мүшелерiнiң еңбеккерлермен жүздесуi өтуде. Осындай ел-жұртпен тiкелей сұхбаттасу мақсатында кеше Республикалық демократиялық бiрiккен коалиция белсендiлерi қалалық №5 емханаға келдi және дәрiгерлермен емен-жарқын әңгiмелестi.

Халық денсаулығы – дербес елiмiздiң стратегиялық мақсаттарға жетудегi табысының ажырамас құрамдас бөлiгi. Денсаулық сақтау нысандарын көптеп тұрғызу және оның материалдық базасын жабдықтау, қажеттi мамандарды даярлау, жалпы салауатты өмiр салтын қалыптастыру жөнiндегi кешендi шаралар 2020 жылға қарай ана мен бала өлiмiн екi есе төмендетiп, құрт кеселiне шалдыққандарды 20 пайызға азайтуы тиiс.

2010 жылы қаладағы денсаулық сақтау саласын дамытуға 45,6 млрд. теңге жұмсалды. Алғашқы медициналық-саниатрлық жәрдем көрсету орталықтарына барлығы 1 млн. 545 мың адам бекiтiлдi. Мұның өзi қала халқының ресми санынан 10 пайыз жоғары. Сонымен қатар, қосымша қаржы көлемi инвестицияланды. Жыл басында «Көкжиек», «Шаңырақ-2» ықшамаудандарында 200 емделушiге арналған емханалар ашылды. Сондай-ақ, Бостандық ауданында емхана, жедел жәрдем ауруханасы және туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берiлдi. Қалалық перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталды. Өткен жылы 16 денсаулық сақтау нысанына күрделi жөндеу жүргiзiлдi. Екi көп салалы аурухананың құрылысы кестеге сәйкес жалғасуда. «Осындай игiлiктi iс-шараларды тiлге тиек еткен қалалық қоғамдық штабтың жетекшiсi Рахман Алшанов мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауынан туындаған тапсырмаларға да жан-жақты тоқталды.

Денсаулық саласынан қаржыландыру 2002 жылы iшкi жалпы өнiмнiң – 1,9 пайызына тең болса, 2010 жылы – 3,2 пайызға дейiн ұлғайған. Елiмiзде жетекшi шетелдiк клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары жұмыс iстеуде. 2013 жылы бiртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн енгiзу аяқталады. 2015 жылға дейiн 350 дәрiгерлiк амбулаториялар, фельдшерлiк-акушерлiк тiректер ел игiлiгiне ұсынылатын болды.

– Осындай жетiстiктердiң барлығы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының жемiсi. Сондықтан, тығырыққа тiрелген қиын кезеңде жол таба бiлген кәнiгi саясаткер Нұрсұлтан Әбiшұлының кандидатурасын қолдап дауыс беруге бiр кiсiдей жұмылуымыз керек, – дедi ардагер дәрiгер, қоғам қайраткерi Нина Аюпова.

«Өтпелi кезеңде өмiр сүруден сақтасын» дейдi небiр экономикалық ауыртпалықты бастарынан өткiзген қытайлықтар. Сонау қиын-қыстау елең-алаң жылдары ел-жұртын адастырмаған Елбасымыздың қасынан әрдайым табыла бiлейiк. Нұрлы келешек – Нұрсұлтанның еншiсiнде.

Алмасбек НҰҒМАНОВ,

қалалық қоғамдық штаб мүшесi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *